Жоба «Ғылым қоры» АҚ-мен бірлесіп, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен іске асырылып жатыр. Бағдарлама ел экономикасының басым салаларына қолданбалы ЖИ шешімдер әзірлеуге қабілетті, жасанды интеллект және кәсіпкерлік бағытында білімі бар мамандардың жаңа буынын қалыптас-тыруға бағытталған.
Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, тіркелу және онлайн-тестілеу осы жылғы 2 наурыз бен 15 наурыз аралығында (сағат 23:59-ға дейін) өтеді. Тіркелуден өту және тестілеу жолдары: 1. «PlatonusApp» мобильді қосымшасы арқылы (Platonus платформасын қолданатын ЖЖОББҰ білім алушылары үшін); 2. Егер сіздің университетіңіз «Platonus» платформасында жұмыс істемесе https://aisanatesting.kz сілтемесі немесе https://aisana.gov.kz ресми сайты арқылы кіре аласыз. Оқудың басталуы 2026 жылғы 25 наурызға, ал екінші кезеңнің аяқталуы 2026 жылғы 10 маусымға жоспарланған.
Конкурстық іріктеуге: Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымдарының қазіргі студенттері, магистранттары және докторанттары; 2026 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы бойынша білім алушылар; «AI-Sana» бағдарламасының бірінші кезеңі немесе басқа да білім бағдарламалары аясында жасанды интеллект бойынша базалық курстардан өткен қатысушылар; Ағылшын тілінен базалық деңгейі бар үміткерлер (сертификат талап етілмейді). Базалық ағылшын тілі деңгейі бағдарлама бойынша одан әрі білім алу ЖИ модельдер, код (Python) және бейінді материалдармен жұмыс істеу үшін қажет.
Екінші кезеңде ЖИ базалық меңгеруден технологияларды практикалық қолдануға, жеке жобаларды әзірлеуге өтуді үйренеді. Жобаны іске асыруға «Stanford» және «MIT» университеттерінің өкілдері, Кремний алқабының венчурлік қорларын және халықаралық бизнес-мектептерді қоса алғанда жетекші халықаралық сарапшылар тобы қатысады. Екінші кезең материалдарын дайындау халықаралық сарапшы, Президент жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Пол Кимнің жетекшілігімен «Zemex Inc» (АҚШ) компаниясының қатысуымен жүзеге асырылады. Тарқатып айтсақ, бағдарлама қорытындысы бойынша қатысушылар: машиналық оқыту модельдерін әзірлеп, үйрете алады; «Python», «Google Colab», «Jupyter» құралдарымен жұмыс істейді; үлкен тілдік модельдер мен API-лерді қолданады; «MVP» (өнімнің алғашқы қарапайым нұсқасын) жасап, стартап-идеяларды тексереді; инвестициялық және салалық трендтерді талдайды; дизайн-ойлау әдісін қолданады; ЖИ этикалық аспектілерін ескереді; технологиялық стартап тұжырымдамасын қалыптастырады.
«AI-Sana» бағдарламасы еліміздің ғылыми-технологиялық және инновациялық дамуының ұлттық басымдықтары шеңберінде іске асырылады және елдегі ең ірі ЖИ қозғалысын қалыптастыруға бағытталған.
Бағдарлама бойынша оқытудың бірінші кезеңінде негізгі AI дағдылары, «Huawei», «Coursera», «Astana Hub» платформаларында AI кіріспе курстарынан 650 мың адам өткенін министрлік хабарлаған болатын. Екінші кезеңде 100 мың адамды оқыту жоспарланған. Үшінші кезеңде 60 мың қатысушыға құрылымдау, бизнеске бағдарлану, салалық шешімдерді әзірлеу, ЖИ жобаларын басқару дағдылары оқытылмақ. Ал соңғы төртінші кезеңде 1,5 мың стартап шығару межеленген.