Мұнай-газ өндіру ісі аптап ыстық, қаһарлы суықпен санаспай сайын дала төсінде атқарылатын еңбек болғандықтан, онда барлық жұмыс түрлері қол күшімен жүзеге асырылады, заманауи жаңару мен жаңғырудан алыстау жатыр деуге болмайды. Барлық қызмет түрлеріне, әрбір салаға тән заманның ағымына қарай икемделу, жаңалықтарды игеру мен жаңа технологиялармен қарулану бұл салаға да тән.
Қазіргі таңда еліміздегі мұнай-газ өндіру ісінде бірқатар қиындықтар да, жағымды жетістіктер де бар. Қиындық тұтыныстағы кен орындарында қажетті қазбалар қорының азаюы немесе олардың жердің терең қабаттарына шөгуінде жатса, жаңалық сол қиындықты еңсере отырып тиімділікке қол жеткізу үшін жұмыс барысын оңтайландыру, ауырды жеңілдету, жаңа технологияларды меңгеруде жатыр. Саладағы сан мыңдаған маманды түрлі шетелдерге апарып оқытып, кәсіби тұрғыдан бесаспап етіп жетілдіріп әкелу мүмкін де, міндет те емес. Мамандардың өз елінде, өз жұмыс орнында жүріп-ақ жауапкершілігін толық сезініп, жұмысын мінсіз әрі шебер, сапалы да тиянақты атқаруына қажетті жағдайлар мен шаралар құзырлы орындар тарапынан қолға алынып, жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Аясына бірнеше ұсақ мекемелер мен ондаған еншілес кәсіпорындарды топтастырған алып мекеме, қазақ мұнайының қарашаңырағы іспетті – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-да бұл іс мақсатты жүргізілуде. Солардың бірі – мұнайшылар арасында бірнеше мамандық бойынша үздік мамандарды анықтап, оларға жыл бойы қолдау көрсетуге дәстүрлі сипат берілуі. Бұған дейін Атырау облысындағы Ембі аумағындағы мұнай кәсіпшілігінде үш рет, «Өзенмұнайгазда» екі рет және Бозашы бойындағы Қаражанбас кен орны кәсіпшілігі мен Қызылорда облысындағы «ҚазГерМұнайдың» әрқайсысында бір реттен өткізілген «Үздік маман» сайысы биыл тағы да Маңғыстау жерінде, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты өндірістік мекемелердің кең алаңдарында ұйымдастырылды. «ҚМГ» БӨ» еншілес ұйымдары мен бірлескен кәсіпорындары қызметкерлерінің арасынан өз ісінде суырылып шыққан шеберлерді анықтау мақсатындағы сайыстың жаңа 8-ші маусымының салтанатты ашылуы Ақтау қаласында болып, еліміздің батыс аймағынан жиылған сайыскерлер мен қонақтарды «ҚМГ» БӨ» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Қ.Елеусінов, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры М.Ибағаров құттықтады.
– Компанияның алдында мұнай өндіру жоспарын ойдағыдай орындау міндеті тұр. Ол өз кезегінде мамандарымыздың кәсіби біліктілігіне, шеберлігіне қатысты болып келеді және әрбір маманнан білім, білік, жауапкершілік күтіледі. Дәстүрлі «Үздік маман» сайысын өткізу арқылы біз мұнай саласының бірнеше мамандықтары бойынша үздіктерді анықтап қана қоймай, мұнайшылар арасында өз ісінің шебері болуға деген ұмтылысты қалыптастырамыз, бұл жұмыс сапасына оң ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, еншілес кәсіпорындардың қызметкерлері бұл байқауға жыл бойы дайындалады. Білімі мен тәжірибесін жетілдіріп, жұмыс сапасын жақсарта түсуге тырысады, байқау арқылы қызметкерлеріміз өз қабілетін таныта алады, жұмысшы мамандығының мәртебесі артады. Биылғы жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының күнтізбесі осы «Үздік маман» байқауының жеңімпаздарына арналды, бұл арқылы компаниямыздың өз мамандарына, кадр сапасына қаншалықты назар аударып, қолдау көрсететінін білуге болады, – деді Қ.Елеусінов құттықтау сөзінде.
