15 Тамыз, 2015

Мәңгі жасыл Малайзия

580 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
122 (1) Хари Рая Пусса – Малайзияның ресми мемлекеттік мерекесі. Бұл – Ораза айы аяқталғаннан кейін атап өтілетін діни ұлттық мереке, бізше айтқанда – ораза айты. Ол ораза біткеннен кейін үш күн бойы әрбір отбасында тойланады. Сонымен бірге, ораза өткеннен кейін белгіленген бір күні мемлекеттік ауқымда ел басшысының қатысуымен ресми түрде атап өтіледі.  Премьер-министрдің қаты­суымен ресми түрде аталып өті­летін аталмыш мерекеге қатысу үшін Рембау қаласына аттандық. Рембау – Негри Сембилан штатына қарасты тоғыз аудан орталы­ғының бірі. Қала орталығындағы үлкен алаң мереке салтына сай безендірілген. Алаңның қақ төрін­де арнайы құрылған үлкен сахна­ның маңдайшасына айшықты әріп­термен «Selamat Hari Raya» «Жаса, Хари Рая мерекесі!» деп жазылған ұран алыстан көз тартады. Иодты шамдардың неше түрлі бояуларымен түрленген жазу көз жауын ала мың құбылады. Дүркін-дүркін әр жерден отшашу жарқырайды. Рембаудың кешкі аспаны найзағай оты ойнағандай құлпырады. Алаңның бір шетінен орталық сахнаға дейін қып-қызыл кілем төселген ұзын жол жасалған екен. Сол жолмен үздік-үздік жоға­ры лауазымды шенеуніктер мен штат басшылары лауазым дәре­же­леріне қарай жүріп өтіп, өзде­ріне белгіленген дастарқанға жай­ғасады. Қызыл кілемді жолмен жүрген кезде алдымен ұлттық киім киген отағасы – жоғары лауазым иесінің өзі, одан кейін үлде мен бүлдеге оранған зайыбы, содан кейін отбасындағы еркек балалар, ең соңында қыз балалар жүріп өтеді екен. Бәрі де әсем ұлттық киім­деріне малынып, қызыл кілем төсел­ген жол­мен жүріп өтетін өнер жұл­дыздары сияқты. Атшаптырым алаңның орта­лығына, мерекелік сахнаға қарама қарсы ақ дастарқан жайылған жүздеген үстелдер қойылған. Ақ дас­тарқан мерекелік дәм мен сусын­ға толып тұр. Шақырылған қонақтар тиісті үстелдеріне отырып, дастарқан мәзірінен ауыз тиіп жатыр. Мерекеге жиналған қарапайым халыққа да алаңда орнатылған бірнеше асханалардан тағамдар мен сусындар таратылып жатыр. Бәрі тегін. Шынайы мерекелік молшылық. Біз отырған дастарқанға Малайзияның туризм және спорт министрі Хайри Жамалудин мырза арнайы келіп, сәлем берді. Премьер-министрдің қатысуымен өткізілетін бүгінгі мерекелік шараның жай-жапсары туралы қысқаша мәлімет берді. Әңгімеміздің бастауында ай­тып өткеніміздей, Малайзия хал­қын негі­зінен үш ірі этнос құрай­ды. Олар: малайлар (бумипутра), қытайлар және үнділер. Міне, осы үш халықтың үш үлкен ұлттық мерекесі – малайлардың – Хари Рая Пусса, қытайлардың – ваджрая­ны (қытайша жаңа жыл), үндіс- тердің – дипавала атты ұлттық мерекесі жылына бір рет үкімет басшысының қатысуымен ресми мемлекеттік мереке түрінде аталып өтіледі екен. Бұл Малайзиядағы этносаралық бірлікті нығайтуға бағытталған ықпалды шара болып табылады. Кешкі сағат сегіз шамасында зеңбіректен аспанға үш дүркін оқ атылып, алаңға Малайзия премьер-министрі Наджиб Тун Разак келді. Көппен бірдей премьер-министр де қызыл кілем төселген жолмен жүріп өтті. Ел басшысы мен оның зайыбын алаң толы жұрт тік тұрып, ду қол шапалақтап қарсы алды. Сахнаға сан түрлі ұлттық киім­дер киген өнерпаздар шығып, мың бұралған би өнерін көрсетті. Бишілерге қосыла