14 Мамыр, 2015

Бүкіләлемдік әйелдер конференциясына шақыру

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Жа­по­нияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Масаеси Камохарамен кездесті.

Кездесу барысында Мем­лекеттік хатшы Жапо­ния­ның Қазақстан үшін маңыз­ды стратегиялық әріптес еке­нін жеткізіп, екі елдің ара­сындағы саяси және әлеу­­меттік-экономикалық ынты­мақ­тас­тықты одан әрі дамытуға Қа­зақ­стан жағы мүдделі еке­нін атап өтті. Елбасы Н.На­зар­баев­тың 2008 жылдың мау­сым айын­да Жапонияға жасаған сапары­ның нәтижесі страте­гиялық серіктестікті нығай­туға ықпал еткендігі де ай­тылды. Сонымен қатар, Г.Әбді­қалы­қова Қазақстан мен Жа­по­ния­ның үкіметтік және жеке сек­торларының экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бір­лескен комиссиясының қызметін жоғары бағалады.

2014 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 1,7 млрд. АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт – 741 млн. доллар, ал импорт 925 млн. доллар болды. Кездесу барысында әлеу­меттік-гуманитарлық сала­дағы Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарын дамытудың өзек­ті мәселелері қозғалды. Г.Әб­ді­қалықова екі ел халықтарының өсіп келе жатқан өзара мүд­де­лестігі жағдайында мәдени алмасулардың маңыздылығына ерекше тоқталып, мәдениет саласында екіжақты келісім жасау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Кездесу соңында тараптар гендерлік теңдік мәселелерін, соның ішінде 1995 жылы өткен БҰҰ-ның әйелдер ахуалы жөніндегі төртінші бүкіләлемдік конференциясында қабылданған Бейжің декларациясы мен Іс-қимылдар тұғырнамасы ая­сындағы мәселелерді талқылады. Сон­дай-ақ, Жапония елшісі Мемле­кеттік хатшыға биылғы жыл­дың тамыз айында Токио қаласында өтетін 2-ші Бүкіл­әлем­дік әйелдер конференциясына қа­тысуға Жапония Премьер-министрі Х.Абэнің шақыруын табыс етті. Кездесуге Қазақстан тарапынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко, Жапония тарапынан Парламенттік білім, мәдениет, спорт, ғылым және технология аға вице-министрі Мотоюки Фудзии, Мәдениет агенттігінің дүниежүзілік мұралар жөніндегі бөлімінің директоры Такахиро Окамота қатысты.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».