27 Маусым, 2015

Милан көрмесіндегі Қазақстан күні

392 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
expo-2015_milan Бүгін «Expo Milano 2015» көрмесінде осындай атты акция өткелі тұр Италияның солтүстігіндегі Милан қаласында үстіміздегі жылғы 1 мамырдан бастап ЭКСПО көрмесінің өз жұмысын бастап кеткені белгілі. Өлшеулі мерзімі қазан айының 31-іне дейін созылатын оған күллі әлемнің 144 мемлекеті, 3 халықаралық ұйым, 16 мемлекеттік емес ұйым және 5 корпоративті павильон қатысуда. Бас тақырыбы –«Планетаны асырау. Өмір сүруге қажетті қуат» деп аталатын бүкіләлемдік көрме шеруі сапында біздің еліміздің де өз павильоны бар. Маусымның 27-сінде осы жерде Қазақстан күні аталып өтеді. Оған Италияға қысқа мерзімдік жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде. Миландағы осы тойдың өту барысын жазып-түсіріп көрсетуге белгіленген қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мұнда бұрнағы күні Мәскеу арқылы алдын ала келіп жетті. Альпі тауының етегіндегі айдын шалқардай кең көсілген қаланың дидары бізге соншалықты жылы көрінді. Елдің солтүстігінде, таудың қапталында жатқан, айналасын жап-жасыл орман қоршаған шырайлы шаһардың жылылық мөлшері де біздің Астанадан төмен емес екен. Бірақ қазіргі таңда көрмесінің өзі 150-ден астам ел мен ұйымнан жұрт жинап отырған құтты қоныста пәлендей абыр-сабыр байқала бермейді. Мұның бәрі мұндағы жұмыстардың белгілі бір тәртіпке бағындырылып, өзіндік ұтымды жүйемен жүргізіліп жатқанының белгісі болса керек. Аппенин түбегінің ең терістік беткейінде орналасқан Милан  Италиядағы Римнен кейінгі халқы көп үлкен қала болып табылады. Бүгінде Ломбардия облысының орталығы болып отырған оның негізін біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылдықта кельттер қалаған екен. Енді кельттерден кетіп, өз дәуірімізге келсек, көптен бері әлем сән сипатының орталығы ретінде танылып келе жатқан бұл қалада ерекше еске алатын көрікті орындар жеткілікті екенін айтар едік. Ежелгі дүние мен қазіргі заманның басын біріктіріп, екі бөлек әлемнің қиылысында отырғандай болып отырған құтты қоныс былайғы жұрт үшін, бәлкім, сонысымен де ыстық шығар. Миланның біз үшін ерекше көрініп отырған тағы бір жағы бар. Себебі, енді екі жылдан кейін Астана төрінде қанатын кеңге жаятын келесі ЭКСПО көрмесінің эстафетасын біз тап осы қаладан қабылдап алғалы тұрмыз. Миландағы көрменің соңғы кермесі жинап алынған күннен бас­тап жаһанның осыған қатысты мамандары мен жанкүйерлерінің назары бірден біздің Арқа төсіндегі байырқалы байтағымызға түсетін болады. Сөз сыралғысында айта кетейік, жалпы, Қазақстанның әлем жүзін шарлаған мұндай кең ауқымды көрмелерге қатыса бастағанына тым көп уақыт бола қойған жоқ. Өзінің тамырын 1851 жылы Лондонда бастау алған «Барлық халықтардың өнеркәсіп жұмыстары бойынша ұлы көрмесі» деп аталған шарадан тартатын бүгінгі ЭКСПО рәуішті жиында біздің еліміз бірінші мәрте 1998 жылы Лиссабонда бой көрсетті. Осында жалауын алғаш рет көкке желбіреткен Қазақстан 2005 жылы жапонның Аичи деген қаласында кереге керген ЭКСПО-дан бастап қана белсенді қатысушы ретінде санатқа ілінді. Ал 2008 жылы испанның Сарагоса қаласында өткен келесі Бүкіләлемдік көрмеде біздің тіккен павильонымыз өзінің ұсынған бұйымдары мен көркем безендірілуі жағынан С категориясы бойынша жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Қытайдың Шанхай қаласында 2010 жылы аламанға ат қосқан көрмеде Қазақстан павильонын көрушілер саны бірінші рет 1,5 миллион адамнан асты. Бұдан кейін, 2012 жылы Оңтүстік Кореяның Ёсу қаласында өткен ЭКСПО-да да еңсеміз төмен болған жоқ. Міне, енді өзіміздің алдымызда ғана тұрған Миланға да кезек келді. Мамандар қазірдің өзінде мұнда келушілер саны 6 млн. адамнан асатынын айтып, жаңаша болжам жасап отыр. Кеше біз «Expo Milano 2015» көрмесіне барып, ондағы павильондарды түгелге жуық аралап көрдік. Айтатыны жоқ, олардың бәрі бірінен бірі өтеді екен. