Мерейді Өскеменнен шығатын «Менің өлкем» газетінде қызмет етіп жүрген кезінен білемін. Газетке мақалаларын, әлеуметтік желіге жазушы Оралхан Бөкейдің портретін, Алтайдың әйгілі Мұзтауы бейнеленген пейзаждарын жариялап жүргенін көріп, әрі журналист, әрі суретші ініме қызыға қарайтынмын. Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген ол Оралхан Бөкейдің ауылдасы екенін мақтан тұтады. Бала күнінде әйгілі жазушының ауыл көшесін қақ жарып бара жатқан асқақ, кербұғы кейпін көргенін жыр қылып айтады. Оқушы кезінде кеше ғана өмірден өткен жазушы Дидахмет Әшімханұлымен сонау Алтайдан хат жазысып тұрыпты.
Мерей Қайнаров Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері және дизайн факультетін тәмамдаған соң Глубокое ауданының «Ақбұлақ» газетінде еңбек жолын бастады. Аудандық басылымнан бастап сатылап өсіп келе жатқан жас жігіт бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің белді тілшісі. Өңірдің бас газетіне келгеніне жылдан асса да, тұшымды жарияланымдарымен шығармашылық ортаға бірден сіңіп кетті. Ең қызығы, жазбаларымен шектелмей, облыстық газетте еңбек ететін әріптестерінің шарждарын айнытпай салып, қаламдас достарына тосынсый жасай бастады. Әлеуметтік желіге жарияланған
шарждарынан әріптестерінің әрқайсысының мінез-құлқы, болмысы анық байқалады. Әзіл шарждарды редакциядағы ақын, айтыскер досы Мұратхан Кенжеханұлы қуақы өлең жолдарымен әсемдеп қояды. Мерейдің әр шаржы шыққан сайын, облыстың әр қиырын шарлап, тыным таппай жүретін газет тілшілерінің өміріне жаңа леп соққандай, бір жадырап қалады.
Мерей әріптесіміздің елімізге белгілі қаламгерлер мен журналистер қауымына арнаған шамға тимес шарждарымен баспасөз күні қарсаңында бөлісуді жөн көрдік.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН.
Шаржда: Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
жазушы Әлібек Асқаров; «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов; белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы.