27 Маусым, 2015

Ерекше мектептің ерекше табысы

860 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_5403 Айрықша тарихы бар Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаты биыл үлкен табысқа жетіп отыр. 10 бірдей оқушы ҰБТ нәтижесінде «Алтын белгі» алса, 43 мектеп бітіруші халықаралық, республикалық олимпиадаларда топ жарды. Биыл талантты түлектерге «Алтын белгілерін» табыстау үшін Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев аталмыш мектепке арнайы келді. Осылайша, аталмыш білім ордасы білімнің биік деңгейін көрсетті. Ата-ана да он жыл бойы баласының болашағы үшін төккен терінің нәтижесін көрді. Мектеп бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 102 балды құрады. Вице-министр республикалық дең­гейдегі мектептің дарынды түлек­теріне аттестат тапсыру салтанатында: «Сіздерді мектеп бітіргендеріңізбен ғана емес, осы оқу орнын таңдаған күндеріңізбен де құттықтаймын! Бұл – ұлттың иісі аңқыған ерекше тағ­дыр­лы мек­теп! Бұл мектептен қо­ғам қайрат­керлері, таны­мал әншілер, талай атақты тұлғалар, айтулы журналистердің легі шыққан. Жақсы білім – жақсы болашақтың кепілі», деді. «Алтын белгі» иелері медальдарын вице-министрдің қолынан алса, халықаралық жарыстардың жеңім­паздарына аттестаттарын осы мектеп­тің түлегі, генерал-лейтенант, мемле­кет және қоғам қайраткері Әділ Шаяхметов табыстады. Реті келіп тұрғанда, елу жыл бойы Алматыдағы «№2 мектеп-интернат» атанған білім мекемесі 1957 жылы республикадағы шопандардың балалары үшін деген оймен қаладағы №12 мектептен кейін ашылған екінші қазақ мектебі екенін еске сала кету керек. Бұл білім ұясы қай кезден бастап қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыта бастады десек, Желтоқсан оқиғасынан кейін ұлттың рухы мен намысы оянды. Өз тілімізді ұлықтамасақ халық ретінде жойылып кететінімізді ұқ­қан ел азаматтарының араласуымен, 1988 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысы шығып, мектеп – республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын білім ұясы мәртебесіне ие болды. 2003 жылы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты деп атауы қайта толықтырылды. Алматыдай үлкен қаладан ауылдың иісін шығарған, шәкірттері тек қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын, қазақша түс көретін осынау мектеп талай тұлғаларды түлеткен. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, атақты композитор Кеңес Дүйсекеев, ҚР ҰҚК академиясының бұрынғы бас­шысы, генерал-лейтенант Әділ Шаях­метов, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев, халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі сынды азаматтар осы №2 мектеп-интернатта оқығанын әрдайым мақтан тұтады. Енді, міне, заман өзгерді. Білімде де, өнерде де, өмірде де бәсеке бар. Бала бойындағы дарынды дамытуға бірінші кезекте ата-ана жауапты болып тұрған кезең. Қысқасы, дер кезінде сапалы білім алуға, өнер үйренуге, тіл меңгеруге жүрдім-бардым қараған бала да, бағдар беруге ықпал етпеген әке-шеше де «қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» керін келтіреді. Сондықтан, мемлекетіміз де дарынды балаларды қолдауда, тегін оқытып, талантын ашуда қол қусырып отырған жоқ. Осындай білім мекемелерінің бірі –Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды бала­ларға арналған қазақ тілі мен әдебие­тін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты. Егеменді еліміздің ең басты мақсаты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Кемел адамның бір қасиеті – тіл байлығы, өз ойын нақты, терең мағыналы әрі көркем жеткізе білу болса, бұл өнердің бәрі де мектепте бар. Мұғалімдердің міндетін ықыласпен атқаруына жағдай жасалған, бай кітапхана жұмыс істейді. Биыл әдебиетке, жазуға бейімі бар шәкірттердің «Шыңдау» атты жи­нағы шығарылыпты. Аружан Ары­нованың «Көңіл толқыны», Жансая Себепованың өлеңдер жинағы, Дана Руслан­қызының «Сезім тамшы­лары» атты жеке кітаптары жарық көрген. Мектеп оқушылары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­сите­тінде, Ресейде өткен «Созвез­дие-2015», «Математика және жобалау-2015» олимпиадасы мен Якутияда өткен халықаралық байқауға қатысып, жүл­делі орындардан табылса, Байқоңыр қаласындағы «Ғылым әлемін ашамыз» халықаралық жарысына 12 оқушы қатысып, білім гранттарына ие болыпты. – Мектебімізге республиканың түкпір-түкпірінен дарынды балалар терең білім аламыз деген ниетпен келеді. Ылғи үздіктер жиналған ортадан жүйріктердің ғана озып шығары сөзсіз. Балалар бір бірінен қалмас үшін барын салып оқиды. Оның үстіне бүгінгі заман – бүкіл жаңа технологиялардың қарыштап дамыған заманы. Тіпті, теледидарды сөзбен қосып, сөзбен басқа­ратын дәрежеге де жеттік. Иннова­циялық және интеллектуалдық бағытта білім беру бағдарламаларын барынша жетілдіруді көздеп отырмыз. Ендігі жылғы меже – оқушылардың білім сапасын мұнан да жоғары деңгейге көтеру, – дейді мектеп директоры, білім беру ісінің үздігі Мұхтар Ботабайұлы Ибраимов. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.