13 Шілде, 2010

ТӘРТІП – ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТІРЕГІ

700 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша байыпты жұмыс жүргізу қажеттігі міндеттеліп, саладағы әлі де шешімін табуы қажет мәселелер айқындалғаны белгілі. Осы міндеттерді жүзеге асыруда салада айтарлықтай жұмыс атқарылғаны анық. Осы орайда облыстық ішкі істер департаментінің жұмысы арнайы алқа мәжілісінде қаралып, кемшіліктердің алдын алу бағытындағы жұмыс жүйеленді. Өткен мерзімде өңірдегі қылмыстық ахуал қанағат­та­нар­лықтай емес. Керісінше, қылмыс саны артып, оны ашу көрсет­кіштері төмендеген. Қарақ­шы­лық пен бұзақылық, пәтер мен мал ұрлығы, жасөспірімдер ара­сындағы заң бұзушылық пен есірткі заттардың заңсыз ай­на­лы­мы алаңдатарлық дәрежеде болып отыр. Дегенмен, тәртіп сақшыларының күнделікті жұмысын жоққа шығаруға бол­майды. Өйткені, қылмысқа қар­сы күрес тәртіп сақшыларының ғана міндеті емес, оған мем­ле­кеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар, ардагерлер мен ата-ана кеңестері жұмыла күш бірік­тір­генде ғана қоғамды сауықтырып, оның нәтижелі болатындығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Мәжілісте өңірде қалыптас­қан қылмыстық ахуалға облыс әкімі Серік Үмбетов ерекше тоқ­талып, қылмыстың алдын алу мен ашуға назар аудару қажет­тігін қатаң тапсырды. Халық арасында құқықтық түсінік жүр­гізу шараларын түбегейлі қайта құру қажеттігін өткен төрт айда жалпы қылмыстың едәуір арт­қа­нымен байланыстырды. Салаға көрсетілген қолдау нәтижелі. Алайда, кадрлармен жұмыс, қа­таң талап жетіспей жатқаны да сын­ға алынды. Халықпен, қо­ғам­дық ұйымдармен тығыз қа­рым-қатынас орныққанда ол оң нәтиже беріп, үміт ақталады, деді. Облыстық ішкі істер де­пар­та­ментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жайлаубек Кембаев жалпы қылмыс саны төмендегенімен, әлі де кемші­лік­тер­дің орын алғандығын жасыр­мады. Алайда, ағымдағы жылы ұйымдасқан үш қылмыстық топ құрықталыпты. Олардың ара­сын­да Талғар және Қарасай аудан­дарының тұрғындарын әбігерге салып 15 қылмыс жаса­ған Нақысбековтің 6 адамнан құралған қылмыстық тобы бар. Талдықорған және Текелі қалалары мен Ескелді ауданында есірткі заттарын сатуды табыс көзіне айналдырған 6 адамнан тұратын қылмыстық топ мүше­лері де заң алдында жауап беріп, ұзақ мерзімге бас бостандық­тарынан айрылыпты. Жалпы өңірдегі қылмыстық ахуалды тұрақтандыруға салаға билік тарапынан мүмкіндігінше жағдай жасалып, қаржы бөлініп келеді. Талдықорған қаласында жедел басқару орталығы іске қосылса, халық пен автокөлік көп жүретін тұстарға 16 бақылау бейнекамерасы қойылғаны осы­ның дәлелі. Тағы да 10 бейне­ка­ме­ра орнату қолға алынған. Қарасай және Іле аудандарының орталықтарына осындай бақылау камераларын орнату жоспар­лан­са, телімдік инспекторларды бас­панамен, автокөлікпен қамтама­сыз ету толығымен шешімін тап­қанын айтуға болады. Алаңда­тар­лығы өңірде маскүнемдікке салынған 13 мың адам есепке алынған. Алқа мәжілісінде облыстың оңтүстік аймағында осы дерттен мәжбүрлеп емдейтін арнайы орын ашу қажеттігі де айтылды. Алматы облысының про­ку­ро­ры Ерлік Кененбаев та қам­тылмаған біраз мәселені жинал­ғандар назарына ұсынды. Өңірде өткен жылдары жүргізілген қыл­мысқа қарсы күрес бағдарламасы нәтиже бергенімен, жалпы қылмыс саны күрт өсуге бағыт алғанын айтты. Ағымдағы жылы өзге деректерді қоспағанда жал­пы қылмыстың 27 пайызға артуы мен жазалау орындарынан шық­қандар жасаған қылмыстардың үш есеге көбеюі тәртіп сақшы­лары­ның әсерлі сауықтыру мен алдын алу шараларын талап тұрғысында жүргізбейтіндігінің дәлелі. Сонымен қатар, сабаққа бармайтын балалар саны да 153-ке жетіпті. Облыс прокуроры полиция қызметкерлерінің сапа емес, сан қуалауға салынғанын да сынға алды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.