Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
- Отандасымыз «Үлкен дулыға» санатындағы турнирде екінші мәрте топ жарды. Алғаш рет осыдан төрт жыл бұрын Лондонда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын «Уимблдон» додасында алдына жан салған жоқ.
- Күні бүгінге дейін кортта жүрген үш теннисшіге ғана «Үлкен дулығаның» екі бірдей төсенішінде – шөп пен харда бас жүлдені иелену бақыты бұйырды. Олар – Винус Уильямс, Ига Швёнтек, Елена Рыбакина.
- Қазір өнер көрсетіп жүргендер арасынан «Уимблдон» мен «Australian Open» екеуінде де жеңіске жеткен жалғыз ойыншы бар. Ол – Рыбакина.
- Кейінгі сегіз жылда WTA-ның қорытынды турнирі мен «Australian Open» додасын қатар ұтқан тек Елена. 2017, 2018 жылдары дәл сондай табысқа даниялық Каролина Возняцки қол жеткізген еді.
- Мельбурнде өзінің 12-титулын олжалады. Осыған дейін «Үлкен дулыға», WTA 1000 мен WTA 250 жарыстарында 2 рет, WTA-ның қорытынды турнирінде 1 мәрте, WTA 500 бәсекесінде 5 рет теңдессіз деп танылды.
- WTA турнирлерінің финалында қатарынан бесінші рет жеңіске жетті. Бұл сәтті серия 2024 жылдың сәуір айында Германияда басталған еді. Жалпы финалдарда 12 рет басымдық танытып, 11 рет есе жіберді.
- Елена әлемнің бірінші, екінші ракеткаларымен түрлі жарыста жолдары жиі қиысып жүр. Ига Швентекпен 12 рет кездесіп, әзірге есеп тең – 6:6. Арина Соболенконың бір жеңісі артық – 7:8.
- Соболенко мен Швентек әлемнің бірінші ракеткалары атанып отырған тұста да жерлесіміз оларды көбіне-көп ұтты. Есеп – 9:4.
- Жоғарыда есімдері аталған Беларусь пен Польша теннисшілері WTA рейтингінде көш бастап тұрғанда олардың екеуін тек Рыбакина ғана жеңді.
- 2023 жылдан бері А.Соболенко жасыл құрлықтағы жарыста тек Еленадан ғана екі рет ұтылды.
- Әлемнің бірінші ракеткаларымен жолы 15 рет қиысқан жерлесіміз соның тоғызында жеңіс тойын тойлады.
- Жер-жаһанның ең үздік ойыншыларымен өткен кездесудегі жеңіс коэффиценті 60%-ды құрайды. Бұл – WTA тарихындағы ең үздік көрсеткіш.
- Кейінгі 17 жыл ішінде «Үлкен дулығаның» бір турнирде әлемнің бірінші, екінші ракеткаларын қатарынан ұтқан екі ойыншы ғана болды. Солардың бірі – Рыбакина.
- «Australian Open» жарысында WTA рейтингінде көш бастап тұрған қос мықтыны ұту бақыты төрткүл дүниенің төрт теннисшісіне ғана бұйырды. Солардың қатарында Елена да бар.
- Бүгінде теңдессіз деп танылған теннисшілерді WTA деңгейіндегі додаларда үш рет жеңді.
- ТОП-10-дықтың қатарында жүрген үздіктерді қатарынан 10 кездесуде ұтты.
- ТОП турнирлердегі соңғы 21 кездесудің 20-сында жеңіске жетті.
- Былтырғы «Уимблдон»-нан кейін 45 рет кортқа шығып, 38 рет қарсыласын қапы қалдырды.
- Биылғы маусымда эйс жасау жағынан жеке-дара көш бастап тұр. Оның қақырата соққан соққылары 69 мәрте діттеген жеріне дөп түсті. Сол эйстердің 47-сі Аустралияның ашық біріншілігінде жасалды.
- Мельбурндегі жарқын жеңісінің арқасында қайта ТОП-3 теннисшінің қатарына қосылды.