Өнер • Бүгін, 08:12

Өмір кемесі

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жастық кезең ғұмырдың ең бір сәулелі, шуақты шағы емес пе? Осы бір отты кезең кенеп бетінде көбіне нақты образ, романтикалық кейіп немесе ностальгиялық сарын арқылы көрініс тауып жатады. Суретші Сұлтан Аманжол «Жастықтың кемесі» атты абстракциялық картинасында бұл ұғымға өзгеше қырынан келген. Туындыгер белгілі бір кезеңді суреттеумен шектелмей, жастықтың рухын, ішкі ырғағын, адам жанының алауын көркемдік кеңістікке алып шығуға ұмтылады.

Өмір кемесі

Бәлкім, суретші үшін абстракция тек формадан бас тарту емес, айтар ойды ықшамдап, сезімді қоюлатып жеткізудің тәсілі шығар. Картинада жастық шақ үнемі қозғалыста тұратын тоқтаусыз қуат, үздіксіз ізденіс, өмірге құштарлық, ішкі жалын секілді елес береді. Бір қарағанда шығармада нақты оқиға, айқын сюжет жоқ. Бірақ бұл оның мағыналық салмағын жеңілдетпейді. Кері­сінше, суретші абстракция тілі арқылы жастықтың күрделі болмысын тереңдете түседі. Кенептегі адам сұлбалары шартты, кейде анық, кейде көмескі. Мұны біз – жастықтағы өзін-өзі іздеу, тұлғалық қалып­тасу үдерісінің көркем баламасы деп топшыладық. Фи­гура­лар бір-бірімен тікелей байланыспағандай көрін­ге­німен, олардың бәрін бірік­­­тіре­тін ортақ ырғақ бар. Бұл – бір дәуірдің, бір буынның ішкі толқыны. Әр бейне – жеке тағдыр, жеке ой, бірақ барлығы бір кеңістікте, бір энергетикалық ағыста өмір сүріп жатыр.

«Картинаның төменгі бөлі­гінде су кемесінің элемент­терін елеусіз беріп өттім. Дүниені алып кемеге теңесек, сол кеменің уақытша қонағы екенімізді, жарысып жүріп жалғаннан көшетінімізді көрсеттім. Картинаның ор­таңғы бөлігінде ию-қию жал­ғасып жатқан сары жолақ­тар адамның бес саусағын бейнелейді. Кейіпкерлердің бірінің сапары енді басталса, бірі жолайрықта тұр. Олардың бәрінің қуат алар, еске түссе егілер отты нүктесі жастық шақ, бала дәурен. Бұл картина алдында тұрған адам өзін сырттай бақылаушы ретінде емес, ішкі әңгімеге тартылғандай сезінсе деймін. Әр көрермен кенептен өз жастығын, өз күйін, өз сұрағын таба алса игі. Біреу үшін бұл – өткен шақтың елесі, біреу үшін – бүгінгі жан күйі, енді біреу үшін – алда тұрған кезеңнің белгісіздігі болуы мүмкін. Картинада романтикадан гөрі шынайылық басым ба деймін. Бұл – жастықтың тек қуаныштан тұрмайтынын, оның ішінде күрес пен толғаныс та бар екенін мойындау», дейді Сұлтан Аманжол.

Шығармада уақыт кеңістігін тілгілеп бара жатқан алып кеме тағдыр ағысымен жыл­житынын, дегенмен оның бағытын ай­қындау әр адам­ның өз таңдауын­да деген тұжы­­­рымды алға шығарады. Ком­позицияда өмір­дің үздіксіз күрес екені, түстердің құбылуы мен формалардың шартты берілуі жастықтың бір сәттік емес, уақытпен бірге өзгеріп, толығып отыратын күй екенін меңзейді. Абстракциялық шешім көрерменді нақты бір образға байламай, әр адамға өз өмір жолын, өз «кемесін» елестетуге мүмкіндік береді. Кенеп ішінде тыныштық жоқ, бәрі қозғалыста. Сызықтар ирелеңдеп, пішіндер бір-біріне еніп, қайта бөлінеді. Көрер­меннің көзі бір нүктеде тоқ­тамайды, кенеп бойымен үнемі қозғалып отырады. Осы қозғалыс арқылы суретші уақыттың өтпелілігін, жас­тықтың бір сәтке де тұрақ­тамайтын мінезін сезін­діреді.

«Картинадағы түстер ше­ші­мі – шығарманың бас­ты көркемдік өзегі. Қызыл, сары, көк, қоңыр реңктер бір-бірімен қақтығысып, кейде үйлесіп, кейде қарсыласады. Бұл – жастыққа тән ішкі қайшы­лық­тардың, сезімдердің алмасуы. Қызыл мен сары түстер өмірге құштарлықты, еркін әрекетті, ішкі отты білдірсе, көгілдір реңктер арман мен қиялдың, болашаққа деген сенім­нің белгісіндей. Ал қара және қою түстер жастық шақта да болатын күмән мен мазасыздықты аңғартады. Бірақ бұл қараңғылық үмітті тұмшаламайды. Керісінше, ол жарық түстердің әсерін күшейтіп, картинаға тереңдік береді. Автор жастықты тек албырт шақ, алау сезім ретінде ғана емес, адам ғұмырының тұтас философиялық моделi ретінде ұсынады. Балалық­тың аңғал арманынан бас­тап, жастықтың тәуекелге толы кезеңін, кемел шақтың жауап­кершілігін, тіпті бола­шаққа бағытталған белгісіз межелер де шығар­маның бойына сыйып тұр», дейді өнертанушы Балжан Заманбекова.

Жүрек уақыттан бұрын соғып, арман ақылдан озып тұрған алау шақта жасалған бір тәуекел тұтас өміріңнің бағы­тын айқындауы мүмкін ғой. Автор жастықтың бүкіл ғұмырға әсер ететін іргелі кезең екенін көркем тілмен баян­дап, өткенге сағынышпен көз тастаған көрер­менді өз кемесінің қай бағыт­та жүзіп бара жатқанын пайым­­дауға шақыратындай.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Жетісудың бал қымызы

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Дрон жасаған инженерлер

Технология • Бүгін, 08:45