26 Маусым, 2015

Өзімізді қамшылауымыз керек

357 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
_DSC0256-1Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы ауыл шаруашылығы қызметкерлерін бейжай қалдырып отырған жоқ. Қостанай облысындағы «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран БҰҚАНОВ бұл қадамнан жақсы өзгерістер күтеді. – Сайран Балкенұлы, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Көптен бері ауыл шаруашылығын ұйымдас­ты­рып, басқарып келе жатқан өзіңізді бұл хабар қуантты ма? – Иә, естіп жатырмын, Қазақ­станның әр жасаған сәтті қадамына елімнің патриоты ретінде неге қуанбайын, қуандым. Бірақ Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуымызды естігенде ­қуа­нышпен қатар «Әрі қарай не істеу керек?» деген ой мазалап өткен­дей болды. Шаруа адамын мұн­дай іш­кі жауапкершіліктің құс-­ұйқы ететін әдеті ғой. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қазақстандықтарға жол­даған Үндеуінде халықаралық бұл ұйымға кіруімізді тарихи оқиға деп бағалады. Экономиканың да­муын бүгінгіден де бетер серпіл­тетін ықпалы болғандықтан ДСҰ-ға кіруіміздің маңызы зор деп түсінемін. – Алдымен бұл қадамнан ұтарымызға тоқтаңызшы. – Оның басы ашық қой. Қа­рапайым халыққа, тұтыну­шы­ларға жақсы, тауар арзандайды. Молшылық мұнан да көп болады. Жан-жақтан келеді, оның түрі де, түсі де молаяды. – Сіз әңгіме басында қуаныш­пен қатар, бұл хабардың шаруа адамын құсұйқы ететінін де айтып қалдыңыз. Неге? – Өйткені, қиыншылықтар ­болмай қалмайды. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеліктің маз­мұнының өзі бәсекеге түсу деген сөз ғой. Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнен дәл бүгін бәсекеде «бәйгемді шаппай бер» дейтін өнім – тек бидай. Барлық стандарттарға сай келетін, сапасы да, қамырлылығы да жоғары біздің астық Канада мен АҚШ секілді алпауыттардың өндір­ген бидайымен таласады, кейде олардан асып түседі. Мұны ішімізге тоқ санаймыз. Бірақ ауыл шаруашылығында, жалпы экономиканың басқа саласында өңдеу кәсіпорындары, өндірілетін тауар түрлері, ең бастысы олардың сапасының дүниежүзілік бәсекеде айы оңынан туа бермеуі мүмкін. – Бізде, тіпті, сапалы өнім өндірілмейді деуге бола ма? – Бізде сапалы өнімдер бар, олар тіпті ертең шетелден келетін тауарлардан артық та болуы мүмкін. Бірақ бізде тауарлардың өзіндік құны жоғары. Міне, әңгіме осында. Мен басқа саланы айт­пай-ақ, өзім ғұмырымды өткізіп келе жатқан ауыл шаруашылы­ғы­нан мысал келтірейін. Ет. Біз­дегі ірі қаралардың Әулиекөл мен Ақбас сиыр тұқымдарының мәрмәр аталған етінің сапасы, дәмі ешқандай ангусыңнан кем емес. Қайта жергілікті жердің шүйгін шөбін жегендіктен артық та болуы мүмкін. Бірақ біздегі етті өндірудің өзіндік құны жоғары. Жалпы, мал шаруашылығын дамыту, батыс елдеріне жеткізу үшін бізде атқарылатын шаруа көп. Мал ауруларына қарсы, ветеринариялық, санитарлық жұмыстар дамыған елдердегі деңгейге жетуі тиіс. Міне, осындай кілтипандар ертең алғашқы кезде алдымыздан шығады. Өңдеу кәсіпорындарының барлығы да осы өзіндік құнның жоғарылығынан да қиындық көреді. – Ол үшін не істеу керек? – Не істеу керектігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тынбай айтып келеді. «Озық технологиялар, озық жабдықтар алыңдар, сапалы өнім шығарыңдар, бәсекеге қабілеттілікті көтеріңдер» деп айтқалы қашан. Бізде сапалы ет, сүт өндіру, оларды ертең Еуро­па­ның арзан өнімдеріне қарсы қою үшін экономиканың қай саласын­да болсын шағын және орта бизнес­ті көтеру керек. Үлкен шаруа­шы­лық, алып зауыт салу міндетті емес шығар. – Сайран аға, ДСҰ-ға мү­шеліктің алғашқы жылдары көндігіп, үйреніп, бір қалыпқа түскенше не істеу керек? – Әр нәрсеге шынайы шын­дық тұрғысынан келуіміз керек. Елбасының өзі Үндеуінде өңдеу кәсіпорындарына оңай болмайтынын ашып айтты. Сол үшін өзімізді өзіміз қам­шы­лауымыз керек. Бәсекеге қабі­летті болуы­мыз үшін алдымен біз менталитеті­міз­ге де сын тұрғысынан қарай­тын кез жетті. Біз мемлекеттің көмегіне сүйеніп қалған әдеттен қанша уақыт өтсе де әлі де арылмай келеміз. Кәсіпкерлер жан-жақты ізденсе, ғылымның жетістіктеріне, батыстан келетін өзімізге қолайлы озық технологияларға құлақ түріп, оларды енгізсе, алға жылжиды. Со­сын тағы бір айтатыным, ол – тәр­тіп, еңбек тәртібі. Бізде бұл жағы да ақ­сап жатады. Батыс елдерінде бұлай емес. Біз еңбек тәртібін мәде­ниет дәрежесіне көтерсек, өзге ел­дер­дің жасағаны біздің де қолдан келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан тома­­ға-тұйық ел бола алмайды. Арала­сып, нарығымыз ашық болғанда ғана экономика да, тұрмысымыз да жақсарады. ДСҰ арқылы біз теңіз айлағы секілді ғажайып кеңістікке шығамыз. – Біздің елде ДСҰ-ға мүше болған өзге елдерге қарағанда артықшылық бар ма? – Әрине, бар. Біз өте бай елміз. Біздің жердің асты мен үстінде жоқ нәрсе жоқ. ДСҰ-ға мүше болғанда осы байлықтың шырайын шығарып, өңдеп, сапасын көтеріп экспорттап отырсақ болды. Дүниежүзілік сауда ұйымы бізге осы мүмкіндіктерді береді. Біз әлі өсіп-өркендейміз. – Соған жеткізсін деңіз. Рахмет. Әңгімелескен  Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы.