- Мысырдың астанасы Каирде спорттық гимнастикадан Әлем кубогінің төртінші кезеңі аяқталды. Іріктеу сынының қорытындысы бойынша Нариман Құрбанов, Зейнолла Ыдырысов, Алтынхан Темірбек финалға жолдама алды. Алғашқы екеуі «атта», соңғысы еркін жаттығуда өнер көрсетті. Нәтижесінде, Зейнолла күміс алса, Нариман қола медальды еншіледі. Алтынхан алтыншы орында қалып қойды.
- Аустрия кубогінде еліміздің үстел теннисшілері табысты өнер көрсетті. «Штоккерау» клубы сапында Айдос Кенжеғұлов жарыс жеңімпазы атанса, оның інісі Дастан «Баден» клубының құрамында қола жүлдеге ие болды.
- Өткен аптаның аяғында еліміздің үш бірдей кәсіпқой боксшысы Таиландтың бас шаһары Бангкокта өздерінің кезекті жекпе-жектерін өткізді. Жартылай орта салмақтағы Руслан Мәдиев франциялық Флоран Дервиді айқын басымдықпен жеңіп, WBA Asia нұсқасы бойынша чемпиондық атағын сақтап қалды. Армат Арманұлы түркиялық Кенан Гюзельді ұрып жықты. Бұл бәсекенің екеуі де жетінші раундта аяқталды. Ал Саматәлі Төлтаевқа вьетнамдық Хонг Куан Диньді ойсырата ұту үшін алты раунд жеткілікті болды.
- Осыған дейін Үндістандағы теннисшілер турнирінде екі рет бас жүлдені олжалаған Жібек Құламбаева күні кеше үшінші титулына қол жеткізді. Екатерина Яшинамен жұп құрған қазақ қызы ITF W15 додасының жеңімпазы атанды. Финалда олар Александра Купарев (Германия) пен Севиль Юлдашеваны (Өзбекстан) 6:1, 6:4 есебімен еңсерді.
- Бали аралдарында (Индонезия) Азияның бадминтон федерациясының есеп беру конференциясы өтті. Жиын барысында өткен жылдың ең үздік спортшылары марапаттталды. Солардың қатарында отандастарымыз да бар. Атап айтсақ, Дмитрий Панарин «Asia Olympic Project» бағдарламасы бойынша теңдессіз деп танылса, ұлттық командамыздың бас бапкері Асқар Орманов ең табысты жаттықтырушылардың бірі ретінде арнайы сыйлыққа ие болды.
- Футболдан еліміздің Премьер-лигасының 4-турында көпшіліктің қызығушылығын тудырған басты бәсеке «Қайрат» пен «Астана» арасында өтті. Бұл матчта барлық мәселе бірінші таймда шешілді. Алматылықтар қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт доп соқты – 4:0. Гол авторлары – Жоржиньо (дубль), Дастан Сәтпаев, Александр Мартынович. Үзілістен кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Өзге ойындардың нәтижелері мынадай: «Ертіс» – «Алтай» 1:0, «Елімай» – «Тобыл» 1:0, «Қайсар» – «Қызылжар» 0:0, «Ордабасы» – «Атырау» 1:1, «Ұлытау» – «Ақтөбе» 1:1, «Каспий» – «Жетісу» 0:1, «Жеңіс» – «Оқжетпес» 1:1.