Маңғыстаудағы ауызсу түйткілі шешілді
Жұртшылықпен кездесуде Ерлан Қошанов Маңғыстаудың қуатты өнеркәсіптік әлеуетіне қарамастан, өңірде ондаған жылдар бойы тұрғындардың орынды наразылығын тудыратын мәселелер жиналып қалғанын атап өтті. Осыған орай, Мемлекет басшысы алты жыл бұрын бұл мәселелерді шешу және Өңірді дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды, оны іске асыруды ол өзінің жеке бақылауында ұстады. Барлық қажетті ресурстар бөлінді. Бүгінде жоспар толық орындалып, маңғыстаулықтар оның нәтижесін көріп отыр.
– Ең бірінші және ең өзекті мәселе ауызсу тапшылығы болды. Бұл мәселе Кеңес дәуірінде де, Тәуелсіздік жылдарында да толық шешілмеген еді. Ол мәселені өз шығармаларында Әбіш Кекілбаев та жазған болатын. Президенттің жүйелі қолдауының арқасында өткен жылы Маңғыстау ауызсу проблемасы толық шешімін тапты. Каспий су тұщыту қондырғысының қуаты артты, Түпқарағанда, Кендірлі мен Жетібайда жаңа су тұщыту қондырғылары іске қосылды, – деді Мәжіліс спикері.
Сондай-ақ өңірде электр қуатының үзілуі мен ажыратылуы тоқтады. Қазір баламалы энергия көздері жүйелі дамып келеді, соның ішінде Жаңаөзендегі бірегей гибридті электр стансасы бар. Мемлекеттің қолдауымен МАЭК жаңартылып, жылу және электр желілері жөндеуден өткізілуде.
Әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері кешенді түрде шешімін табуда. Кейінгі екі жылда «Келешек мектептері» жобасы аясында 13 заманауи мектеп салынды, жақын арада үш ауысымды мектептердің мәселесі толық шешіледі. Жаңаөзенде заманауи Оқушылар сарайы пайдалануға берілді, Ақтауда халықаралық стандарттарға толық сай келетін жаңа мұзайдын ашылды. Облыс орталығында жедел көмек көрсетуге арналған көпфункционалды орталық бой көтерді, ал Мұнайлы ауданында көпсалалы аурухана іске қосылды.
Президент тарапынан өңірлік экономиканы дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Жалпы алғанда Мемлекет басшысының жеке бақылауына алынған, облыстың экономикасын айтарлықтай әртараптандыратын 52 міндет бар. Атап айтқанда, алдағы алты жыл ішінде облыста 10 трлн теңге тұратын 55 инвестициялық жоба іске асырылады. Өңдеуші өнеркәсіп, логистика, туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобалар шамамен 10 мың жұмыс орнын құруға жол ашады. Жаңаөзенде салынып жатқан газ өңдеу зауытының да өндірістік әлеуеті зор.
Өз кезегінде өңір тұрғындары Маңғыстау облысына ерекше көңіл бөлгені және жергілікті халыққа көрсеткен қамқорлығы үшін Президентке шынайы алғыстарын білдірді. Бүгінде өңірде тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарып, азаматтар су, жылу және электр қуатының үзілуі сияқты проблемаларды ұмытты. Бұл облыстың әрі қарай тұрақты дамуы үшін берік негіз қалыптасқанын көрсетеді.

Кездесуде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңа Ата заң жобасы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке кіріскен алғашқы күнінен бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылған жүйелі реформалардың нәтижесі екенін атап өтті. Осы реформалар аясында баршаға тең мүмкіндік қамтамасыз етіліп, биліктің бір қолға шоғырлануы мүмкіндігі жойылып, заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жұмыстары қолға алынды.
