Көрме • Бүгін, 09:05

Шебер тірілткен құнды мұра

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлытаулық суретші-реставратор, Суретшілер және Дизайнерлер одақтарының мүшесі, музей ісінің үздігі Ерғазы Кеңесұлы сияқты алтын қолды шебердің қолынан шыққан құнды дүниелерді көргенде ата-бабамыздан қалған мұраның мәңгілік өлмейтініне көз жетеді. Ұлытау облысының Тарихи-археологиялық музейінде Ерғазының қолынан шыққан жүздеген экспонатқа куә боласыз. Біраз дүниелері қорда жатыр. Қарағанды өлкетану музейінде 40-қа жуық жұмысы бар.

Шебер тірілткен құнды мұра

Отыз жыл ғұмырын осы музейге арнаған Ерғазы Исатаевтың әрбір жасаған дүниесі бір мақаланың жүгін арқалайды. Ол ұзақ жыл тарихи жәдігерлерді зерттеп, археологиялық деректерге сүйене отырып, көне бұйымдарды ғылыми негізде қайта жаңғыртқан. XVIII–XIX ғасырлар мен XX ғасырдың басындағы қазақтың дәстүрлі тұрмысын, мәдениетін, зергерлік өнерін танытатын бұйымдар, зергерлік әшекейлер, батырлардың қару-жарақтары мен ат әбзелдерін жасап, келешек ұрпаққа ұсынып келеді.

Біз көрген тұрмысқа қолданатын дүние «Асадал» деп аталады. Оның ішіне дайын асты сақтайды. Шебер ХIХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында пайдаланған, ескі дүниені қайта өңдеп шығарған. Айтуға оңай, ертеде тұрмыстық заттарды жасауға шеге, желім қолданбаған. Сол дәстүрді ұстанған шебер «Асадалды» қайта шашып, жинаған. Ағаштарын бір-бірімен кіріктіріп, сынамен жасаған.

Кәдімгі темірді балқытып, ошақ пен шоқаяқ жасаған. Шоқаяқ ошақтың ортасында тұрады. Шоқты салып, үстіне аққұман қояды. Бұл – сирек кездесетін дүние. Музейлердің көбінде жоқ. Мұны Ерғазы кезінде кітаптан оқыған. Оның қасында кесеқап қойылған.  Атында тұрғандай кесеқаптың ішіне бес-алты кесені салып, аузын байлап қояды. Қанжығаға ілгенде, ішіндегі кесе сынбайды. Көнек, яғни бие сауатын шелекті қызықтап тұрғанда, Ерғазы Кеңесұлы: «Ең үлкені қымыз жинайтын мес. Мес төрт жылқының терісінен жасалады.  Сабаны білесіз. Саба-аяқ дегенді түсіндірейін. Ол – сабаның астына қоятын тұғыры, ағаштан жасалады. Саба жылқының терісінен ғана жасалуы керек. Өйткені жылқының сүті құйылады. Сиырдың терісінен жасалса, қымыздың дәмі бұзылуы мүмкін. Сабадан кейін торсық. Торсықты күнделікті қанжығаға байлап алып жүреді...», деп таныстырды. Ол Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінің мемлекеттік тізіміне енген Талмас атаның садақ салатын қорамсасын, оғын жасаған. Садақтың өзі Алтын орда дәуірінің үлгісіне жататын көрінеді. Кішкентай сақиналарды жымдастырып жасаған Кіреуке сауытты жинауға жарты жылдай уақытын жұмсаған. Батырдың сауытын да жасаған. Бұл құнды дүние бүгінде Астана қаласындағы Ұлттық музейдегі этнография бөлімінде көрмеде тұр.

Қолөнер шебері терімен, сүйекпен, ағашпен жұмыс істейді, бәрінің «тілін» біледі. Бір ғана қамшының қырық түрі бар. Соның бәрін кейінгі ұрпаққа мирас етсе, еңбегінің жанғаны.

Ерғазы Кеңесұлы екі оқу орнын – Алма­тыдағы Н.Гоголь атындағы көркем училищеден зергер мамандығын, Архи­тектуралық академиядан дизайнер мамандығын алып шыққан. Алматыда ұлағатты ұстаздары қолөнер шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәркенбай Шоқпарұлы және зергер Дүйсен Сейдуалиевтің «ұстахансынан» өткен. 1990 жылы Алматыда халықаралық музыкалық фестиваль өтетін болды. Ұстазы Дүйсен Сейдуалиев 1989 жылы осы фестивальға қатысатын әнші Мақпал Жүнісовадан күмістен зергерлік бұйым жасауға тапсырыс алған екен. Бұл тапсырысты еті тірі, қолынан өнер тамған шәкірті Ерғазыға жүктейді. Ол көз жауын алатын сырға, жүзікті жасауға біраз тер төкті. Алыстан жарқырап көрінетін күміс бұйымының сәтті шыққанына ерекше қуанғаны есінен кетпейді.

Жастайынан еңбекқор, өз кәсібін шексіз сүйетін шебер алпысты алқымдаса да Жезді кентінде Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі мен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында реставрация жұмысымен айналысады.

Алғашқы көрмесін 1995 жылы Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінде әйгіледі. Одан кейін Қазақ­стандағы шеберлердің байқауынан озып шығып, Франция, Ыстанбұл, Кувейттегі халықаралық көрмелерге қатысты.  Ерға­зының қолынан шыққан ат әбзелдері, ер тұрман, қару-жарақтарды көрген өзге мемлекеттің адамдары таңдайын қақты. Шетелде шеберлік сынып сабағын өткізді.

Жақында ғана Ұлттық музейде Мә­дениет қайраткері Ерғазы Исатаевтың «Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» атты жеке көрмесі ашылды. Көрме Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейімен бірлесе ұйымдастырылды. Экспозицияға шебердің жеке коллекциясы мен музей қорындағы құнды жәдігерлер қойылды. Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы шебердің еңбектері еліміздің бірнеше музейінде сақталғанын атап өтті.

«Қолөнер адамның көз майын алатын дүние. Төзімділік керек. Музейдің шегесіне дейін қолдан жасаймын. Теріден жасағанда да баяғы ата-бабам жасаған көне технологияны пайдаланамын. Темірдің өзін жону керек. Кейбірі қайраққа салады. Мен егеумен егегенді жақсы көремін. Қайраққа салған тез болса да, шикілеу шыға ма деп ойлаймын. Өзімнің ұстаханам бар. Қара темірмен айналысатын адамды қара ұста, зергерлікпен айналысатын адамды ақ ұста дейді. Екеуін бірге алып жүрмін» дейді Ерғазы Кеңесұлы.

 

Ұлытау облысы 

Соңғы жаңалықтар