Сайысқа бұдан бұрын да қатысып, ысылған «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ және «ҚазГерМұнай» БК ЖШС компанияларымен бірге биыл алғаш рет «КРУЗ» ЖШС мамандары да қатысты. Мұнай саласының 58 маманы мұнай мен газды өндіру операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, мұнайды дайындау операторы, қабат қысымын қадағалау операторы, ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы, мұнай кәсіпшілігі құрылғыларын жөндеу слесарі, газ-электр дәнекерлеушісі, токарь, электромонтер, химиялық сараптама лаборанты, автоматика және бақылау-өлшеу құрылғыларының слесарі мамандықтары бойынша екі күн теориялық және тәжірибелік тұрғыда өзара білім мен білік сынасты. Алғашқы күн теориялық сынаққа арналса, екінші күн Жаңаөзен қаласындағы «Өзенмұнайгаз» АҚ өндірістік алаңдарындағы нақты іс жүзіндегі қызу сайысқа арналды.
– Біз аталмыш сайысқа дайындықты төрт-бес ай бойы жүргіздік. Дайындық екі бағытта жүрді, алғашқысы – сайыскерлер өздеріне жүктелген өндірістік-тәжірибелік тапсырмаларды алаңсыз, мұқият орындауы үшін қажетті қондырғылармен жабдықталған арнайы полигондар мен нысандар дайындалды. Екіншіден, әріптес компаниялардың мамандарымен сайыста өздеріне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, жұмыстағы шеберліктері мен мүмкіндіктерін толық көрсете білуі үшін цехта, басқармаларда, сосын компания деңгейінде сайыстар өтіп, ең мықтыларды іріктеп шығардық, – дейді «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры М.Ибағаров.
Жарыстың екінші күні сайыс барысын көзбен көріп, мұнайшылардың шеберлігіне тәнті болу үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ өндірістік базасындағы алаңдарға келдік. Аптап ыстық мұндай ауа райына әбден еті өліп кеткен мұнайшыларға әсер ететін емес – самайдан сорғалап, маңдайдан жосыла ағылған терді алақан сыртымен сыпырып тастап, өз жұмыстарына ынты-шынтымен кіріскен. Әр мамандық бойынша дайындалған арнайы орындарда сайыскерлер үшін барлық жағдай жасалған, ал олардың жұмысын қадағалап, еңбегіне баға беретін қазылар алқасы да мұнайшы-сайыскерлердің әрбір қимылы мен тиянақтылығын, жылдамдығын және жұмысының сапасы мен дәлдігін кірпік қақпай жіті қадағалап отырды. Алдымен атбасын тірегеніміз газ-электр дәнекерлеушілер сайысы болды. Комиссия төрағасы, «ҚМГ» БӨ» АҚ өндіріс және мониторинг басқармасының аға инженері Н.Гулджумаровтың айтуынша, аталмыш мамандық бойынша «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Ембімұнайгаз» және «КРУЗ» мекемелері бойынша 5 адам сайысқа түсуде екен. Олардың әрқайсысына 40 минут уақыт беріліп, мұнай өндіру ісінде қолданылатын құбырлар мен біліктерді сапалы жұмыс жүргізу барысында ешқандай қауіп-қатер туындатпайтын етіп диаметрлерін сақтай отырып, бұрыштарын дәлме-дәл келтіріп дәнекерлеу талабы қойылған. Екі станокта дәнекерлеушілер шеберліктерін дәлелдеу үшін қызу жұмысқа кірісіпті.
Екінші кезекте темір жонған токарьлардың сайыс алаңына келдік. Мұнда бізді өзіне жүктелген тапсырманы орындап шығып тұрған ембілік мұнайшы, нақтырақ айтсақ темір жөндеу шебері Латиф Гурьев қарсы алды.