– Осы қадамдардың өзегінде әділеттілік, теңдік пен бірлік идеясы тұр. Заң мен тәртіп соның берік іргесі болып қалануда. Бұл қоғамның санасына серпіліс берген басты құндылықтарымызға, негізгі қағидаттарымызға айналды. Жаңа Ата заң – осы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы әрі түпкі түйіні. Ең маңыздысы, мұның бәрі халықтың сұранысынан туындап отыр. Сондықтан елдің болашағына бағытталған баптар, преамбулада көрініс тапқан құндылықтар, халықтың қалауынан туған қағидаттар – бәрі Президенттің жүрегінен шыққан деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституцияда Мемлекет басшысының жылдар бойғы ой-толғамдары халықтың үнімен үндесіп тұр, – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс төрағасы ғаламдық тұрақсыздық күшейіп тұрған кезеңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатта сындарлы бағыт ұстанып, әлемнің барлық елімен серіктестік пен тең құқыққа негізделген қарым-қатынасты қамтамасыз етуге үлкен күш жұмсағанын ерекше атап өтті. Елге инвестиция тартылып, шет мемлекеттердің басшылары Қазақстанға келіп, ынтымақтастық орнатуға ниет білдіруде. Бүгінде жаһанда аумалы-төкпелі ахуал белең алған тұста ішкі тұрақтылық пен қоғамның бірлігі ерекше маңызды. Тек осы арқылы Қазақстан дамып, алға жылжи береді.
Сондай-ақ кездесу барысында Ата заң жобасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, цифрландыру және мемлекеттің әлеуметтік міндеттері мәселелері де көтерілді. Жергілікті тұрғындар жаңа Конституция парадигмасының ауысуы, жерасты қазба байлықтарына емес, адам капиталын дамытуға бағытталғанын талқылады. Енді еліміз тек минералды ресурстарға емес, интеллектуалдық әлеуетке, білім экономикасын құруға иек артады. Сондықтан құжатта ғылым, білім және инновацияларды дамыту нормалары мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде бекітіліп, ғылыми және техникалық шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі.
Облыстағы Тұз қышқылы мен кальций хлоридін шығаратын «Topan Chemical Industries» зауытының ұжымы жаңа Конституциядағы лайықты еңбек құқығы, уақтылы және әділ жалақы, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету нормаларын талқылады. Бұл ережелер мемлекеттік саясаттың айқын бағдары болып отыр. Жұмыскерлер атап өткендей, бұл норма олардың өмірін, денсаулығын және кәсіби мүдделерін қорғауға берік негізін қалайды. Бұл ережелер мемлекеттік саясаттың тікелей бағдарына айналады.
Өндірістің болашағы туралы коалиция мүшелері Жаңаөзен қаласында «ӨзенМұнайГаз» мұнайшыларымен де пікір алмасты. Әңгіме Конституцияның негізгі идеясы – «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасы аясында өрбіді. Әлеуметтік және еңбек кепілдіктері, мұнай-газ саласын дамыту, жастардың ғылыми әлеуеті, отбасына қолдау көрсету, инновациялық технологияларды енгізу, «Заң пен тәртіп» қағидатының нығаюы сияқты мәселелер талқыланды. Осы аталғандардың барлығы Ата заң жобасында көрінісін тапты.
Мұнайшылар өңірдегі экология ахуалына да тоқталды. Ұзақ уақыттан бері жұмыс істейтін Қошқар ата қалдық қоймасы орналасқан Маңғыстау облысы үшін жаңа Конституцияда жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғатты аялау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қоршаған ортаны қорғау, апаттардың, ластанулардың және қалдық төгудің алдын алу бойынша жауапкершілігін бекіту ерекше өзекті болып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесуде Қазақстанда тұратын 130-дай этнос пен 20-ға жуық конфессияның бірлігін бекемдеу мәселесі сөз болды. Ата заң жобасында этносаралық келісім принципі негізгі мемлекеттік бағдарлардың қатарында тұр. Бұл принцип преамбула мен бірқатар негізгі бапта көрініс тапқан. Кемсітушілікке жол бермеу, мәдени алуандықты құрметтеу мемлекеттің стратегиялық құндылығы ретінде ерекше атап көрсетілген.
Кездесулердің қорытындысында қатысушылар баршаға тең мүмкіндіктер қарастырылған «Әділетті Қазақстанды» құру жөніндегі Президенттің бастамасын қолдайтындарын білдірді.
Қоршаған орта жауапкершілігі маңызды
Сонымен қатар осы күні аталған топ Атырау өңірінде қоғам өкілдерімен, шығармашыл жастармен, мұнайшылармен және кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өткізді.
Қоғам өкілдерімен кездесу барысында коалиция мүшелері алдағы референдумның елдің болашағы, әр отбасы мен әрбір қазақстандық үшін тарихи маңызы туралы әңгімелесті.
