27 Наурыз, 2015

«Менің Қазақстаным» елге шықты

436 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
1-26«Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынау­шысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген екен Төле би бабамыз. Осының ішіндегі ең тәттісі –деп отырғаны – сыйластық, ол тек адамдар арасында ғана емес, сондай-ақ, ел мен ел, ұлт пен ұлт арасындағы сыйластық деп түсінетін болсақ, онда сол сыйластыққа сызат түсірмей келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы дер едік. Осыдан жиырма жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен құрылған, ұлт пен ұлысты байырғы қазақ жерінде өзара ынтымақ пен келісімге ұйытқан Ассамблея өте кең көлемдегі әлеуметтік акциясын бастады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығына байланысты «Менің Қазақстаным» атты пойыз ел аралауды Астанадан бастады. 23 наурыз күні Астана вокзалында «Менің Қазақстаным» пойызын шығарып салу салтанаты болды. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Қазақстан халқы Асссамблеясы Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов бұл пойыздың мақсаты туралы былай деді: «Пойыз құрамында мәдениет және медицина саласының, әлеуметтік саланың қызметкерлерімен бірге, банк қызметкерлері де бар. Бұл акцияның негізгі мақсаты – елге түрлі консультациялық қызметтер көрсету».Одан кейін сөз алған Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы «Менің Қазақстаным» пойызына ақ жол тіледі. Ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады десек, Астанадан шыққан «Менің Қазақстаным» пойызы Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына атбасын тіреді. Аудан жұртшылығы пойыз «жолаушыларын» үлкен ықыласпен қарсы алды. – Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялауы бірлік пен келісім және достық, «Мәңгілік Ел» бабалар арманының жүзеге асырылуымен ерекшеленіп отыр, – деді салтанатты шарада сөз сөйлеген Тайынша ауданының әкімі С.Салтықов.Одан кейін сөз алған «Менің Қазақстаным» пойызының бастығы Ғ.Телебаев, Мәжіліс депутаты З.Саяпова пойыздың мақсаты туралы айта келіп, оның жұмысына табыстар тіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» пойызындағы мамандар Тайынша ауданының 95 тұрғынына түрлі сала бойынша кеңес беріп, 450-ден аса адамға медициналық көмек көрсетті. «Менің Қазақстаным» пойызының біздің аудандағы жұмысы өте белсенді жүргізілді. Пойызбен келген түрлі саланың білікті мамандары күні бойы заңдық және әлеуметтік, бизнесті ұйымдастыру және жүргізу, мемлекеттік қызмет көрсету салалары бойынша аудан халқына жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізді», деді аудан әкімі С.Салтықов. Осы пойыздың мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты З.Саяпованың айтуынша, «ҚХА-ның 20 ізгі ісі» акциясы аясында Тайынша қаласындағы «Надежда» интернат үйінде өткен қайырымдылық шарасы бағытымыздың айқын, әлеумет үшін көмегі мол екенін дәлелдей түсті. «Осы пойыздың ең басты мақсаты – еліміздің барлық өңірінде ұлттық бірліктің дәнін егу. Бұл «Мәңгілік Ел» деген жалпыұлттық құндылығымыздың негізгі құрылымы деуге болады. Және бүгінгі «Надежда» интернат үйінде өткен қайырымдылық шарасы барысында қарттарымыздың ризашылығы осы бағытымыздың дұрыстығын дәлелдеді», деді З.Саяпова. Айтпақшы, кешке Тайыншаның қалың жұртшылығы үлкен концерт тамашалады. «Менің Қазақстаным» пойызымен келген өнер қайраткерлері Е.Ха­санғалиев, Н.Нүсіпжанов, Н.Ес­қалие­ва, Ж.Сейдоллаұлы, Т.Забирова, А.Жо­ра­баева, Д.Ахмадиева және басқалар өз өнерлерін аудан жұртшылығына ұсынды. * * * 25 наурыз күні де Атбасар теміржол вокзалының басы думанға толы болды. Аудан жұртшылығы «Менің Қазақстаным» пойызын үлкен салтанатпен қарсы алды. Мерекесі мен берекесі тасыған осы тойда сөз сөйлеген Ақмола облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Тоқаева: «Ассамблея жылы – еліміздегі ұлтаралық татулық пен бейбітшілік моделінің салтанат құрған жылы. Тәуелсіздік алғалы бері біздің қол жеткізген ең үлкен құндылығымыз дәл осы бірлік пен татулық болып қала бермек», деп тебірене сөйледі. Одан кейін сөз алған Атбасар ауданы мәслихатының хатшысы Б.Боранбаев, делегация жетекшісі, «Менің Қазақстаным» пойызының басшысы Ғ.Телебаев жиналған көпшілікке көңілдегі сөздерін айтты. «Менің Қазақстаным» пойызының Атбасардағы жұмысы да үлкен жетістіктермен аяқталды. Бұл жерде Қоғамдық келісім кеңесінің қабылдауы жұмыс істеді. Әлеуметтік мәселеге, заң саласына, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласына қатысты 200 атбасарлық кеңес алып үлгірді. Сондай-ақ, 240 адамға медициналық тексеру жүргізілді. «Еліміздегі ғылымның дамуы мен болашағының жағдайы туралы» семинарға 86 адам қатысса, жастардың патриоттық акциясына 500 адам қатысты. «Менің Қазақстаным» пойызының қатысушылары басқа да шаралар өткізді. Атбасар жұрты кешке өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. «Менің Қазақстаным» пойызының ендігі бағыты – киелі Арқалық өңірі. Шарафаддин ӘМІРОВ, Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.