әрбір азамат атсалысса ғана мүмкін болады
Сыбайлас жемқорлықпен күрес үдеген сайын мемлекет қаражатын жымқыратындардың саны неге арта түседі? Бұған қарағанда біздегі күрестің тиімділігі кемшін сияқты. Осы зауал жалғыз бізде емес шығар, ендеше басқа дамыған елдер онымен қалай күреседі екен? Міне, осы сұрақтың жауабын өзімізше іздеп көрген едік.
Бір ауыз сөзбен жемқорлықтың бастауларына тоқтала кетейік. Жемқорлықтың қордасы – тендер. Тендер арқылы жекеменшікке жұмыс жүктегенде бәленше миллионды оның есепшотына аударатын пайдакүнем шенеунік осыдан өзіне бірдеңе алмаса іші удай ашитын сияқты. Оның үстіне ақшаны алып, жұмысты тындырмақ болған кәсіпкердің де барлығы бірдей қаражатты барынша тиімді жұмсап, жобада көрсетілген тапсырысты толық орындайтынына күмән көп. Оның жұмысының сапасын тексеретін қызмет те «бармақ басты, көз қыстыға» жол беріп жататыны даусыз. Соның кесірінен жобада көрсетілген көп жұмыстар атқарылмай, келте қайырылып жатады. Мәселен, тендерде жеңіп алған қаржымен мектеп салынса, ауладағы спорттық қажеттіліктер, ойын алаңдары «ұмытылады», аурухана тұрғызылса да сол – ауланы абаттандыру, науқас жандардың таза ауамен тыныстау орындары секілді нысандарға жоспарланған «ақша жетпей» қалады. Оның сылтауы да оп-оңай: құрылыс материалдарының бағасы өсіп кетті, инфляция жеп қойды дегенмен шектеле салады. Ал шын мәнінде оларға қарастырылған қаражаттар «бөліске» кеткен... Ол-ол ма, жобада көрсетілген бағалы құрылыс материалдары да қолданылмай, бұзылған үйлерден түскен арзан кірпіш, сапасыз құм, арзан цемент және т.б. қолданылып, жебірлердің қалтасына жем болып түскен қаражаттың орнын жабады және қалғаны құрылысты салушыны байытады. Осының бәрі құпия болудан әлдеқашан қалып, жұрттың бәрі білетін «бөліс процесіне» айналғалы талай заман болды. Ортадан жоғары ғана еңбекақы алатын кейбір шенеуніктің таза табыспен өмір-бақи ішпей-жемей, киім кимей, бала оқытпай, әйеліне қымбат киімдер мен алқа-жүзік әпермей жинаса да ақшасы жетпейтін 2-3 деңгейлі коттедждері мен басқа да қымбат дүниелері содан тұрғызылып жатады...
Бұл белгілі жайттар. Біздің айтпағымыз осыған қарсы тұрудың жолдары ғой.
Дамыған елдер пара алушы туралы салық орындарына ақпарат беріп, қылмысты қайтаруға көмектескен адамға талапайға түспекші қаражаттың 10-15 пайызы көлемінде сыйақы беретін көрінеді. Мәселен, жуырда АҚШ-тың салық орындары осындай қылмыс туралы ақпарат берушіге 104 млн. доллар беріпті, сөйтіп мемлекет қазынасына талапайға түскелі тұрған 780 млн. долларды қайтарған. Осындай дәстүр Еуропаның озық елдерінде бар. Осыны білетін парақор маңайындағы қызметкерлерінен қорқып, параға жоламайды екен. Сайып келгенде, саналы Еуропада пара алушы туралы ақпарат беру – патриоттық іс әрі қалтаға қомақты қаржы түсіретін пайдалы жұмыс деп бағаланатын көрінеді.
