27 Маусым, 2015

Атақты Стивен Сигал

370 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сигал Астанадағы жас өрендерді айкидоға баулуда Атақты кино актері, режиссер Стивен Сигал Астанаға келді. Ол елорда күніне орай өтетін І халықаралық жауынгерлік өнер фестиваліне құрметті қонақ ретінде қатысады. Сапар аясында Голливуд жұлдызы астаналық жас өрендерге айкидо спортының қыр-сырын үйретті. Алдымен Стивен Сигал Астана әкімі Әділбек Жақсыбековпен кездесті. Шаһар басшысы қонаққа елордамыздың тарихы, қала күні­нің жалпыхалықтық сипатқа ие болған мерекеге және барша қа­зақстандықты бір мақсат пен мүдде жолында ұйыстырып отырған рухани күшке айналғанын айтып берді. Кездесуден кейін Ә.Жақ­сыбе­ков қонақты Астанадағы Оқушылар сарайына бастап келді. Ол жерде Стивен Сигал жауынгерлік өнердің әдіс-тәсілдері бойынша шеберлік сабағын өткізді. Оған 70-тен астам жас спортшы қатысты. Қазақ ұландарының спортқа деген қызығушылығына риза болған актер: «Сіздің елде айкидоға жас балалардың қызығушылық деңгейі осыншалықты жоғары деп ойламаппын. Жалпы, қазақ халқының жекпе-жек өнерінде өзіндік орны бар екенін білемін. Дегенмен, айкидо көп халық үшін жат екені жасырын емес. Соған қарамастан, алдыма келген жеткіншектердің көптігін көріп қуанып тұрмын. Балалар – біздің болашағымыз. Менің қазір үйрететін әдістерім олардың өмірде дұрыс жол таң­дауына септігін тигізеді. Сондай-ақ, кез келген жағдайда өз-өздерін қорғай алатын, өз күшіне сенімді тұлға болып қалыптасуына да айкидоның берері мол», – деді. Сонымен қатар, даңқты актер жетістікке жету үшін не қажет екенін айтып берді. «Алға қойған мақсатқа жету үшін әртүрлі жолдан өтуге тура келеді. Алайда, бұл жолда жал­қаулық пен салғырттыққа орын жоқ. Тек тәртіп пен табандылықтың арқасында ғана көздегеніңе қол жеткізуге болады. Мен сіздерге білгенімді үйретіп, өмірден өз орындарыңызды табуларыңызға сеп болғым келеді. Ең бастысы, батыл болыңыздар. Намыс пен рухтың қайнар көзі – ұлт пен Отанды шын сүйсеңіздер, бәрі сіз ойлағандай болады. Ендеше іске сәт!», – деген Стивен Сигал татамиге шығып, айкидо өнерінің әдістерін үйрете бастады. Жаттығу барысында Сигал шәкірттеріне өздерін еркін ұстауға мүмкіндік берді. Жекпе-жек кезін­дегі басты қағида жөнінде ол: «Кілемдегі жағдайды өз бақы­лауың­нан шығармауға тырысу керек. Одан бөлек, қарсыласты өзіңе тым жақын жіберуге және оның ту сыртыңнан шабуылдауына мүмкіндік беруге болмайды. Дегенмен, мұндай тығырықтан да шығар жол бар. Себебі, кез келген шабуылға қарсы қолданатын қарымта әдістер болады», – деп бірнешеуін көрсетті. Шара соңында актер Қазақстан, Астана туралы пікірін білдіріп: «Маған Астана ұнайды. Әсем, сұлу қала. Алдағы уақытта міндетті түрде қайтып ораламын», – деді. Осы ретте, бұл оның Астанаға екін­ші рет келуі екенін айта ке­тейік. Бұған дейін Сигал 2011 жы­­лы дәстүрлі экшн-фильмдер кино­фестиваліне келген еді. Әйгілі маманнан дәріс ал­ған жас айкидошы Даниэль Әубәкіров: «Жасы 60-тан асқа­нына қарамастан, өте ширақ қи­мылдайды. Бізге бұрын-соңды білмейтін әдістерді үйретті», – деп, қонақтың шеберлігіне тәнті болғанын айтты. Бүгінде 63 жасқа келген Стивен Сигал 50-ге жуық Голливуд филь­міне түскен. Жеті жасынан бері айкидомен айналысатын ол бұл жекпе-жек түрінен VII дан иегері. Аталған спорттың қыр-сырын толық меңгеру үшін 20 жыл Жапо­нияда тұрған. Сөз соңында Астанада өтетін І халықаралық жауынгерлік өнер фестиваліне тоқталып өтейік. Елорда күніне орай алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға 12 жекпе-жек түрі бойынша жо­ғары дәрежелі белбеу мен дан иегерлері қатысады. Олардың арасында Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Қытай, Ресей, Чехия, Оңтүстік Корея және Жапониядан келген шеберлер бар. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».