Қазақмыс өзінің барлық кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі шараларына ерекше екпін берді
Корпорацияның 2012 жылы қабылданған «Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек қорғау туралы» бесжылдық стратегиясында өндірісте жарақат алу фактілерін кезең-кезеңімен төмендету және мұндай оқиғаларды нөлдік деңгейге дейін жеткізу жоспарланған. Бір сөзбен айтқанда, 2017 жылға таман Қазақмыс кен-металлургия өндірісін мүмкіндігінше қауіпсіз еткісі келеді.
Корпорация басшылығы әр жыл сайын осы мақсатқа арнап едәуір көлемде инвестициялар бөледі. Ол қаражат өндірісті жаңғыртуға, еңбекке қауіпсіз жағдай туғызуға, қазіргі заманғы жеке қорғаныш құралдарын сатып алуға, еңбек қорғауға қатысты түрлі тәуекелдерді мейлінше төмендетуге жұмсалады.
Алайда, тәжірибенің көрсеткеніндей, тіпті өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы осындай кең ауқымды шаралардың өзі жеткіліксіз екен. Балқаш пен Жезқазған кен байыту фабрикаларында жуықта болған екі қайғылы оқиға соның куәсі. Дүрліктірген адам факторынан туындайтын өз басыңның қауіпсіздігіне деген енжар көзқарас корпорация кәсіпорындарына өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі заманғы әдістерін енгізіп отырған еңбек қорғау саласындағы мамандардың күш-жігерін едәуір дәрежеде жоққа шығарады. Міне, сондықтан да, әрбір қайғылы оқиға кеңінен жарияланып, жан-жақты зерттелініп, Қазақмыстың жоғары басшылығының қатысуымен өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек қорғау жөніндегі арнаулы комитетте талқыға салынса да, әзірге өндірістегі жарақат алу оқиғаларын айта қаларлықтай азайтудың сәті түспей келеді.
Нақ осы жағдайға байланысты өндіріс жөніндегі директор Талғат Мағзұмов басқаратын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің орталық штабын құру туралы шешім қабылданды. Оған тікелей қолдан басқара отырып компанияның барлық кәсіпорнында еңбек қорғауды қамтамасыз ету жөнінде міндет жүктелді. Мұндай штабтар корпорацияның барлық филиалдарында жедел құрылды.
Таяудағы жоспар бойынша жұмысшы жиналыстары кең ауқымда өткізіліп, оларда өндірісті қауіпсіз жүргізудің нормалары мен талаптарын қатаң сақтауға ерекше екпін түсірілмек. Маңызды міндет – қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау негіздерін мүлтіксіз сақтау қажеттігін әрбір жұмысшыға дейін жеткізу. Осы түсіндіру жұмыстарына әлдебір себептермен жер астындағы қазба жұмыстарында немесе мыс балқыту цехтарында еңбек етуге жарамайтын корпорация қызметкерлері тартылатын болады. Штабтар мұның сыртында, негізгі өндірістен босап қалған жұмысшыларды осы іске қосады. Басты мақсат – кенші немесе балқытушы өз жұмыс орнына барып, еңбегін бастағанға дейін, қауіпті жұмыс орындарын анықтап, кемшілікті түзету. Байқалған ең кішкентай ақаудың өзі дұрысталмай, тиісті орында жұмыс жүргізілмейтін болады. Мейлінше қауіпсіз еңбек – бұл орталық штаб пен оның филиалдары жұмысының негізгі көкейкесті мәселесі.
Осы жағдайға байланысты «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директоры Бақтияр Крыкпышев былай деп түсініктеме берді:
– Осыдан үш жыл бұрын қабылдаған бесжылдық стратегиялық бағдарламамен біз жүргізіп жатқан өндіріс қауіпсіздігін сақтау шаралары сәйкес екендігін, жұмыстың бағдарлама бойынша іске асырылып жатқанын атап айтқым келеді. Қазір өндіріс қауіпсіздігіне жауапкершілікті күшейтіп, қатаң талап қоятын кезең жетті деп есептеймін. Біздің штабта күнделікті атқарылып жатқан жұмыстар жұмыскерлерден қолдау тауып, бізге жақын арада, қысқа мерзімде еңбек қауіпсіздігін сақтау саласында мақсатты оң нәтижелерге қол жеткізуге – корпорацияның барлық өндіріс орындарында жарақаттану мен оқыс оқиғаларды болдырмауға ықпал етеді деп үміт артамын, – деді.
Қазіргі таңда компания құрамында – он кеніш, бес кен байыту фабрикасы, екі мыс қорыту зауыты және екі көмір кеніші бар. «Қазақмыс» корпорациясы кен өндіру орындары мен оны сату деңгейіне дейін жеткізетін өндіріс орындарын басқарады. Өткен жылы катодтық эквивалентпен есептегенде алынған кеннен 295,2 мың тонна мыс өндірілген.
Сонымен қатар, Қазақмыс дүниежүзінде күміс өндіруден де алдыңғы қатарда. Өткен жылы 329 тонна аффинирленген таза күміс және 2946 килограмм сом алтын өндірілді. Корпорация өндіріс ошақтары орналасқан аймақтарға қажетті электрэнергиясын да қамтамасыз етеді. Корпорация құрамында 40 мыңдай адам еңбек етеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».