Осы тәртіпті білгенде кешегі тарихымыздағы бір оқиға есімізге түсті. 1989 жылы КСРО халық депутаттарының І съезінде Жоғарғы Кеңеске сайланған депутаттар Геннадий Колбинді Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінен КСРО-ның Халықтық бақылау комитетіне төраға етіп сайламақ болып жатты. Алайда, көптеген депутаттар оны бұл қызметке лайық көрмей, өткір сұрақтардың астына алған еді. «Сіз Қазақстанды біршама уақыт басқардыңыз, сонда сыбайлас жемқорлықпен қалай күрестіңіз?» деген де сұрақ болды. Шыж-быжы шығып, сасқалақтаған Колбин «сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, «біз Қазақстанда қылмыскерлердің жеген ақшасын өз еркімен қайтаруы туралы келісімге келіп, қомақты қаражатты бюджетке қайтарттық» дегені ғой. Ол кезде мұндай мәлімдеменің өзі қылмыспен парапар еді. Депутаттар да соған сарт етіп жабыса кетіп, «ақша жеген қылмыскерлермен мәмілеге келген деген не сұмдық?», деп ол байғұсты қатты тұқыртып тастаған еді. Енді бүгін қарап отырсақ, «жаманның айтқаны емес, сандырағы келеді» дегендей Колбиннің сол сөзінің жаны бар болып шықты. Желінген үлкен қаражатты қайтарту үшін жемқорлардың бел ортасында жүрген адамға сыйақы ретінде біршама қаражат беру керек екен... Сөйтіп, парақорды «өз адамының» күшімен құрықтауға болатынға ұқсайды.
Еуропада жол тәртібін бұзу да жүргіншілердің өз дабылының арқасында құрықталған көрінеді. Өйткені, еуропалық автомобиль жүргізуші жол тәртібін бұзған әріптесі туралы жол полициясына жедел хабар беруге тырысады. Оның бұл әрекеті – болуы ықтимал жол апатының алдын алу деп бағаланып және сол апаттың салдары мен келтіретін шығыны есептеліп, соның есебінен 10-15 пайыз көлемінде дабыл қағушыға сыйақы төленетін көрінеді. Сондықтан, еуропалық жүргізушілер әріптестерінің жол тәртібін бұзғанын көрсе, полицияға дер кезінде қуана хабарлайды екен. Осыны білетін жүргізушілер ешқашан жол тәртібін бұзбауға тырысады.
Осындай тәртіптерді Солтүстік көршіміз де өздеріне енгізуді жоспарлап отыр. Болашақ қылмыс туралы ақпарат берген адамға мұнда ықтимал шығынның 15 пайызы көлемінде сыйақы төленбекші, бірақ ол 3 млн. рубльден аспауы керек делінген («АиФ», №22, 20.05.2015 г.) Алайда оларда «стук», «стучать» деген сөздер талай жазықсыз адамның көзін құртқандықтан, Сталин заманынан бері жеккөрінішті болып қалған. Сондықтан, ондайларды тіміскі, алатұяқ, жансыз деп санап, жек көреді. Жазықсыз жанды қаралап, үстінен арыз жазған сияқты емес, бұл хабар қоғамдағы қылмыстың алдын алу емес пе? Сөйтіп, өзің өмір сүріп жатқан ортаны сауықтырып, тазалық пен тәртіпке қосқан үлесің емес пе? Осыны халыққа түсіндіру бағытында көп жұмыс істеуіміз керек дегенді қазір орыстың озық ойлы адамдары айтып жүр.
Бізге де осы іс керек екені даусыз. Әйтпесе, жебірлік сырқатына ұшыраған қоғам дертінен қалай айықпақ? Ондай жерде заң да өз күшінде бола алмайды. Президент те осыны айтып, заңның үстемдігінің болуын қатаң талап етіп отыр емес пе? Жемқорлар біреуден жасқанса ғана жемсауын толтырудан арылар еді. Ал оған қарсы қолдан келген барлық амалдар қолданылуы керек қой. Ол үшін озық елдердің оңтайлы тәжірибесін қолданып жатқанның да айыбы жоқ.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».