Спорт • Бүгін, 09:10

Спортшыларымыздың айқын жеңісі

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден жастар арасында өткен әлем чемпионатында еліміздің құрамасы елеулі жетістікке қол жеткізді. Әсіресе, бұл сында жерлесіміз Кристина Шумекованың асқан шеберлігі мен тарихи табысы жанкүйерлерді ерекше қуантты.

Спортшыларымыздың айқын жеңісі

Жарыстың алғашқы күнін­де-ақ 19 жастағы Солтүс­тік Қазақстан облысының тумасы 500 метрлік қашықтықты 38.48 секундта бағындырып, алтыннан алқа тақты. Бұл – қазақ спортындағы елеулі оқиға. Отандық конькишілер соңғы рет жастар арасындағы әлем біріншілігінде осыдан 16 жыл бұрын, яғни 2010 жылы топ жарған еді. Екатерина Айдова­ның сол ерлігін араға жылдар салып Кристина қайталап отыр. Бұл бәсекеде канада­лық Джулия Снелгров (38.78) күміс, польшалық Виктория Дабровска (38.96) қола жүлдеге ие болды.

Жеңісті күндер мұнымен шек­телмеді. 1 500 метрлік сайыста жерлесіміз 1:56.06 уақыт көрсеткішімен тағы да шашасына шаң жұқтырмады (аустриялық Джанин Роснер – 1:56.36, жапониялық Аяно Секигучи – 1:57.97). 1000 метрде 1:16.34 нәтижесімен бас жүлдені үшінші мәрте қанжығасына байлады. Бұл қашықтықта күміс пен қола медаль жапониялық Аяно Сэкигучи (1:16.66) мен аустриялық Джанин Роснерге (1:17.00) бұйырды.

Айта кетерлігі, К.Шумекова Ин­целльде жеке рекордын да жаңартты. 3 000 метрлік додада күміс жүлдені қанағат тұтқаны­мен, жекелей қашықтықтар жиынтығы жөнінде жерлесіміз теңдессіз деп танылды. Бұл – ел спортының тарихында бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға! Осындай айтулы жеңістен соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды коньки­шімізді орасан зор табысымен арнайы құттықтап, алдағы додаларда сәттілік тіледі.

Одан кейін құрамында Кристина Шумекова, Анастасия Беловодова, Варвара Глухова бар еліміздің қыздар құрамасы командалық спринтте топ жарды. Құрама қоржынына түскен алтыншы алтынға масс-стартта жеңіске жеткен Вадим Чебардаков ие болды.

 

Соңғы жаңалықтар