27 Маусым, 2015

Полковниктің беймәлім қырлары

508 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Білетіндер, Ауған соғысында Қабдолда Мелқұмов деген бір тамаша әрі ержүрек, батыл да қайратты адам қызмет еткен дейді. Білмейтіндер, оның өзгелер секілді қатардағы қарапайым инженер-механик болғандығын ғана айтады. Бірақ ол туралы тараған аңыздарға қарағанда, офицер Мелқұмов кезінде Ауғанстан президенті болған Хафизулла Әминді тақтан тайдыруға атсалысып, оның орнына келген президент Бабрак Кармальдың оққағарына айналыпты дейді. Ондай адам болса, бар болған шығар. Алайда, бір нәрсе ақиқат: оқиғаның тап осылай өрбігені тарихи шындық. Ал аты аңызға айналған дейтін Мелқұмовтың кім екендігі туралы кейін «Өмір – күрес» атты деректі кітапта ашық айтылды. Қазіргі күні Мелқұмовты ешкім де іздемейді, оған хат та жазбайтын көрінеді... Ерлігін ешкім ескермегені ме, қалай? Әлде белгісіз жан болған Қабдолда ұмытылды ма екен? Ашылмаган сырлар Сөз басы Иә, талай жанды жалмаған, талайды мүгедек етіп, талай адамның жанын жаралаған Ауған соғысы ұмытылмастай тарихта қалды. Әрине, соғыстың аты – соғыс. Ауған соғысын да жұрттың бәрі біледі. Бірақ оны көпшілік Ұлы Отан соғысымен салыстыра алмайды. Салыстыру да мүмкін емес. Өйткені, мұнда «мен жаумын» деп көзге көрініп тұратындар болған жоқ дейді. Кімнің кім екенін ешкім білмейді. Дос па, дұшпан ба, оны тек мылтық атылғанда ғана біледі, бірақ ол кезде бәрі кеш болатын. Күндіз қарапайым көрінген диқаншының кетпені түнде ажал себетін қаруға айналып шыға келеді. Сондықтан, мұнда алдымен жасырын ажалды ауыздықтау үшін де жасырын қызмет ету аса қажет болды. Өйткені, кейін қанша әскер кіргізілсе де олардың күтпеген қатерден көз ашпауы әбден мүмкін еді. Бұл орайда КСРО басшылығы сол кездегі Ауғанстан жайын алдын ала білу үшін ол жаққа әуелі нағыз маман жансыздарды аттандыруды жоспарлады. Олардың бәрі арнайы ұзақ дайындықтан өтіп, кез келген тосын жағдайдан жол тауып шыға алатын биік дәрежеге жеткен сардарлар болатын. Ал сол кезде, сенсеңіз де, сенбесеңіз де осындай сайдың тасындай іріктелген ірілердің басшысы КСРО-ның МҚҚ капитаны Қабдолда Ешенұлы еді. Әрине, бұлай деп ерекше атап айтып отырғанымыздың өзіндік жөні бар. Кеңес әскері Ауғанстанға 1979 жылдың аяғында енгізілгені белгілі. Мұздай қаруланған әскер негізгі күш екені рас. Бірақ ондай алып күш көзсіз әрекет ете алмайтыны тағы бар. Кіммен, қалай, қай тұста, не үшін соғысу керектігін жетік білу қажет. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес әскері кіргізілместен бұрын ондағы шынайы ахуалды жетік зерттейтін және қажетті жағдайды барынша талапқа лайықтай алатын адамдардың алда жүргені, қауіпсіз алаң туғызғаны керек. Олар, ен алдымен, кеңестік өкілдіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жергілікті жердің нақты жағдайын анықтау мен жедел байланыс­тарды ретке келтірулері тиіс болды. Бұл кезде, әсіресе, Ауғанстанның Ғазни аймағында мүлде адам түсініп болмайтын аласапыран уақыт еді. Онда көптеген банда ұйымдары диверсиялық және террористік әрекеттерді ұйымдастырып, партия белсенділерін, шаруаларды, дәрігерлерді, әйтеуір не керек, көздеріне осы қалай болып түскен бейбіт жандарды ату, асумен шектен шыққан еді. Тіпті, ешкімге еш зияны жоқ мектептер де, оған қоса электр станциялары да жарылып жатты. Ал бәрінен бұрын көпшілік жаппай пайдаланатын ауызсу көздері уланып, тұрғындарға аса қауіпті жағдай туды. Айта берсе, аяқ аттап басқан сайын кездесетін мұндағы қиын ахуалдың ұшы-қиыры жоқ. Міне, осындай кімнің кім екенін айы­ру мүмкін емес, жергілікті