13 Мамыр, 2015

Қанша құрмет көрсетсек те қарызымыз өтелмес

312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дариға Назарбаева «Астана Опера» театры ұжымымен бірге ардагерлерге қайырымдылық концертін ұйымдастырды

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына жеткен аяулы ардагерлерге биыл көрсетіліп жатқан құрмет пен қошеметтің бар түрі де жарасымды болып тұр. Өз кезегінде ақ самайлы ардагерлерімізге «Астана Опера» театрының оркестрі мен хоры Дариға Назарбаевамен бірге ерекше концертті сыйға тартты. Ол концерттің телевизиялық нұсқасын «Хабар» арнасы көрермен назарына ұсынды.

Қалай десек те, хас таланттар мен қасіреттті тағдырлар тудырған майдан әуендері Дариға Назарбаеваның жүрегіне ерек жақын екенін біле­міз. Егер елдің есінде болса, Дари­ға На­зар­баеваның ең алғашқы жеке концерті де 2001 жылы Ұлы Жеңіс­тің құрметіне арналған болатын. Шын­дығында да талантты, дарынды жан жыл сайын осы үрдісті жалғастырып, өзінің ерекше құрмет тұтатын тың­дар­мандарына қайырымдылық кон­церттерін өткізіп тұруды дәстүрге айналдырды. Одан түскен қаражат та Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қорына түсіп отырады.

«Ұлы Жеңіске арнау...» атты кон­церттің әрбір әні ғасыр тудырған әуен­дерден құралып, тыңдаушыларын шексіз эмоцияға шомылдырып, көздерге бүгінге тәубе айтқан қуаныш пен кеше­гімізге салауат айтқан сағыныштың жасын үйірді. Майдан мелодиялары оларды бірде махаббат пен соғыс сұрапылы арпалысқан жастық шаққа саяхат шеккізіп, бірде қан­дыкөйлек жолдастарымен қауыш­тырып, бірде осы күнге жеткізген жазмыштың қуанышына бөледі. Концертті Дариға Назарбаева «Ана туралы баллада» әнімен ашты. Сөзін ақын А.Шамкенов жазып, әнін сазгер Ж.Сейілов шығарған туындыны меццо-сопрано дауысты дарын иесі әдемі орындап, өзінің аға буынға деген шексіз де шынайы алғысын білдірді. Осылайша тарихқа тағзым етті, бір сәт болса да аяулы ардагер­лері­мізге ерекше көңіл-күй сыйлады. Омыраулары орденге, кеуделері қазыналы естеліктерге толы батагөй қария­ла­рымыз талантты қыздарына риясыз қол соқты. Мәңгілік айтыла беретін, ешқашан ескірмейтін майдан әндері, Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктен туған шығармалардың барлығы да өлмей­тін нағыз махаббаттың құді­­­­ре­тімен суарылған. Сондықтан да хас таланттар тудырған концерттік бағдар­ламаның талғампаз репертуары тыңдау­шы­ларының да көңілінен шықты. Өйт­кені, осынау концертте әрбір әннің өз тағдыры болса, орындаушылары да оны жүрегімен жеткізді. Бүкіл бір дәуірдің қуанышы мен қасіреті алмасқан драмасы әннің тілімен ардагерлерге тарту етілді. Әсіресе, ардагерлерге «Қайықта», «Әнім сен едің» және «Ауылым» мен құлаққа жылы тиетін «Синий платочек», «Жди меня», «В городском саду», «Смуглянка», «Старый парк», «Старинный вальс», «Вальс о вальсе», «Песни издалека» сияқты үлкен орындаушылық шеберлікті талап ететін тамаша әндер аға буынға естен кетпес үлкен әсер сыйлады. Концерт әдемі естеліктермен өріліп отырылды. Концертке «Астана Опера» теат­рының музыкалық жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Абзал Мұхитдинов дирижерлік етіп, сахналық қойылымдарды Қор­ғаныс министрлігінің Орталық ансам­блінің музыканттары мен бишілері көркемдеді. Әйгілі пианист Тимур Урманчеев «Қараторғай» арқылы музыкалық шеберлігін паш етті. Оның үстіне бүгінде салтанаты ке­ліскен «Астана Опера» залы мен театр­­дың айтулы солистері концерт­тің сал­мағын асырды. Дариға Назарбаева замана әуендері шырқалып жүрген әрі мемлекетіміздің де мақта­нышы болып табылатын осынау бекзат сахнаның саңлақтары – Медет Шотабаев, Мейір Байнеш, Андрей Трегубенко, Азамат Жыл­тыркөзов, Игорь Благодарный сынды нағыз таланттармен бір дең­гей­де шырқап, ардагерлеріміздің қоше­ме­тіне де бөленді, батасын да алды.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».

 АСТАНА.