Оқиға • Бүгін, 20:37

Алматыдағы жол-көлік оқиғасы бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасымен Алматы қаласында болған резонанстық жол-көлік оқиғасы алғашқы сәттен бастап ерекше бақылауға алынды. Сонымен қатар қазіргі уақытта қоғамда айтылып жатқан барлық уәждер тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыдағы жол-көлік оқиғасы бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, аталған апат бойынша бұған дейін қылмыстық іс қозғалған болатын. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісіне соттың санкциясымен қамаққа алу шарасы қабылданды. Апат кезінде ол жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.

Сондай-ақ министрдің тапсырмасы бойынша қызметтік тексеріс басталды. Оның объективтілігі мен толықтығын қамтамасыз ету үшін Алматы қаласына Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің басшылары тәжірибелі қызметкерлермен бірге жіберілді.

Ал мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғалды.

«Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы айтылған қызметтік тексеріс және қылмыстық істер аясында барлық мән-жайлар, оның ішінде медиакеңістікте таралып жатқан ақпарат жан-жақты тексеріледі. Анықталған кемшіліктерге байланысты кадрлық шешімдер қабылданды», деді Шыңғыс Алекешев.

Министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Заң бұзушылықтар расталған жағдайда апат қатысушылары да, лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылады.

«Азаматтарға, әлеуметтік желі қолданушыларына және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне үндеу жасаймыз: тексерілмеген және жалған ақпаратты таратудан, сондай-ақ асығыс қорытынды жасаудан бас тартуға шақырамыз. Жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Заң мен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректері бұған дейін де қатаң түрде тоқтатылып келді, алдағы уақытта да тоқтатылатын болады», деді ол. 

 Алматыда жол апатынан 3 адам қаза тапты: Қылмыстық іс қозғалды

Соңғы жаңалықтар