26 Маусым, 2015

Бәсекеде қалай оза аламыз?

683 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
OLYMPUS DIGITAL CAMERAБатыс Қазақстан облысындағы «Жамбыл» шаруа қожалығының жетекшісі Болат АТКЕЕВПЕН әңгіме Еліміздің еңбеккер ерлері үшін нағыз бәсеке, шынайы бәсеке, жан алысып жан беріспегенмен тамшылатып тер төгіп, қолдан келген мүмкіндікті жіберіп алмайтын жойқын бәсеке енді келгендей. Республикамыздың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі мәселе: «Енді не болар екен?» деп әлдебіреулердің сырттай қызықтайтын шаруасы бола алмайды. Бұл көптің ісі. Көппен бірге көретін, көппен бірге бөлісетін нағыз ұлы той да осы болмақ. Бұған ауылдағы шаруа баққан ағайындарымыз да енжар, селсоқ қарай алмайды. Солардың бірі – Ақжайық ауданындағы «Жамбыл» шаруа қожалығының жетекшісі Болат АТКЕЕВ. Жұмыс десе жанын берген қазақтың нар тұлғалы азаматымен әңгімеміз Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі төңірегінде өрбіді. – Сіз Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Үндеуімен таныстыңыз ба? Бұл Үндеу сізге қандай әсер қалдырды? – Ең алдымен теледидар арқы­лы тыңдадым. Ал Үндеудің «Егемен Қазақстан» газетінде жа­рияланған мәтіні шалғай нүктеде, жазғы жайлауда жылқы бағып жүрген менің қолыма тек бүгін тиіп отыр. Оны зер салып, зейін қойып, бірнеше рет астын сызып оқып шықтым. Осы қысқа да нұсқа Үндеу мәтіні нардың жүгін емес, бүкіл елдің жүгін арқалап тұрғандай әсер қалдырды. Бұдан мен еліміздің алдында тұрған ауқымды жұмыстардың ауыр салмағын сезінгендей күй кештім. – Бөке, Мемлекет басшысы Үндеуде бұған дейін де айтылып жүрген бәсеке, бәсекелестікке төтеп беру деген үлкен де жау­апты сынға ерекше екпін түсіргенін аңғарған шығарсыз. Бұған не дейсіз? – Менің ұғымымда бәсеке өзгеге өзін мойындата білу, одан озып шығу деген сөз. Бәсеке біздің халқымызға жат ұғым емес. Осы алты әріптен тұратын сөздің алғашқы үш әрпі бәс делінсе бұдан әрі бәс тігу, бәстесу деген төл ұғымдар шыға келеді. Мұның бәрінің түп-төркіні мен тұқиянында және арғы астарында мерейі үстем болу, белгілі бір істің нәтижесі бойынша озық шығу деген ой шығады. Осы халықтық ұғымның бүгінде мәні мен маңызы одан әрі тереңдеп халықаралық сыйпатқа ие болып отыр. Біз өзара бәсекеде қай кезде де жолынан ешқашан жығылып көрмеген, әрі бұл істе намысын қолдан бермеген елдің ұрпағымыз. Қанымыз бен тегімізде бар осы қасиеттерімізді жарқырап ашатын сәт енді туды деген ойдамын. Қазіргі жағдайда бәсекелестікке қол жеткізуге әрбір отандасымыз бір кісідей ұмтылатын болса, бізге ДСҰ беретін артықшылықтарды пайдалана білетінімізді дәлелдеу аса бір қиынға түсе қоймайды. – Ендеше, осыған нақты қан­­­дай мысалдар келтіре алар едіңіз. – Біріншіден, бәсекеге түсе алатын, оған түсіп қана қоймай, осы бәсекеде оза алатын тұстарымызға баса назар аударуға тиіспіз. Егер қателеспесем, республикамызда мұндай ресурстар мен мүмкіндіктер көзі жеткілікті. Біз о бастан жылқы баққан, оны мінсе көлік, жесе ет, әрі сусын ретінде пайдалана білген халықпыз. Бұл тұрғыда ауруға ем, сауға қуат дәрі қымыз деп Жамбыл атамыздың жырға қосқан өлеңі бар емес пе? Бәсекеде оза білудің бір мысалы да дәл осы арада деп түсінемін. Бұл үшін жылқы өнімдерін өңдеуге мүлдем жаңаша мемлекеттік көзқарас қажет деген ойдамын. Қымыздың патентін немістер иеленіп кетіпті деп құр аттандап ұран салғанымызға біраз уақыт өтті. Ендігі жерде бізге пайда бермейтін мұндай бос сөздерді тыйып, қазы-қарта, жал-жая, бұқтырылған жылқы еті секілді брендімізді қорғап қалуға, осы арқылы дүниежүзілік сауда бәсекесінде озып шығуға бағыт ұстағанымыз орынды. Мысалы, Орал қаласындағы «Кублей» ЖШС қалбырдағы осындай жылқы еті өнімдерін таяу және алыс шетелдер нарығына шығарып жүргенін білеміз. Тек мұндай өрелі істердің өрісі кеңейіп, әзір өнімдерге қажетті шикізатты өз елімізден пайдалануға қам жасайтын болсақ, бұдан еш ұтыл­масымыз анық. Ұтылмау былай тұрсын, бәсекеден озып шыға­тынымызға да күмәніміз жоқ. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен  Темір Құсайын,  «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.