27 Наурыз, 2015

Сынықшы

456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кизат АубакирулыСолтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында «Жасқайрат» деген шағын ауыл бар.  Кешегі кеңес өкіметі тұсында үлкен шаруашылық еді. Төрт түлік мал өсіру, егін салу кәсібімен айналысқан. 120-ға жуық үй болған. Бүгінде мұндай ауылдың көпшілігі жоқ, тіпті, мүлде қалмады десе де болады. Ал біздің ауыл әлі орнында. Бұрынғыдай қайнаған қызу тірлік болмаса да қолындағы шағын мал-мүлікті жаратып, ел іргесін бұзбай ұстап отыр. Әлі есімде, ауылдың арғы жақ бетінен бергі бетіне өтіп, қара сөмкесін иғына іліп, теңселе басып келе жататын Қиззат атамыз ауыл ветеринары еді. Оның кәсібі мал емдеу, төрт түлікке жедел жәрдем көрсету. Ешқандай арнайы оқу орнын бітірмесе де  табиғаттан берілген қасиет –  мал мен  жанның  сақшысы еді. Оның сынықшылық қасиеті елге мәлім. Осындай ел құрметіне бөленген Қиззат Әубәкірұлының (1917-1986 ж.ж.) өмірінде Ұлы Отан соғысының зардабы аз емес. Екі қабырғасы, жауырыны сынған, бір бармағынан айырылған. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Туған жеріне қайтып оралғаннан кейін бойындағы емшілік қасиеті мен кәсібін әрі қарай жалғастырады. Мен ауылдағы 8 жылдық мектепті бітіргеннен кейін бұрынғы Целиноград педагогикалық училищесіне оқуға түстім. Бізбен бірге көрші ауылдан Бағдат Мұхамедина да оқыды. Ауылға келіп,  қайтарда Бестөбе кеңшарынан автобусқа отырмақшы болған кезімізде Бағдат автобустың доңғалағы мен қасында тұрған  бөрененің арасында қалып, жамбас сүйегі сынып, оны дереу ауруханаға әкетті. Сол жақтан ол 4-5 ай жатып, емделіп шықты. Бірақ аяғы қисық бітіпті. Қиззат атама барса: «бір жыл жүре тұр, онсыз болмайды. Содан соң қисық біткен жерін түзет» – депті оған ол. Айтқандай-ақ, бір жылдан соң уәдесін орындады. Бағдат бұрынғыша жүретін болды. Қалай емдеді деп сұрағанымызда: «Жылқының  сүр қазысын алдырды. Екі-үш күнде бір сол қазы майымен сылап тұрды. Сынған сүйектің жігін тапқанша қатты қиналдым, содан кейін ауырғаны басылды», деген болатын. Өзіне емделуге келе жатқан адамдарды алдын ала біледі екен. «Кемпір, шай ішетін, ет жейтін қонақтар келе жатыр, дайындал», дегенде, оны қайдан білесің, деп сұ­раса, «Аяқ-қолым құрысып,  белім жаздырмай тұр. Бұл келе жатқан сырқаттардың белгісі», дейді екен. Мұны  әкесі туралы қызы Нағима айтады. Ұлы Отан соғысының ардагері, елі мен жеріне адал қызмет еткен Қиззат Әубәкірұлы секілді ата­мыздың артында қалған ұрпақ­тары Қағира, Мұрат, Нағиманың бүгінде ата-ана құрметіне лайық, шаңырағын ұстап, ұрпағын жалғастырып келе жатқан жайы бар. Сәруар ҚАМАЕВА, доцент, филология  ғылымдарының кандидаты.