13 Мамыр, 2015

Жобаларды басқарудың жаңа қырлары

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік басқарудағы жоба-менеджмент» тақырыбындағы үш күндік семинар басталды. Ол «А» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жобаларды басқарудың маңызды элементтерін үйренулеріне арналды.

Семинарға еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында қызмет атқаратын «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері қатысып жатыр. Академия ректоры Болатбек Әбдірәсілов өзінің құттықтау сөзінде семинардың маңыздылығы мен өзектілігін, мемлекеттік қызметшілерге халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, жоба-менеджменттің тетіктері мен технологияларын жан-жақты зерделеуге мүмкіндік беретініне тоқталды. Ол сонымен бірге қатысушылардың құрылымдық жоба-менеджмент пен PRINCE2 жүйесінің қағидаттарын ұғыну арқылы жобаларға және мемлекеттік сектордағы жобаларды басқару кезеңдеріне елеулі үлес қоса алатындығын атап өтті.

Семинарды Ұлыбританиядан келген жетекші халықаралық сарапшы Пол Энтони Брэдли жүргізуде. Ол SPOCE Project Management Ltd бас директоры болып қызмет атқарады. Ал PRINCE2 жүйесі бойынша жоба-менеджентті енгізу саласында 20 жылдан аса жұмыс тәжірибесі бар.

Семинар барысында жобаларды басқару кезінде маңызды шешімдер қабылдау сәттері, PRINCE2 құрылымы, жетістікке жету критерийлері, сондай-ақ жобаларды басқару, атап айтқанда жобалық комиссияға тағайындау кезіндегі басты элементтер қарастырылады. Қатысушылар жоба-менеджменттің деңгейлер жүйесінің дизайнын критерийлерімен бірге талқылайтын болады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында құрылған Жобалық басқару орталығы мемлекеттік қызметшілер үшін тиісті оқыту бағдарламаларын әзірлеумен, сондай-ақ, жобалық менеджмент қағидаттарын мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу мәселелерін зерттеумен айналысады.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».