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын олардың әрбірінің өзіндік бет-бейнелері еріксіз көз тартады. Архитектуралық кескін-келбеті мен безендірілу дизайнының өзгешеліктері жағынан біріне-бірі жол бермей тұрған сол салтанатты сапта Қазақстан павильонының да ешкімге дес бере қойғысы келмей тұрғанын да байқадық. Мұнда қазір күніне орта есеппен, 4,5-5 мың адам шамасында келіп тұратынға ұқсайды. Көрмедегі біздің «ауылға» бұлайша жұртшылықтың жаппай назары ауып тұруын осындағы мамандар оның өзіндік бір шешіммен жасалған архитектуралық бітімімен қоса, ішін толтырып тұрған азық-түлік өнімдерінің түрлері мен сипатының қайталанбас қалпы екендігімен түсіндірді. –  Біз Миланнан кейінгі ЭКСПО көрмесін өткізу кезегі Астанаға келетінін ескере отырып, Қазақстан павильонын жасауда негізгі екі түрлі нәрсеге айрықша көңіл бөлдік, – деді осыған орай Қазақстан Ұлттық павильонының бас комиссары Әнуарбек Мусин. – Біріншіден, ЭКСПО-2015 көрмесіндегі ең басты көрікті орын ретінде көрінуді мақсат еттік, екіншіден, 2017 жылы дәл осындай кең ауқымды шараны Астанада өткізуге дайын екенімізді көрсетуге күш салдық. Бас комиссардың айтуынша, Милан ЭКСПО-сында Қазақстан павильонының үздік үштіктің қатарында тұрғаны қазірдің өзінде белгілі болып қалған. Ал павильонның дәл осындай биік белестен көрінуі үшін Қазақстан Үкіметі 17 млн. еуродан астам қаржы бөліпті. Ал павильонның аумағы 3 мың 250 шаршы метрді құрайды. Мұнда келушілерді Қазақстанның ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, аквадақылдар, экология, егіншілік, сондай-ақ, республика өмірінен қызықты деректер деп бөлінетін 6 түрлі аймақтың экспонаттары қарсы алады. Қонақтардың барлығына мұнда қазақтың құнарлы да шипалы сусыны – қымыз ұсынылады. – Біздің ауыл шаруашылығы саласындағы ең басты экспонатымыз Социалистік Еңбек Ері, академик Бараевтың өзі отырып жұмыс істеген үстелі болмақ, – деді сөз орайында бас комиссар тағы. – Біз осы арқылы Қазақстанның әлемдегі сыртқа астық пен ұн шығарушы басты елдердің бірі екенін көрсете түсуді межелеп отырмыз. Біздің павильондағы тағы бір ерекше есте қалатын көрініс – ондағы бассейн болуы керек. Мұнде елімізде арнайы өсіру қауырт қолға алынып жатқан бекіре балықтары жүзіп жүр. Осы арқылы павильонды ұйымдастырушылар Арал теңізінің проблемасын, ондағы құрып бара жатқан балықтар жайын және осы түйінді мәселелерді шешу жолында қолға алынып жатқан шаралар туралы жұртшылықты хабардар етпек болған. – Осы павильон құрылысын салып шығуға бір жарым жылға жуық уақыт жұмсалды, – деді Миландағы ЭКСПО-2015 көрмесі Қазақстан құрылыс кешенінің атқарушы директоры Роберт Мюллер. – Бірақ біткен жұмысқа бәріміздің де көңіліміз толады. Мен Қазақстан павильонын осы көрмедегі ең мықты жұмыстардың бірі деп санаймын. Біз бұл жұмыстарды атқару барысында қазіргі заманғы технологияларды кеңінен пайдаланып бақтық. Осының өзі Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы өзіндік ерекшеліктері арқылы оның бүкіл тарихы туралы әңгімелеп беруімізге мүмкіндік берді. Жөн сөз. Бұған біз де келістік. Енді бүгінгі әңгімемізді осындай биік нотамен, көтеріңкі көңіл-күймен аяқтағымыз келіп отыр. Ал негізгі сөзді бүгін Бүкіләлемдік көрмеде Қазақстанның ұлттық күні болып өткеннен кейін айтып бермекшіміз. Бұған тек қосатынымыз: Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Италияға жұмыс сапары барысында бұдан басқа тағы екі елдің ресми және іскер адамдарының қатысуымен Қазақстан-Италия бизнес-форумы болып өткелі тұр. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» –  Миланнан.