27 Наурыз, 2015

Кореялық делегациямен кездесті

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
KZK_9437 Кеше Парламентте Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының «Қазақстан Рес­­пуб­ликасы – Корея Республи­касы» ын­тымақтастық жөнін­дегі парламент­аралық топ жетек­шісінің орынбасары, Корея Рес­пуб­ликасы Ұлттық Ассам­блея­сының депутаты Чаң Юнсок бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Тараптар барлық сала бойынша екіжақты қарым-қатынасты дамыту жайында пікір алмасты. Мәжіліс Төрағасы Корея Қазақстанның Шығыс Азиядағы маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі екенін алға тарта келіп, саяси, сауда-экономикалық саладағы жетістіктерге тоқталды. Корея Республикасының Президенті Па Кын Хенің өткен жылғы Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары өзара саяси іс-қимылға  тың серпін берді. Қос мемлекет арасындағы тауар айналымы өткен жылы 2 млрд. долларға жуықтады. Бүгінгі күні Қазақстанда 800-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Әсіресе, Атырау облысында салынып жатқан газ-химиялық кешен, жақын уақытта іске қосылатын «Жамбыл» кен орны, Балқаш ЖЭС сынды ірі жобалар Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуына айтарлықтай үлес қосумен қатар, біздің елдеріміздің инвестициялық және технологиялық ынтымақ­тастығын нығайта түспек. Осы ретте Мәжіліс Спикері Еура­зиялық экономикалық одақ басым­дық­тарын да назардан тыс қалдырма­ды. Одан әрі Мәжіліс Төрағасы оңтүстік­кореялық бизнес өкілдерін «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты мен ау­қымды үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында Қазақстанда ин­дустриялық-инновациялық жо­­баларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне белсене қатысуға шақырды. Қабиболла Жақыпов көпжақты іс-қимылды нығайту жайын сөз еткенде Корея Республикасының 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдайтындығына сенім білдірді. Ал елдегі саяси ахуалды әңгімелеу барысында сәуір айында өтетін президенттік сайлаудың маңыздылығын  атап өтті. Өз кезегінде делегация жетек­шісі Астанаға бірінші рет келгенін, қаланың заманауи деңгейде өр­кендеп келе жатқанына тәнті бол­ғанын жеткізді. Кездесу иелері мәдени-гума­ни­­тар­лық байланыстарды нығай­ту мәселе­сіне де көңіл бөлді. Сон­дай-ақ, пар­ла­ментаралық ықпал­дастықты күшейтуге айрықша назар аударылды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.