Сенат төрағасы Саранго Раднарагчаға ілтипат білдіріп, еліміз бен БҰҰ-ның дәйекті ынтымақтастығына негіз болатын іргелі құндылықтарды атап өтті. Сондай-ақ ол еліміз Ұйымның барлық құрылымымен тығыз әрі сындарлы байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.
Әлемдегі геосаяси ахуалды талқылау барысында М.Әшімбаев еліміз дау-жанжалды халықаралық құқық және БҰҰ Жарғысы аясында дипломатиялық жолмен бейбіт шешуге бейіл екенін атап өтті.
«Біз Таяу Шығыстағы ахуалдың күрт шиеленісуін терең алаңдаушылықпен бақылап отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайдың ушығуына байланысты Парсы шығанағындағы бірқатар елдің басшыларына қолдау білдірді. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз қақтығыстарды тезірек тоқтатуды, барлық текетіресті диалог пен дипломатия арқылы бейбіт реттеуді қолдайды», деді М.Әшімбаев.
Осыған орай палата төрағасы Орталық Азия аймағының қауіпсіздігін нығайтуда өзекті құрылымның біріне айналған БҰҰ-ның Алматыдағы Өңірлік орталығының маңызы туралы айтты. Ол Орталықты құру дер кезінде қабылданған шешім екенін, бұл қадам Қазақстан мен БҰҰ арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынастардың нақты нәтижесі саналатынын атап өтті.
Кездесуде Сенат төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның іске асырылу барысына да тоқталды.
«Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында бір палаталы Парламент жүйесіне көшу туралы бастама көтерген еді. Осы мақсатпен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, еліміздің стратегиялық даму басымдықтарына, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге сай жаңа Конституция жобасы әзірленді. Жаңа Ата заң жобасында құқықтық мемлекет қағидаттары, қоршаған ортаны қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету принциптері бекітілген. Олар мемлекет үшін ең жоғары құндылықтар ретінде айқындалды. Аталған бастама бойынша қорытынды шешімді еліміздің азаматтары 15 наурызда өтетін республикалық референдумда қабылдайды», деп М.Әшімбаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісіне Жаңа Конституция жобасының маңызды ережелері туралы айтып берді.
Сонымен қатар олар алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыстың басым бағыттарын жан-жақты талқылап, Орталық Азиядағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және геосаяси шиеленіс жағдайында аймақтағы климаттық сын-қатерлерді еңсеру мәселелері туралы пікірлесті.
Өз кезегінде Саранго Раднарагча елімізге орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, адам капиталын дамыту, инклюзияны қамтамасыз ету және БҰҰ-мен серіктестікті нығайту бағытындағы бастамалары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол көпжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге, бірқатар бағыт бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.