Академик Евней Арыстанұлы Бөкетов бірегейлігі мен ауқымы, мемлекет үшін жасаған қызметінің маңыздылығы. Отанға деген қалтқысыз қызметі, қарапайымдылығы және адамгершілігімен өскелең ұрпаққа үлгі болатын ерекше тұлға еді. Айтулы ғалым 90-ға толады. Оның Қазақстандағы заманауи ғылым мен университеттік білімнің негізін қалаған көрнекті ғалымдар қатарында өз орны бар. Ғалым-энциклопедист, ерекше жалынды әрі батыл ой-пікірдің адамы. Ол біздің елдегі ғылыми танымның беделі мен мәртебесін лайықты жоғары деңгейге көтерді, өз теориялық және тәжірибелік зерттеулерімен қазақстандық химия ғылымы мен өнеркәсібінің жетістікке жетуіне септігін тигізіп қана қоймай, ғылыми мектеп құрды.
Евней Бөкетов жас кезінен бар өмірін ағартушылық іске сарп еткен, өз халқының ұлы болды деп батыл айтуға болады. Бұл жан-жақты және аса білімдар адам өмірінің басты жеңістері мен жаңалықтарын білім мен ғылым саласында ашты.
Евней Арыстанұлы өмірінің едәуір бөлігін Қарағандыға арнады. Мұнда ол өз таланттарын толық аша алды. Академиктің Қазақстанның кеншілер астанасында өткізген жылдарында ауқымы мен маңызы баға жетпес еңбегі жеңіске толы болды. Көрнекті оқымыстының ең басты өмірлік ісі біздің қалада өтті десем, қателеспеспін. Мұнда оның сүйікті өмір өзегіне айналған – Қарағанды мемлекеттік университеті құрылды. Сол ҚарМУ-ге тұңғыш ректор ретінде академик Евней Бөкетовтің есімі берілді.
Қарағанды мемлекеттік университеті 1972 жылы құрылды. Оның ашылуы еліміздің тарихи және әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпіліс берді. Бұл оқу орнына өте маңызды міндеттер жүктелді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен кейінгі Қазақ КСР аумағындағы екінші университет болған, аймақтың ең басты жоғары оқу орны сол кездерде Үкімет жүктеген міндеттерді шешуге белсене араласты. Ол тек Қарағанды ғана емес, сонымен қатар, бұрынғы Целиноград, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының білім беру ұйымдарына жоғары білікті педагог кадрларын даярлаған Орталық Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны болды.
Қарағанды жерінде енді ғана бой көтерген университеттің ректоры Е.Бөкетовтің алдында тұрған міндеті оңай болмады. Ол өзіне тән қуат, құлшыныспен және өз күшіне, өз ісінің маңыздылығы мен қажеттілігіне деген сеніммен жұмысқа кірісті. Білім ордасындағы өткізген ауқымды қайта құрулар университеттік білім мен ғылымның жоғары стандарттарына жауап бере отырып, қарқынды дамып келе жатқан Қарағанды аймағының алуан түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын салаларға бағытталды. Стратегиялық ойлауға қабілетті, көреген, тәжірибелі ұйымдастырушы Евней Арыстанұлы пікірлестерінің қолдауы мен көмегіне иек артып, аз ғана уақытта оқу үрдісі мен оның материалдық-техникалық жабдықталуын қайта ұйымдастырып, университеттік оқу жоспарларына көшуді жүзеге асырды, лайықты оқу-зертханалық базаны құрды.
ҚарМУ-дің тұңғыш басшысы қызметінде Е.Бөкетов үлкен педагогикалық және студенттік ұжымның өсуі мен дамуына байланысты мәселелер мен міндеттерді шешуде таңғаларлық еңбексүйгіштікпен, парасаттылықпен және берік жүйелілікпен еңбек етті. Бүгінгі күні де жалпы Қазақстанның білім беру саласында басты рөл атқаратын, білім беру және жастар тәрбиесі саласындағы қуатты дәстүрлері бар ЖОО, оның басшылығымен ірі классикалық университет ретінде қалыптасты.