Мәжіліс төрағасы жаңа Конституция халықтың сұранысына негізделгенін, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған жүйелі реформалардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті. Ата заң жобасы – қоғамда қордаланған әділдікті орнықтыру, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету және баршаға тең мүмкіндіктер беру жөніндегі талаптарға берілген жауап. Сондықтан парламенттік реформадан бастау алған конституциялық түзетулер Қазақстанның болашағы туралы кең ауқымды қоғамдық пікірталасқа ұласып, нәтижесінде, жаңа Ата заңның қабылдануына алып келді.
– Өздеріңіз білесіздер, халық тарапынан 10 мыңнан аса ұсыныс түсті. Азаматтар елдің болашағы, қағидаттар мен құндылықтар туралы көбірек айта бастады. Осының бәрін саралай келе, парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туралы қорытындыға келді. Елдегі саяси жүйе тұтастай жаңарып жатыр. Биліктің барлық тармақтары қайта құрылуда. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы беки түседі, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов атап өткендей, жаңа Конституция өткен мен бүгінді байланыстырып, елдің болашаққа бағыт алған жолын айқындайды. Ал преамбулада байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайту туралы қағиданың бекітілуі тарихи сабақтастықты және ұлттың сан ғасырлық тарихын айшықтайды.
Атырау тұрғындары, өз кезегінде, жаңартылған Конституция жобасында адамның құқықтары мен бостандықтарының жаңа кепілдіктері мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде қарастырылғанын атап өтті. Мұнайлы өңір тұрғындары үшін еңбек құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерді қорғау үшін құқықтық механизмдерді нығайту, сондай-ақ Заң мен тәртіптің үстемдігі қағидатын бекіту ерекше маңызды. Бұл инвесторлар үшін де, жұмысшылар үшін де алдын ала болжанатын құқықтық ортаны қамтамасыз етеді.
Әңгіме барысында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау нормасына ерекше назар аударылды. Олар алғаш рет Ата заңда іргелі принциптер деңгейінде бекітілуде. Жұртшылықтың пікірінше, бұл ереже мұнайлы өңір үшін аса өзекті. Экологиялық қауіпсіздік пен табиғи ресурстарды қорғау мәселелері мұнда тек декларация емес, келер ұрпақ үшін нақты болашақ кепілдігі болып саналады.
Аймақтың шығармашыл жастарымен кездесу «Atyrau Creative Hub» орталығында өтті. Білім беру, ғылым, инновациялар, цифрлық құқықтарды қорғау және талантты жастардың әлеуетін таныту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған дәуірде жеке деректерді қорғауды күшейтетінін және цифрлық қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын қалыптастыратынын атап өтті.
Отбасылық мәселелер мен қоғамымызға тән дәстүрлі құндылықтарды сақтауға арнайы назар аударылды. Жас атыраулықтар жаңа Конституцияда некені ерікті түрде жасалған ер мен әйелдің одағы ретінде нақты айқындау отбасылық институтты қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және оны құқықтық деңгейде қорғауға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Әр адамның еңбек ету құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы және әлеуметтік қорғау сынды жаңа Конституция жобасында жарияланған нормалар «ҚазТурбоРемонт» қызмет көрсету орталығының ұжымымен өткен кездесулерде талқыланды.
Кәсіпорынның жас мамандары мемлекет пен бизнес олардың кәсіби дамуына қандай мүмкіндіктер жасайтынына қызығушылық танытты. Әсіресе мемлекет адамның білімі мен кәсібилігін елдің стратегиялық ресурсына айналдыруға жағдай жасау жауапкершілігін өз мойнына алатыны туралы қағидатқа көбірек назар аударды. Өндіріс мамандарының пікірінше, бұл өңірдегі жастардың даму көкжиегін кеңейтеді.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері еңбек жағдайлары мен заманауи инновациялық өндірістерді дамыту мәселелеріне қатысты бірқатар сұрақ қойды. Іргелі ұжым мүшелері жаңарған Ата заң еңбек жағдайларының қауіпсіздігін және әділ еңбекақы кепілдіктерін күшейтетінін, ал мемлекеттік саясат адамның еңбегі мен кәсіби жетістіктеріне негізделіп құрылатынын атап көрсетті.
Кездесулер қорытындысы бойынша Атырау тұрғындары 15 наурыздағы референдумға қатысу әрбір отандасымыздың азаматтық борышы екенін айтты. Жергілікті жұртшылық өз таңдау құқығын пайдаланып, Қазақстанның тұрақты болашағы үшін дауыс беруге ниетті екенін білдірді.