– Қазір ғана өз саламызға қатысты түрлі операцияларды орындап шықтым. Мұнай саласында 1979 жылдан бастап, ал «Ембімұнайгаз» АҚ-да 1991 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Компаниямызда өткен сайыста жеңімпаз атанып, осы аймақтық сайысқа қатысуға мүмкіндік алдым. Токарь мамандығы бойынша бес адам сынға түсудеміз, бәрі де өз жұмыс орындарынан таңдалып келген жүйріктер. Менің мұнай саласындағы еңбек жолым басталғанына 36 жыл болды, осы жылдар ішінде жұмыс үрдісіне біраз өзгерістер, жаңалықтар енді. Жалпы, тәжірибеміз жеткілікті болғанмен, жаңаша жұмыс істеуді, заманауи технологияларды қолдануды меңгеріп, жас жігіттермен «күш сынасып» жатырмын, – деп күледі тәжірибелі мұнайшы.
№3 мұнай-газ өндіру басқармасы аумағындағы 6946 топтық қондырғысына қарасты №62 ұңғыма маңы да нағыз сайыс алаңына айналған. Мұнда «ҚазГерМұнай», «Ембімұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражанбасмұнай» компанияларының мұнай-газ өндіру операторлары ұңғыға тығырық салу жұмысымен сынға түсуде екен. №2 мұнай-газ өндіру басқармасы директоры А.Қаналиев өз мекемесі қосқан жүйрігіне жанкүйер ретінде қолдау көрсету үшін келіпті. «Мен өз жігіттеріме сенемін, күнделікті жұмыс барысында жасап жүрген жұмыстары ғой, сындардан сәтті өтеді деп ойлаймын» дейді ол байсалды қалыпта. Бұл сөзді «былтыр осы сайыста 2-орынды иелендім, биыл да дайындығым жаман емес» деп қуаттай түсті сайыскер, 5 разрядты оператор Әліп Ақжігітов. Ұңғыманың бұзылып қалмай, дұрыс жұмыс жасауына жауапты, ақау шықса уақыт оздырмай біліктілікпен жөндеуге міндетті болып саналатын операторлардың бірі Әліп мұнай саласында әке-шешесі жұмыс істеген мұнайшылар әулетінің 30 жасар ізбасар буыны екен.
Тағы бір сайыс қызған тұс ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасы арасында екен. Біз барғанда сайыс алаңына алғашқы болып шығып, өздеріне бөлінген уақытты еңсеріп, тапсырмаларды орындап болған қаражанбастық мұнайшылар көлеңкеде демалып отырса, ембілік мұнайшылар жарыс жолын жалғастырып жатыр екен. Ұңғымалардың жөндеуаралық мерзімін ұзарту, жиі бұзылуына жол бермеуді міндет еткен аталмыш бригада мұнай-газ саласындағы негізгі бригадалардың бірі. «Бұрғышы – мұнай саласында үлкен рөл атқаратын жұмысшы. Мұнайды шығару, ұңғымалардың жерасты дайындығын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Сайыс барысында қойылған қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтау, адам өміріне қауіптілікті болдырмау, ұңғымалардың белгіленген мерзім ішінде бұзылуына жол бермеу үшін кәсіби деңгейде сапалы жұмыс істеу талаптарына сай біздің тобымыз шеберліктерімізді көрсете алдық деп ойлаймын» дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ сайыскері М.Оразов. Оқу орталығының базасында бұдан басқа слесарь, мұнай жабдықтарын жөндеу мамандықтары бойынша сайыстар өтіп жатыр екен.
