27 Наурыз, 2015

Қаржы қатаң қадағаланады

174 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бүгінде дүниежүзін қаңтарып отырған қаржы­лық дағдарыстың біздің елдің экономикасына да теріс әсері болып отыр. Өйткені, бүгінде қайбір ел болсын жаһандық өзгерістерден тыс тұра алмайды. Өткен жылы қараша айында Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды қол­мен қойғандай айтып берді. Бүгінгі міндет осы Жаңа Экономикалық Саясатта алға қойыл­ған міндеттерді орындау болып табылады. «Нұрлы Жол» елдің инфрақұрылымдық дамуының стратегиялық жоспары болып табылады. Себебі, елдің ертеңгі гүлденуі де бүгінгі инфрақұрылымды қалай жасайтынымызға, оған салынған инвестицияларға байланысты. Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатының басты мақсаты, «Қазақстан-2050» Стратегиясының нысанасы болмақ. Осы жоғары мақсатқа жету үшін Қазақстанның әр азаматынан отансүйгіштік, еңбекке жауапты қарым-қатынас, төзімділік қажет. Әлемдік экономиканың құлдырауы, шикізат ресурстарына бағаның түсуі, нәти­жесінде бюджеттің кіріс бөлігіне түсімдердің азаюы – бүгінгі уақыттың күрделі сипатына айналды. Сондықтан «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» – бұл дағдарысқа қарсы бағдарлама ғана емес, ол алдағы онжылдыққа нақты әрекеттер жоспары дер едік. Жолдаудағы басым бағыттар нақты айтыл­ған. Соның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту шаралары мен инфрақұрылымдық салаға бөлінетін қыруар қаржының тиімді әрі үнемді пайдалануын Мемлекеттік кірістер комитеті бақылап, талан-таражға жол бермеуге үлес қосатын болады. Жолдауда инфрақұрылымды дамыту, жол-көлік логистикасын жетілдіру, ауыл шаруашылығын, өндірісті, бизнесті қолдау үшін Ұлттық қордан миллиардтаған теңге қаржы бөлінетіндігі айтылды. Осының барлығы белгіленген мақсатқа жұмсалмаса, «көлеңкелі экономиканың» құлқынына түсіп кетсе, еткен еңбектің еш болары сөзсіз. Қанша­ма қаржы экономика мен әлеуметтік саланың дамуына емес, құлқыны тереңдердің қалтасына кетсе, дағдарыс басқаны емес, біздің елді ай­нал­дырмасына кім кепіл?.. Жұмысқа аса белсенділікпен кіріскен Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті елдің экономикасын дамыту үшін Ұлттық қордан, бюджеттен бөлінген қыруар қаржының белгілі бір бөлігінің салық, басқа да кірістер ретінде бюджетке қайта түсуі үшін жұмыстар жүргізіп отыр. Президентіміз шағын және орта бизнесті дамыту маңыздылығын үнемі атап өтеді. Әлемдік тә­жі­рибе көрсеткендей, елдегі барлық жұмыс орнының үштен екісі шағын және орта бизнес секторына тиесілі болуы тиіс. Ал дамыған елдерде оның өнімінің үлесі 50-80 пайызды құрайды. Мемлекет басшысы дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін ішкі жалпы өнім көлемін 50 пайызға дейін ұлғайту керектігін қадап тапсырды. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін 2015-2017 жылдары 155 миллиард теңге несие желілері ашылады. Ең бастысы оларды тиімді пайдалану қажет. Біздің жұмыстың мақсат-мүддесі қаржының тиімді пайдалануын, талан-таражға жол бермеуге үлес қосу болып табылады. Бұл ресурстар қысқа мерзімді шараларға ар­налмаған. Олар экономиканың одан әрі қалып­тасуына бағытталады. Атап айтқанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымға, шағын және орта бизнеске бөлінеді. Бүгін дағдарыс жағдайының өзінде Қостанай өңіріне де мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінуде. Бұл ретте облыс бойынша мем­лекеттік кірістер департаменті 2014 жылғы межені ойдағыдай орындап, мемлекеттік бюджеттің кірісі 100 пайызға орындалды. 