бүкіл алаң тербеле билеп кеткендей болды. Ұлттық әні мен биін тура осылай құрметтейтін халық сирек сияқты көрінді бізге. Салтанатты шараны жүргі­зушілердің шақыруымен премьер-министр Наджиб Тун Разак сахнаға шықты. Ол ұлттық киім киген қыз-жігіттердің құрметті қоршауымен сахнада тұрған үлкен келіні келсаппен бірнеше рет түйіп, қасиетті Хари Рая мерекесінің салтанатты түрде басталғанын паш етті. Сахнада Малайзияның сансыз туы желбіреп, мемлекеттік әнұраны шыр­қалды. Бүкіл алаң орындарынан тік тұрып, Рембаудың түнгі тылсымын жаңғырықтыра Малайзия әнұранын шырқады. Содан кейін премьер-министр қыс­қаша құттықтау сөз сөй­леп, штат басшыларымен ере кел­ген минис­трлерді бастап, дастар­қандарды аралады. Ол бүгінгі мереке салтанатына арнайы шақы­ры­лып, жеке дастарқандарда отыр­ған мүмкіндіктері шектеулі адам­дар­дың әрқайсысын мереке­мен құттықтап, оларға арнайы сый­лықтар мен конвертке салынған демеушілік қаржыларды табыс етті. Премьер-министр өз орнына жайғасқаннан кейін алып сахна тағы да өнерпаздарға толды. Әуезді ән мен ырғақты би бірін-бірі алмастырып, Рембаудың түнгі аспанын тербеп кетті... Ертеңіне қонақжай Негри Сембилан штатымен қоштасып, Теренггану штатының астанасы Куала Теренггану қаласына аттандық. Жергілікті Air Asia әуе компаниясының ұшағы бізді штат астанасындағы Махмуд сұлтан атындағы әуежайға жеткізді. Әуе­жайда бізді Теренггану штаты туристік департаментінің қызмет­кері қарсы алып, штат астанасына шағын саяхат жасатты. Куала Теренггану қаласының іргетасын ХVIII ғасырда қытай көпестері қалаған екен. Сондықтан шығар ескі қаланың орталық көшесі Чайнатаун аталады. Жал­пы, қала тұрғындарының басым көп­шілігі қытайлар көрі­неді. Қала­ның архитектуралық келбетінде қытай шеберлерінің қолтаңбасы көп байқалады. Мұнда туристердің ең көп тамашалайтын орындары – штаттың орталық музейі. Кристалл немесе Хрусталь мешіті және Букит Путри («Ханшайым қыраты») болып табылады. Осы дәстүр сабақ­тастығымен Хрусталь меші­тіне келдік. Кристалл немесе Хрус­таль мешіті бүгінгі әлем­дік архи­тектураның керемет ғажайып­тарының бірінен саналады. Бұл сәулет өнерінің озық туындысы штат сұлтаны Миизан Зайн әл Абидиннің бастамасымен 2008 жылы салынған көрінеді. Хрусталь мешіт Куала Теренггану қаласындағы ислам мәдениеті мұраларының паркіне салыныпты. Ислам мәдениеті мұраларының паркінде дүниежүзіндегі атақты 22 мешіттің кішірейтілген макеттері тұрғызылыпты. Хрусталь мешіті Оңтүстік-Шығыс Азиядағы, Джа­кар­тадағы «Истикляль» мешітінен кейінгі ең үлкен мешіт болып саналады. Хрусталь мешітінің күмбездері айнала шынымен жабылған темір құрылғылардан тұрғызылыпты. Мешіт сәт сайын құбылып тұратын жеті түспен құлпырады. Күндіз мешіт күн нұрына шағылысып, көз жауын алса, түнде ол сансыз түсті жарықтармен құбылып, қиял-ғажайып әлеміне жетелейді. Сонымен бірге, күн энергиясы мешіттің ішіндегі температураның ауа райының ыстығында ешбір өзгеріссіз бірқалыпты ұстап тұра­ды. Мешіт бүгінгі заманның үздік технологияларымен, интернетпен жарақтандырылған. Мешіт жасанды көл үстінде жүзіп келе жатқандай әсер қалдырады. Оның ең үлкен мұнарасының биіктігі 42 метр екен. (Жалғасы бар). Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген автор.