Академик Қарағанды аймағының дамуы үшін мақсатты бағытталған ғылыми-қолданбалы зерттеулердің айрықша маңызын жете түсінді. Ол ғылыми қызығушылықтарын нақтылы қолданбалы міндеттермен ұштастырып өзінің қажымас қайраты мен терең ғылыми білімін экономиканың, өнеркәсіп пен әлеуметтік дамудың толғағы жеткен мәселелерін шешуге бағыттады. Айтулы ғалымның көңілін тартқан ғылыми қызығушылықтардың ауқымын елестетудің өзі көп нәрсені аңғартады. Ол органикалық қосылыстардың электронды және реакциялық қабілетін кванттық-химиялық талдау, саз балшық құрамды шикізатты, оның ішінде домналық қалдықтарды өңдеу сияқты химия және металлургия ғылымының бағыттарын ұйымдастыру және дамытумен айналысты. Одан бөлек, Евней Арыстанұлы ғылыми жұмыстардың тамаша ұйымдастырушысы, іргелі ғылыми-техникалық мәселелерді шешетін зерттеу ұжымдарының ірге тасын қалаушы және дем берушісі ретінде де танымал. Ол ғылымды аса маңызды индустриялды күш деп білді. Оқымысты алдына ғылыми жетістіктерді мүмкіндігінше өндіріске енгізу бойынша да маңызды міндеттерді қойды. Осылайша, еңбектерінде мыс қосылыстары және оның күкірт, селен, теллур, мышьяк, сүрме, яғни, халькогендердің химиялық қосылыстары саласындағы зерттеулер айрықша орын алды. Е.Бөкетов ғылымдағы жаңа бағыт – халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясының негізін салды. Ол мыс-электролиттік шламдардан селен, теллур элементтерін бөліп алудың пиро және гидрохимиялық әдістерін ұсынды. Халькогендерге бай Орталық Қазақстанның табиғи ресурстары, олардың құрамындағы бағалы компоненттердің үлес салмағының едәуір азаюына әкелген қарқынды қайта өңдеу академиктің тотықтырғыш және жоғары кремнийлі кендерді кешенді өңдеп, оларды өндіріс саласына енгізуге мүмкіндік берген ғылыми-зерттеулері өзектілігін күні бұрын анықтады. Кенеусіз кендер мен күлі көп көмірден марганецтік ферроқоспалар алумен айналысқан ғалым көмірді металлургиялық тотықтандырғыштармен сутектендіру мүмкіндігін ғылыми түрде дәлелдеді.
«Мыс-электролиттік шламдардан селен, теллур элементтерін бөліп алудың пиро- және гидрохимиялық әдістері», «Балқаш тау-кен металлургия комбинатында молибден мен ренийді алу металлургиялық процестерін күшейту» еңбектерінде көрініс тапқан дәл осы зерттеулері үшін Е.Бөкетов КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
Евней Арыстанұлының жемісті және өзекті ғылыми қызметі, бейорганикалық химия дамуына қосқан елеулі үлесі арқасында Қарағанды аталған ғылымның саласындағы зерттеулердің аса маңызды орталығына айналды. Осы ретте химия және халькогендер мен халькогенидтер технологиясы бойынша Бүкілодақтық ғылыми конференциялар осы қалада өткізілгені заңды құбылыс болып табылады. Дүниежүзіне әйгілі ғалымдар, академиктер, Социалистік Еңбек Ерлері В.И.Спицин мен А.В.Новоселованың қатысуымен болған алғашқы конференция 1978 жылы Қарағандыда өткен еді.
