Олардың ішінде кәсіби балықшылар да, қарапайым тұрғындар да болды. Мұз ойып, қармақ салғандар арасында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та жүрді.
Балықшылар арасындағы жарысқа қатысуға ниет білдіргендер алдын ала тіркеліп, қауіпсіздік ережелерімен танысты. Жанкүйерлер мен көрермендерге ұйымдастырушылар түрлі ойын-сауық бағдарламасын ұсынды. Мұз үстінде қонақтарға арнайы киіз үй тігіліп, жәрмеңке ұйымдастырылды. Қармақ салмағандар табиғат аясында атқа мініп, ит жегілген шанамен серуендеді. Сахнада қазақ эстрадасының жұлдызы Еркін Нұржанов ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонау Кубадан арнайы келген «Проект Умберто» тобы Алтайдың сақылдаған сары аязына қарамастан, әуелете ән салды. Жиылған жұрт өнерпаздарға қошемет көрсетіп қолпаштады.
«Жыл сайын қатысушылар қатары артып келеді. Мұндай шаралар туризмді дамытуда, белсенді әрі саламатты өмір салтын насихаттауда маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта да осындай бастамаларды қолдап, туризмді дамытып, Шығыс Қазақстан картасында жаңа тартымды орындар қалыптастыра береміз», деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Кәсіби балықшылар мен әуесқойлар бақ сынаған фестивальда үздіктер бірнеше аталым бойынша анықталды. «Әйел балықшы» аталымында Ирина Сламихина жеңімпаз атанып, 100 мың теңге ақшалай сыйақыға ие болды. Ең үлкен балық аулаған Гали Темірғалиев «Big Fish» аталымында үздік шықты. 3-орын мен 300 мың теңге сыйақыны Айқын Нұрмұхамбетов иеленді. 2-орынды Владимир Карпенко жеңіп алды. Оған 400 мың теңге сыйақы берілді. Ал «Бұқтырма балықшысы» фестивалінің бас жүлдесін және 500 мың теңге сыйақыны Быструха ауылының тұрғыны Роман Иванов жеңіп алды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Алтай ауданы