Референдум • Кеше

Телемарафон – ашық пікір алаңы

0 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанадағы Қазмедиа орталығында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Референдум-2026» онлайн-марафонын ұйымдастырды. Іс-шара таңғы сағат 9.00-ден басталып, түнгі 1.00-ге дейін жалғасты. 16 сағатқа ұласқан телемарафон ала­ңында депутаттар, қоғам қайраткерлері, мәдениет, спорт саласының өкілдері, белсенді жас­тар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, ел дамуына қатысты бастамалар мен инновациялық жобаларды таныстырды.

Телемарафон – ашық пікір алаңы

Медиа кеңістікте онлайн-марафон алғаш рет журналистер мен робот-жүргізушінің бірлесуімен ресми түрде ашылды. Ток-шоу алаңында білім, креативті индустрия, цифрландыру, жасанды интеллект және жас­тар мәдениеті сынды тақырыптар талқыланды.

Жиын барысында «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы жастарға жаһандық үрдістердің әсері туралы пікір білдірді.

– Жастардың бойында ең әуелі мемлекетшілдік мінез болуға тиіс. Сонымен қатар білім мен инновацияны, ұлттық мәдениетті жоғары деңгейде ұстауларыңыз керек. Үйіңізден бір қадам аттасаңыз, ата-анаңызды ойлайсыз. Сондықтан әрбіріңіз елден жырақта жүргенде Отанымызды ата-анамыз деп есептеңіздер. Туған жердің барлық құндылығы өздеріңіз сияқты мықты азаматтардың еңбегінен құралған. Биік мақсат қойсаңыздар елді де ойлайсыздар, әлемдік құнды­лық­тар­ды да сіңіресіздер және Әді­летті Қазақстанның дамуына да үлес қоса­сыздар, – деді Дихан Қамзабекұлы.

Марафон барысында «Кибер­спорт», «Инклюзивті қоғам», «Әйел­дердің құқықтары мен бала қауіп­сіздігі», «Бала тәрбиесі: дәстүр мен заманауи әдістердің сабақтастығы», «Патриотизм», «Жасанды интеллек­тінің дамуы», «Креативті индустрия», «Волонтерлік – жаңа азаматтық мәдениет», «Білім беру», «Ұлттық музыка – жаңа форматта» секілді өзекті тақырыптар қозғалды.

Экспресс-камера алаңында сөз алған сенатор Дархан Қыдырәлі ұлттық тәрбие мен заманауи құндылықтардың сабақтастығы туралы ой қозғады.

– Бала тәрбиесі – адамзатпен бірге жасап келе жатқан мәңгілік тақырып. Қазір бала тәрбиесіне түрлі құрал араласып жатыр. Мысалы, бүгінгі ұрпақ бесікте жатып-ақ телефон ұстайды. Ақпаратты тез қабылдайды. Сондықтан қазіргі ата-анаға оңай емес. Ата-ана заман көшінен қалмауы керек. Балаларымыз әлемдегі қатар­лас­тарымен тең болуы үшін жаңа технологияны, жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеруі қажет. Алайда бұл дәстүрлі тәрбие құндылықтарын ұмытамыз деген сөз емес. Керісінше, ұлттық тәрбие – баланың рухани іргетасы. Қарапайым тәрбиелік қағидалар – «үлкенге жол беру», «амандық сұрау», «батасын алу», «біреуге қиянат жасамау» – баланың бойында адамгершілік қасиетті қалыптастырады, – деді сенатор.

Телемарафонда сағат сайын Сырт­қы істер министрлігінің өкілдері дауыс беру барысына қатысты соңғы ақпараттармен бөлісіп отырды.

«Шетелде алғашқы болып дауыс беруді Токио мен Сеул қалаларындағы отандастарымыз Астана уақытымен таңғы сағат 3.00-де бастады. Ең соңғы ашылып, жабылатын референдум учаскесі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан. Бұл учаске Астана уақытымен 15 наурыз күні сағат 19.00-де ашылып, 16 наурыз күні таңғы 8.00-де жабылады. Жалпы, еліміздің шетелдегі мекемелері жанынан 54 мемлекетте 71 референдум учаскесі құрылды. Шетелде дауыс беретін отандастардың жалпы саны – 14 380», деді  Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов.

