26 Маусым, 2015

Ептілер есе жібермейді

359 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қытайдың Хайнань аралында әлемге танымал «Намыс дода» спорттық-танымдық телешоуының түсірілімдері өтті. Ал маусымның басында Хайкоу қаласында (Хайнань аралының әкімшілік орталығы) әлемге танымал «Намыс дода» спорттық шоу-сайысы басталды. Қазақстандық спортшы­лар­­дың бір тобы әртүрлі спорт түр­лері бойынша әлемдік спорттық-танымдық телешоу ойынына қатысу үшін Қытайға жол жүріп кетті. Осы жылы ойынға Қытай, Венгрия, Франция, Алжир өкілдері қатысуда. Бұл ретте, Қазақстан 2007 жылы 4-ші орынды, 2008 жылы 2-ші жүлдені, 2012 жылы ойындардың бас жүлдесі – 1-ші орынды иелен­генін айта кеткен жөн. Еске сала кетейік, әрбір қа­ты­сушы елден оған танымал тұл­ғалар: спорт түрлері бойын­ша әлем чемпиондары, эстрада жұл­­дыздары қатысады. Қазақ­стан­дық құраманың бас бапкері – ере­жесіз жекпе-жек бойынша үш дүркін әлем чемпионы, Еуро­па мен Азияның чемпионы, ере­жесіз жекпе-жек бойынша әлем кубогының игері Ардақ Назаров. Әрбір бағдарламада эстрада жұлдыздарының арасынан қатысушыларды баптайтын команда капитандары таңдалады. Қатысушыларға жанкүйер болу үшін бірқатар қазақстандық эстрада жұлдыздары жолға шықты: Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Жеңіс Ысқақова, «МузАрт» тобы, айтыскер-ақын Төреғали Төреәлі, Мақпал Исабекова, Гүлнұр Оразымбетова, Рүстем Нұржігіт, Бейбіт Құшқалиев, «Денар» тобы, актриса және әнші Айгүл Иманбаева, актриса Әсел Сағатова, әнші Асхат Тар­ғынов, Ақылбек Жеменей, жүргізуші Нұрхан Қадырбаев, тележүргізуші және продюсер Ләйлә Сұлтанқызы, әнші жігіттер Сұлтан Күнтуған және Айқын Төлепберген, жүргізушілер Нұрлан Қоянбаев пен Асхат Са­дырбай. Жобаның бас продюсері – Гауһар Иманқұлова, атқарушы продюсері – Алтынбек Рахметов. Бір қызығы, биыл жобаның ережелері өзгерді. Енді қатысу­шылар әр ойын жарысында же­ңіс үшін барынша тер төгулері тиіс. Бұдан бұрын «Чемпион қа­бырғасы»  ойыны ұпайларды есептеу кезінде маңызды және шешуші болатын. Бүгінгі күні ұпай санын санау және алтын, күміс, қола медальдар әр ойын аяқталған сайын табысталып, ең соңында ойынның барлық кезеңдері бойынша жалпы ұпай саны қосылады. Шоудың телевизиялық нұс­қасы «Қазақстан» телеарнасынан алдағы күзде «Намыс дода» атауымен көрсетіледі. Айта кету керек, «Большие гонки» 1962 жылы Францияда «Intervilles» (қалааралық) атауымен шығып, әлемнің 30-дан астам елінде танымал болып, көптеген мемлекеттер қатысатын спорттық-танымдық телешоуға айналды. Ойындардың негізін сол жылдары Францияның президенті Шарль де Голль қалады, оның мақсаты халықтар достығын нығайтып, Еуропа жастарының көңілін көтеру еді. Жобаның аудиториясы 2 млрд. адамды құрайды, мұндай кең ауқым тек қана Олимпия ойындарында ғана жиналады екен. Бұл телевизия дамуындағы әлемдік барлық ағымдар мен ба­ғыттарға сәйкес келетін отандық теле­визиядағы ірі  көлемдегі және жоғары сападағы бірден-бір шоу болып табылады. Рауан ЕСҚАЛИ