Осыдан жарты ғасыр бұрын ғылыми-зерттеулерін «жасыл экономика» принциптеріне негіздеп құрған академиктің бұл көрегенділігі таңғаларлық. Өмірінің соңғы жылдары Е.Бөкетов бар күш-жігерін Қарағанды бассейні кен орындарындағы күлі көп сұр тас көмірлерден сұйық отын алуға бағыттады, сол үшін арнайы зертхана ашылды. Дүниеден озғаннан кейін жазу үстелінен табылған академиктің соңғы еңбегіне жуырда халық тәнті болды. Өзіндік көркем нақышпен жасалған бұл кітап жақын жүзжылдықта адамзатты энергоресурстармен қамтамасыз ету мәселесі туралы ғалымның көзқарастары мен ойларын ашып көрсетеді.
Ол жарқын шығармашылық келбетімен, сегіз қырлы қасиетімен, ғалым-энциклопедист, нағыз зиялы тұлға ретінде үлгі бола білді.
Академик Е.Бөкетовтің есімін алған Қарағанды мемлекеттік университеті өзінің тұңғыш ректорының жан-жақты бай мұрасын зерттеп, көздің қарашығындай сақтап, дәстүрге сай жалғастырады.
Бүгінде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті – өзінің барлық қызметтік көрсеткіштері бойынша ұлттық білім беру жүйесінде көшбасшылық ұстанымда тұрған Қазақстандағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі. ҚарМУ айтарлықтай материалдық-техникалық базамен, дамыған инфрақұрылыммен жабдықталғанын айта кетсем деймін. Ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарда, ғылыми зертханаларда, соның ішінде «Зерттеудің физика-химиялық әдістері» инженерлік бағыттағы зертханасында ғылыми-зерттеулер белсенді жүргізіледі.
Талантты жастарды студент кезінен қолдау университеттің ізгі дәстүріне айналған. Жақын және алыс шетелдердің беделді ғылыми орталықтары университеттің білім беру мен ғылыми қызметінің сапасын мойындауы дәлел бола алады. ҚарМУ халықаралық білім беру қауымдастығына толық құқықты қатысушы ретінде өзін тиімді көрсете алды. Беделді халықаралық білім беру ұйымдарының мүшесі, академиялық ұтқырлық бойынша жалпыеуропалық және жалпыәлемдік үрдіске тиімді қатысады. Біздің серіктестеріміздің қатарында Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Франция, Словакия, Қытай, Ресей мемлекеттерінің университтері бар.
Бүгінде Е.Бөкетов негізін салған университеттік білім мен ғылым дәстүрлері, оның уақыт ағымымен үндесуі және келешекке жұмыс жасауы, ағарту мен гуманизм идеяларына адалдығы ҚарМУ ұжымының педагогикалық және ғылыми-зерттеушілік қызметін дамытуда лайықты жалғасын тапты.
Университет ұжымы оның туғанына 90 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Жарияланбаған тың материалдар негізінде ғалымның ізбасарлары мен қызметтестері «Е.А.Бөкетов әлемі» атты кітап дайындау үстінде.
Евней Арыстанұлы – қызметтес, пікірлес, ұстаз еді. Отанға қызмет етудің әдемі үлгісін көрсеткен жан болатын. Ұлы қайраткер, көрнекті тұлға ретінде де баршамызға қымбат. Сондықтан, оның өнегесі тек жадымызда ғана жаңғырып қоймайды, сонымен бірге, жеке және кәсіби жетілу жолында жігерлендіріп, жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп, әсіресе, жастар үшін адастырмас бағыт, бағдар деп білем. Қазақ ғылымының дара да дана білімпазының өткен жолы, бай мұрасы, асыл бейнесі уақыт өткен сайын әр қырынан танылып, шынайы талант иесі екенін көрсетіп келеді. Мен мұны академик Арыстанұлының екінші өмірінің өшпес белестері дер едім.
Еркін КӨБЕЕВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры,
заң ғылымдарының докторы, профессор.
ҚАРАҒАНДЫ.