Мұнайлы өлкедегі Қаламы қарымды қаламгердің бірі – Жоламан Бошалақ. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері жүрегі қалаған кәсібі – журналистикаға адалдығынан жаңылмады. Осы салада табан аудармастан 40 жылдан астам жемісті еңбек етті. Аудандық басылымнан арна тартқан еңбек жолы тек баспасөзбен байланысты өрілді. Қаламынан шыққан туындыларында майлы қиянға айналған Маңғыстау өңірінің түйткілді мәселелерін кеңінен толғады. Өңірдегі жақсы істерді оқырманға жеткізуге асықты. Әулиелер мекеніндегі жасампаз істермен бірге, айтулы адамдары жөнінде де қалам тербеді.
Жоламан ағамыз тақырып талғамай жазатын қаламгер ғана емес, әріптестерін жақсы істерге ұйыстыра білетін тамаша басшы болуымен де танылды. Телеарнаны да басқарды, әсіресе, «Маңғыстау» газетіне бас редакторлық еткен жылдарда ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінді. Әріптес ағамыздың өзі ел басылымы – «Егемен Қазақстанның» Маңғыстаудағы меншікті тілшісі қызметін атқарған жылдарын өмірінің бір белесіне балайды.
Жақында «Егеменнің» ардагері Жоламан Бошалақты Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов арнайы шақырып, ерекше құрмет көрсетті. Өйткені, Жоламан ағамыз осы ауданда дүниеге келіп, осы ауданнан үлкен өмірге қанат қаққан. Оны ұдайы айтып жүреді. Бауырмалдығымен, адами қасиеттерімен баршаға тілеулес болып жүретін Жоламан Бошалаққа Жылыой ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
– Елдің ықыласынан артық не бар? Әсіресе, туған жердегі жақсы істерге сүйсініп, жерлестердің ыстық ықыласына бөленгенге, құрметін көргенге не жетсін! – деп ағынан жарылды Жоламан аға.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.