Биыл бұл мерекенің мәні тіпті терең. Өйткені 2026 жыл – қазақ кәсіби театрының 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бір ғасырлық тарих – жай ғана уақыт өлшемі емес. 1926 жылы қазақтың тұңғыш кәсіби театрының шымылдығы түрілген сәттен бастап, сахна ұлттық ойдың мінберіне, рухтың тірегіне айналды. Содан бергі жүз жылда қазақ театры небір сындарлы кезеңді бастан кешірді. Әр дәуір өз үнін, өз тынысын сахна тілімен жеткізді.
Сахнада өмір сүретін актер – уақыттың куәгері ғана емес, оның жаратушысы. Ол әр образ арқылы адам тағдырын, қоғам қайшылығын, өмірдің мәнін қайтадан тудырады. Режиссер – сол әлемнің сәулетшісі. Ал көрермен – осы ұлы шығармашылықтың ажырамас бөлігі. Театр осы үшеуінің тоғысқан тұсында ғана толыққанды өнерге айналады.
Ғасырлық белеске жеткен қазақ театры бүгінде жаңа ізденістермен, жаңа формалармен толығып келеді. Дәстүр мен жаңашылдық үйлесім тапқан бүгінгі сахна – өткеннің тәжірибесі мен бүгіннің батыл қадамының тоғысы. Эксперименттік бағыттар, заманауи драматургия, режиссерлік тың шешімдер – мұның бәрі театрдың тоқтамайтын тіршілік иесі екенін дәлелдейді. Ал Халықаралық театр күні мен қазақ кәсіби театрының 100 жылдығы – бір-бірімен астасқан қос үлкен мереке. Бұл – өткенге тағзым, бүгінге баға, болашаққа бағдар. Себебі Халықаралық театр күні – мереке ғана емес, бұл – ойланатын күн. Театр бізге не берді? Біз театрға не бере алдық? Қазіргі көрермен сахнадан не іздейді? Осы сұрақтар әрбір өнер адамының ғана емес, әрбір қоғам мүшесінің алдында тұруы тиіс. Сахна шамы сөнбесін десек, рух шырағын өшірмеуіміз керек. Театрға бару – мәдениетке құрмет, өзіңе деген жауапкершілік. Өйткені театр – тек өнер емес, ол – адам болудың мектебі.