27 Маусым, 2015

Бюджет қаржысы қатаң бақылауда

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
немесе ақылы жолдарда жеңіл көліктер тегін жүруі әбден мүмкін Астанада «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру мақсатында қаралған бюджет қаражатын тиімді жұмсау және оған бақылау орнату бойынша Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы комиссияның отырысы өтті. Жиынға Мәжіліс депутаттары, бірқатар министрліктердің, ұлттық компаниялардың лауазымды тұлғалары және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «Бәйтерек» холдингінің өкілдері қатысты. Жиынды ашқан Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партия­сы фракциясы жетекшісінің орын­басары Нұртай Сабильянов «Индустриялық, энергетикалық инфрақұрылымдардың дамуы, шағын және орта бизнесті қолдау», сондай-ақ, «Көлік-логистикалық инфрақұрылым» тақырыптары бойынша кеңінен әңгіме өрбіте келіп, осы бағыттарда еліміз бо­йынша жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға тоқталды. Сондай-ақ, ол бюджет қар­жысын тиімді жұмсау және оны бақылау жөніндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы комиссияның кәсіп­керлік субъектілерімен өңір­лерде жүргізген жұмысының нәтижесінде анықталған кейбір түйткілдерге тоқталды. Оның айтуынша, несие сомасының мәлімделген көлемі 50 пайызға қысқаруы, мүліктік кепілдіктің төмен бағалануы, банктердің кәсіпкерлер өтініш­терін қарау мерзімінің ұзақтығы өзекті мәселе болып тұр. Сон­дай-ақ, банктер талап ететін құжат пакеттерінің көптігі де кәсіпкерлердің қолын байлауда. Бұған қоса, Нұртай Сабильянов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен банктердің проблемалық несиелер қорының жарғылық капиталын ұлғайтуға қарастырылған 250 млрд. теңге Үкіметтің резервін көбейтуге бөлінгенін жеткізе келіп, «Комиссия Ұлттық банктен проблемалық несиелер жөнінде ақпарат сұрағанында, олар бұл ақпараттар банк құпиясы қатарына жататындығын айтады. Осыған байланысты екінші деңгейлі банктер туралы заңға өзгерістер енгізуді жоспарлаудамыз. Біз мұны бастама етіп көтереміз», – деді. Елбасы бастамасымен елі­міз­де жүзеге асырылып жатқан жобалардың жұмысы мен оларды қаржыландырудың тетіктері және бюджеттен бөлінген қа­ражаттардың жаратылу барысы жан-жақты баяндалған бұл отырыс барысында Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев, Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек және тағы басқалар сөз сөйледі. Жиында белгілі болғандай, Инвестициялар және даму ми­нистрлігі ақылы жолдарда жеңіл көліктерді тегін жүргізу ісін қолға алуда. Бұл жөнінде вице-министр Жеңіс Қасымбек: – Ақылы жолдар бойынша бүгін мәселе көтермедік, дегенмен, мен үлкен хабар айтқым келіп отыр. «Астана – Бурабай» тәжірибесінен көріп отырмыз, 80-85 пайыз пайданы жүк көліктері мен автобустар түсіреді. Біз болашақта ақылы жолдармен жеңіл көліктерді тегін жүргізуіміз мүмкін. Тек жүк көліктерінен ақы алатын боламыз. Меніңше, бұл қисынды болар еді. Егер депутаттар келесі сессияда қолдаса, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуге дайынбыз, – деді. Басқосу соңында «Инду­с­триялық, энергетикалық инфра­құрылымдардың дамуы, шағын және орта бизнесті қолдау» және «Көлік-логистикалық инфра­құрылым» бағыттары бойынша бюджеттік қаржылардың жұм­салуына қатысты аралық қоры­тынды шығарылды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».