Алдын ала көрсетілімге Сенат төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев бастаған Палата депутаттары қатысты. Жаңа туындыда кәсіби актерлермен қатар боччамен айналысатын параспортшылар да өнер көрсетеді. Бұл туындының шынайылығы мен мазмұнын арттыра түскен қадам болды.
М.Әшімбаев көрерменді жаңа картинаның жарық көруімен құттықтап, параспортшылардың өміріне арналған «Ерекше» көркем фильмі елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыру үдерісіне серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ ол бұл мәселе Мемлекет басшысының басты назарында екеніне тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Осы бастаманы іске асыру аясында мемлекет деңгейінде тиісті жұмыс қолға алынып, кедергілерді жою және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан жаңғыртулар, соның ішінде конституциялық реформа да әділеттілік, тең мүмкіндіктер, ашық әрі инклюзивті қоғам қағидаттарын нығайтуды көздейді», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы фильмнің маңызы мен өзектілігіне тоқталып, оның қалыптасқан құндылықтарды жаңаша пайымдауға, әлемге әр қадамының өзі үлкен жеңіске айналатын адамдардың көзімен қарауға мүмкіндік беретінін айтты.
«Инклюзия мәдениеті тек заңнамалық негізбен қалыптаспайды. Ол, ең алдымен, шынайы жанашырлыққа, адамгершілікке, өзара қолдауға табан тірейді. Кино – осындай құндылықтарды дәріптеудің маңызды тетіктерінің бірі. «Ерекше» фильмі – еліміздегі параспортты дамытуға, параспортшылардың әлеуетін ашуға және инклюзия мәдениетін ілгерілетуге қосылған үлкен үлес. Бұл жоба өнер мен жылы әзіл арқылы ерекше қажеттілігі бар адамдарға қатысты маңызды тақырыптарды қозғауға ықпал етеді. «Ерекше» – қайсар мінез бен ерік-жігер туралы фильм. Бұл – сенім мен нақты мақсат жолындағы қажырлы еңбек қоғамдағы үлкен жеңістерге негіз болатынын көрсететін әсерлі оқиға», деді Сенат төрағасы.
Сондай-ақ М.Әшімбаев «Kinopark» кинотеатрлар желісінің басшысы Алмаз Малдыбаевқа, фильм режиссері Ернар Нұрғалиевке, сценарий авторы Сержан Серікбайға, продюсерлерге, актерлік құрам мен түсірілім тобына аталған маңызды әлеуметтік бастаманы қолға алып, параспортшыларға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Фильм түсіріліміне кәсіби актерлермен қатар Қазақстан мен Қырғызстан боччашылары да қатысты. Бұл қадам жарыс атмосферасын барынша шынайы жеткізуге мүмкіндік берді. Басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова мен Расул Бауыржан сомдады.
Кинокартинаның сюжетінде өмірге жеңіл қарайтын жас жігіт Арманның тағдыры суреттеледі. Ол бір қателіктің салдарынан спорт кешенінде қоғамдық жұмыс атқаруға мәжбүр болады. Сол жерде Әйгерім мен оның бауыры Дидармен танысып, мүлде басқа әлемге тап болады. Бұл жерде шынайы күш атақ-даңқ, ақшамен емес, төзім, сенім, асқақ рухпен өлшенеді.
Айта кетейік, фильм Қазақстан бочча федерациясының бастамасымен «Kinopark» кинотеатрлар желісі мен «Tiger Films» продюсерлік студиясының, басқа да серіктестердің қолдауымен түсірілді. Жаңа картинаның кинотеатрлардағы көрсетілімінен түскен қаражат мүгедектігі бар балаларды қолдауға жұмсалады.