Кешке Ақтау қаласындағы сәулетті қонақүйлердің бірінде сайыстың қорытындысын жариялау, үздіктерді марапаттау рәсімі өтті. Марапат та осал емес – арнайы сый-сияпат, төсбелгімен бірге бір жыл бойы 1-орын алған жеңімпаздардың еңбакақысына 30, екінші орын иелеріне 20, үшінші орындағыларға 10 пайыздық қосымша ақы төленеді. Бір қызығы – сәті түсіп біз сұхбат алған «Өзенмұнайгаз» АҚ операторы Әліп Ақжігітов сөзінде тұрыпты – өз мамандығы бойынша алдыңғы орынды иеленіп шықты. Өзге де он мамандық бойынша жаңаөзендік мұнайшылар алдыңғы орынды ешкіммен бөліспепті. Сөйтіп, топтық есепте алаң иелері алға шықса, өзге де сайысқа қатысушы компаниялар алған орындарының есебіне қарай екінші, үшінші, төртінші орындарды бөлісті. Компаниялар басшыларының өзара келісім-ұйғарымымен келесі жылғы «Үздік маман» сайысы «Қаражанбасмұнай» АҚ-да өтетін болып белгіленді.
Әліп АҚЖІГІТОВ,
«Мұнай-газ өндіру операторы» мамандығы бойынша жеңімпаз, «Өзенмұнайгаз» АҚ операторы:
– Сайыстың қызығы да, қиындығы да мол болды. Қобалжу да, толқу да болды. «Өзенмұнайгаз» аумағында болып жатыр, сізге жеңіл шығар?» деген сұрақтар қойылды, расында олай емес, керісінше қалың қолдаушылардың сенімін арқалап сайысқа түсудің өзіндік қиындығы, жауапкершілік жүгі ауыр болады екен. Теориялық және тәжірибелік сындарда өткен бағаларымды қосу нәтижесінде 9,5 ұпай жинап, алдыңғы орынды иелендім. Қуанышым шексіз. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Мамандар, жұмысшылар арасында мұндай сайыстарды өткізіп тұру – әсіресе, жас мамандардың тәжірибе жинақтап жетілуіне көмегін тигізетін болады.
Жәнібек ЕРШЕ,
«Мұнай өңдеу жабдықтарын жөндеу» номинациясы бойынша 4-орын иегері, «Қаражанбасмұнай» АҚ төртінші разрядты слесарі:
– Мұнай саласында жұмыс істегеніме 21 жыл болды, бұрын Жетібай, Қаламқас кен орындарында жұмыс істедім. Биыл сайысқа алғаш рет қатысып тұрмын. Қиындау болды, бірақ әріптестерімді көріп, олардың тәжірибесіне тәнті болып қалған жайым бар. Алдағы жылдардан үміт күтемін, оған дейін күнделікті жұмыс барысында дайындық жасап жүргендей сезініп, өзімді теориялық және тәжірибелік тұрғыдан жетілдіре түсетін боламын. Сайыс мен үшін қызықты өтті, қатысқаныма қуаныштымын.
Зұлқарнай МЫРЗАБЕКОВ,
«Өзенмұнайгаз» АҚ «Ұңғымаларды жерасты жөндеу жөніндегі операторлардың үздік бригадасы» атынан:
– Мен биыл сегізінші рет қатысып тұрмын, Ембіде, Қаражанбаста өткен сайыстарда 2-орынды иеленген едім. Биыл бригадамдағы Мақсат Айдарханов, Нұрлыбек Нәукебаевпен бірге 8,75 ұпай жинап, 1-орын биігінен көріндік. Бұл «Өзенмұнайгаз» АҚ-да ұдайы жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижесі деп білемін және сол үшін компания басшылығына, «Үздік маман» сайысын ұйымдастырушыларға рахмет айтамын. Отбасымда төрт бала тәрбиелеп отырмын, сондай-ақ, әкем және апам мұнай саласының қызметкерлері. Отбасымдағы мұнайшылық кәсіптің әсері, оның үстіне бірнеше жыл қатарынан қатысып тәжірибе жинақтағандығымның әсері болу керек, бұл жолы қатты қиналған жоқпын. Әр өңірдің мұнайының сапасы да, өндіру технологиясы мен жабдықтары да әртүрлі ғой, Ембіде, Қаражанбаста қатысып жүріп осы жақтарына көңіл бөлгенмін. Маған бұл жолы осы тәжірибем көмекке келді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.
Суреттерді түсіргендер:
Серік МАЙЕМЕРОВ,
Талант ҚҰСАЙЫН.