13 Мамыр, 2015

Құрмет тақтасы

525 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Даңқ» орденінің толық иегері Фазыл Әділбаевқа арналды Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасында Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Республикасы прокуратура жүйесіндегі бірден-бір «Даңқ» орденінің толық кавалері Фазыл Әділбевтың құрметіне мемориалдық тақта қойылды. Фазыл Әділбаев 1925 жылы 7 қарашада бұрынғы Семей облысының Жарма ауданы, Балажал ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 16 жасында Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, Беларусь майданында ұрысқа кіріп, Берлинге дейін барды. Майдандағы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағымен теңесетін «Даңқ» орденінің барлық үш дәрежесімен, сондай-ақ, «Ерлігі үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, Сталиннің жеке қолы қойылған алғыс хатымен, Жеңіс мерекесінде КСРО Қорғаныс министрлігінің сағатымен марапатталып, Мәскеуде өткен соғыс ардагерлерінің көптеген кездесулеріне қатысты. Соғыстан кейін Фазыл Әділбаев Жарма ауданының Терентьевка ауылына оралады. 1958 жылдан бастап өмірінің соңына дейін прокуратура органдарында қызмет етеді. Шығыс өңірінің Тарбағатай, Катонқарағай, Көкпекті аудандарында, Аягөз қаласында тергеуші болады. 1975 жылы 49 жасында дүниеден өткен ержүрек жауынгердің есімі Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылы мен Аягөз қаласындағы көшелерге берілді. Сонымен бірге, Семей қаласындағы Ұлы Отан соғысы батырлары аллеясындағы мәрмәр мемориалға аты-жөні ойылып жазылды. Облыстық прокуратура ғимаратындағы мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Өскемен қаласының әкімі Т.Қасымжанов, облыстағы ІІД басшысы Ж.Бақтыбаев, ҰҚК департаментінің басшысы А.Ақшаев, Мемлекеттік кіріс департаментінің жетекшісі Б.Айнабеков, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры И.Шацкий және прокуратура ардагерлері, мемлекеттік органдар жетекшілері мен мәслихат депутаттары қатысты. Құрмет тақтаны облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов, облыстық мәслихат хатшысы Григорий Пинчук және Өскемендегі №2 соттың төрағасы болып жұмыс істейтін Фазыл Әділбаевтың қызы Гүлнәр Әділбаева ашты. Жиынға соғыс ардагерінің туған-туыстары қатысып, шара соңында ас берілді. Думан АНАШ,«Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.