2014 жылы шағын және орта бизнестің мемлекеттік бюджеттегі үлесі 30,6 пайыздан 42,4 пайызға дейін өсіп, қосымша 7,2 миллиард теңге түсті. Сонымен қатар, біз салықтық есептілікті жеңілдету жөнінде үлкен жұмыстар жүргізіп, оның көлемін 2 есе азайттық. Келешекте қалған салықтық есептілікті тәуекелдерді басқару жүйесінде, тіпті, талдауға жеткілікті болатынға дейін жеңілдету көзделген. Мысалы, тек қана ағымдағы жылдың екі айында электронды түрде 110946 қызмет көрсетілген, бұл барлық көрсетілген қызметтің 78,8 пайызын құрады. Тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміз экономика­лық дамудың биігіне қол жеткізіп келеді. Бизнес аяғынан нық тұрып келеді, ал салықтар жинау ішкі жалпы өнімнің 23 пайызына жетті. Енді Мемлекеттік кірістер комите­тінің алдында бизнес-үрдістерді жеңілдету және сыбайлас жемқорлықты төмендету мінде­ті тұр. Ол үшін салықтарды оңай және ыңғайлы төлеуге жағдай жасау және қоғамда кәсіпкерлік орта құру жетілдіріле бермек. Кәсіпкерлер барынша ашық жұмыс істеп, өз құқықтарының қорғалатынына сенгенде адал және таза кәсіпкерлікпен айналысуға ұмтылады. Мұның өзі экономикадағы шынайы бәсекеге, ал шынайы бәсеке өнімнің сапасына бастайды. Президент Үкіметке мемлекеттік аппарат пен кәсіпкерліктің өзара тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, мемлекеттік қажеттілікпен кәсіпкерліктің даму балансын қамтамасыз ететін мемлекеттік табыстардың біртұтас аса тиімді жүйесін жасауды, сыртқы сауда айналымның өсуін, кәсіпкерлікті ынталандыру үшін қолайлы шарттарды енгізуді тапсырды. Жергілікті атқарушы билік облысымыздың қолайлы географиялық жағдайын оңтайлы пайдаланып, жолдардың транзиттік мүм­кіндігін өсіруді қамтамасыз етуге ұмтылып отыр. Бюджетке төлемдерді көбейту үшін және ағымдағы жылдың межесін мүлтіксіз орындау үшін Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті және оның қалалар мен аудандардағы құрылымдық бөлімшілері, кеден бекеттері салықтарды және кедендік төлемдерді әкімшілендіруді күшейту есебінен қосымша резервтерді анықтау үшін жұмысты белсенді ұйымдастырып отыр. Құрамына салық, кеден және қаржы полициясы органдарының қаржы қылмыстарын анықтау қызметінің басын қосып, бірыңғай фискалды орган құру арқасында мемлекеттік кіріс департаменті жұмысының нәтижелілігі артты. Мемлекеттік кіріс департаменті құрылғаннан бастап сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар және салық төлеушілер жөнінде бірыңғай ақпараттық база пайда болды. Тауарлардың сырттан әкелінуінен бас­тап, пайдалануға, сатуға дейінгі үдерісті бақылау күшейтілді, көлеңкелі экономика азайды, бюджетке түсім өсті, салық төлеушілерді әкімшілендіру бойынша бизнес-үрдістер оңтайландырылды. Бюджеттің нығаюы үшін әрбір қазақстан­дық, кәсіпкерлер көлеңкеде жүрген, ресімдел­меген мүлікті, ақшаны жария етуі, заңдастыруы тиіс. Бәріміздің отаншылдық, патриоттық парызымыз осыдан басталады. Айбек ПАЯЕВ, Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бастығы. ҚОСТАНАЙ.