Ал Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, мемлекеттік органдармен бірлесіп референдум учаскелері алдын ала тексерілген. «Барлық жеке құрам күшейтілген қызмет режіміне көшірілді. Қоғамдық тәртіп бұзу фактілері тіркелген жоқ. Ішкі істер министрлігі азаматтарды заңды сақтауға және қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырады», деді ол.

Онлайн-марафон барысында пі­кірін  білдірген  ШЫҰ Бас хат­шысының орынбасары Олег Копыловтың айтуын­ша, ұйым миссиясы елімізде 16-рет жұмыс жүргізіп отыр.

«Жұмысымызды 14 наурыз күні бастадық. Астана қаласы мен Ақмола облысындағы бірқатар учаскені аралап, техникалық дайындығын тексердік. Дайындық деңгейін жоғары деп бағалаймыз», деді ол.

ТМД Парламентаралық Ассамблея­сы Кеңесі хатшылығының басшысы, Бас хатшы Дмитрий Кобицкий брифинг барысында байқаушылар тобы өз жұмысын референдум жарияланған сәттен-ақ бастағанын айтты.

«Біз Қазақстандағы барлық электоралдық үдерісті реттейтін норма­тивтік құжаттар бойынша қорытынды дайындап жатырмыз. Олардың ТМД кеңістігіндегі ғана емес, жалпы әлемдегі референдумдарды ұйымдастыру және бақылау үдерісін реттейтін көптеген халықаралық нормаға сәйкес келетінін атап өтеміз. Біздің ұйым халықаралық байқауды 30 жылдан аса уақыт бойы жүргізіп келеді. Ал ТМД Парламентаралық Ассамблеясының алғашқы байқау миссиясы 1994 жылы Қазақстанда өткен еді. Сондықтан сайлау мен референдумдарды байқау бойынша үлкен тәжірибе жинақтадық», деді ол.

Осылайша, орталық коммуникациялар алаңында референдумның өту барысына қатысты ресми органдардың өкілдері мен сарапшылар әр екі сағат сайын тікелей эфирде пікір білдіріп отырды.

Республикалық референдум нау­рызнама онкүндігі аясында өтіп жатқандықтан телемарафонда төл мәдениетімізге ерекше назар аударылды. Әсіресе қазақтың дәстүрлі шаруашылығы, ұлттық құндылықтары мен көшпелі өмір салтын танытатын бастамалар кеңінен сөз болды. Осы бағытта сөз алған кәсіпкер, Гиннес рекордтар кітабына енген Сыдық Дәулетов қазақтың дәстүрлі шаруашылығын әлемге таныту мақсатында қолға алған ерекше бастамасы туралы айтып берді.

«Мен түйе шаруашылығымен 25 жылдан бері айналысып келемін. Сонымен қатар түйе сүтін экспорттаумен де шұғылданамын. Еліміздегі түйе шаруашылығының әлеуетін әлемге көрсеткім келді. Сол оймен мың түйеден құралған керуен ұйымдастыру туралы шешім қабылдадық», деді С.Дәулетов.

Сонымен қатар медиа алаңда отандық өнертапқыштардың бірқатар жобасы таныстырылды. Атап айтқанда, ағылшын тілін үйретуге арналған «Aleem» қосымшасы, болашақта адам ағзасына салынуы мүмкін механикалық жүрек жобасы, сал ауруына шалдыққан адамдарға арналған жаңа арба және майтабанды анықтайтын «ақылды» ұлтарақ көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт сөндіруге арналған роботпен таныстырды. Сол секілді жасанды интеллектімен жұмыс істейтін робот иттер белгіленген аумақты автономды түрде бақылап, бейнеақпаратты басқару орталығына жіберді. Шахтерлердің де қауіпсіздігін арттыруға арналған «Mainsafe» смарт-қолғабы мен ластанған ауадан прин­терге арналған қара бояу өндіруге мүмкіндік беретін басқа да ин­новациялық жобалар таныстырылды.

Осылайша, «Референдум-2026» онлайн-марафоны қоғамдағы маңызды тақырыптарды кеңінен қамтыған ашық диалог алаңына айналды. Ұлттық құндылықтар мен заманауи технологиялар қатар өрілген бұл медиа алаң қоғамның белсенді қатысуы мен азаматтық жауапкершіліктің маңызын тағы бір мәрте айқындап берді.

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық тұр?

Ауа райы • Бүгін, 09:47

Бірліктің жоғары көрсеткіші

Референдум • Бүгін, 08:50