тұрғындар үшін «байтал түгіл, бас қайғы» болып жатқан шақта кеңестік барлаушылар алдына үлкен міндет қойылды. Бір қарағанда ондай міндеттерді орындаудың еш қисыны жоқтай көрінетін. Не үшін? Кім үшін? Қандай мақсатпен? Алайда, өзгелерге жұмбақ болып көрінген амалдар сыры барлаушыларға түсінікті еді. Ал негізгі міндет айқын болғанда, оны орындау жолдары да ашыла түсетіндігі сөзсіз. Барлаушы бәрін білуге тиіс. Әйтпесе, ол көзделген мақсаттың орындалуы үшін қажетті мәліметтерді нақты екшеп ала алмайды және соған сай тиісті әрекет те ете алмайды. Сондық­тан, барлаушылардың өзгелерден артық­шы­лығы да, басымдылығы да нақты жағ­дайдың сырын анық білуінде жатыр дейміз. Дайындық Осындай аса астарлы ойды жүзеге асыру мақсатын қамтамасыз ете алатын арнайы топтар жасақтауда кадрлардың да айрықша таңдалғаны жасырын емес. Бірақ барлаушы да адам. Адам баласына пендешіліктен айырыла қою да қиын. Демек, осы жағдай да қатаң ескерілгендіктен сонау 1980-жылы Қазақстанның Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде аса маңызды міндетті атқаратын, жоғарыда айтқанымыздай, арнаулы «Алтай» командасы құрылды. Оған ерекше де, басты тапсырма ретінде – Ауғанстанға аттану жүктелді. Ал ол кезде Ауған жерінде не болып жатқаны белгілі. Соған орай елдің сол кездегі жағдайын Қабдолдадан артық басқа біреу біле қоймайтын болып шықты. Себебі, ол сол кезге дейін Ауған жерінде бір емес, екі мәрте болып қайтқан еді. Демек, аса астыртын тапсырманы КСРО басшылығы күткендегідей орындай алатын Қабдолдадан асатын адам жоқ. Оның білімі де, күш-қуаты мен дене қайраттылығы да, тыншылық дайындығы мен тәжірибесі де талапқа сай келді. Осы артықшылықтарды тап басып, айы­ра білген басшылық Ауған жеріндегі құпия тапсырманы орындауға барлаушы Қабдолда Ешенұлын жетекші етіп жіберді. Қайраттылық демекші, бұл топ­тың қайда баратыны және онда не атқаратыны, соған сай оларды қандай қауіп-қатер күтіп тұрғандығы бесенеден белгілі еді. Өмір мен ажалдың ортасынан жол тауып шыға алмаса – өздеріне серт, дайындықтары осал түссе – орталыққа серт дегендей, не өлім, не өмір деп емес, тапсырманы аман орындап шыға алатындарына бек сенді. Себебі, дене күш дайындығы өте жоғары болды. Жансыз ретінде жаудың мақсатын, ойын анықтау, дайындалып жатқан теракт туралы біліп, оның алдын алу, сосын ол ақпараттарды аман-есен жеткізу жолында мейлі, қандай кедергілер шықпасын, мүмкін болса айналып, болмаса қақ жарып өту қажет. Ұрыста өлмеу де үлкен өнер. Соншама қиындықпен құпия мәліметтерді бойына жиып алып, бірақ оны тиісті жеріне жеткізе алмаса, барлаушының не құндылығы бар? Міне, нағыз барлаушыны басқалардан айрықша айқындайтын айырмашылық амалдарының артықшылығы осында. Сондықтан, ұрыста тұрыс жоқ: оң келгенін оңынан, сол келгенін солынан жайратып жүре беру керек. Осы мақсатты топтың әр мүшесі ойдағыдай орындай алуы үшін олар ен жоғары дайындықтан өткізілді. Алғашқыда топқа таңдалған жігіттер арнайы денешынықтыру, әуе-десанттық және таулы дайындық пен соғыс қимылдары жаттығуларынан өтіп, қоян-қолтық ұрыстың небір түрін меңгерді. Барлаушылар осындай көптеген түрлі жаттықтырулардан кейін өздерінің белгілі деңгейге жеткендерін сезінгенде тұла бойларына бір сенімділік те пайда болды. Көздегенін қалт жібермейтін, ұрғанын сілейтіп түсіретін, қашқаны құтыла алмайтын, сен тұр, мен атайын дейтін қарулы сарбаздар, қажетті дайын­дықтың бәрінен өтеді. Олар топографияны да, мина қойып жаруды да, әртүрлі көліктерді жүргізуді де, жүрегінің соғы­сын естіртпей небір ғимараттарға енуді де, көргенін қағазға қалтқысыз түсіріп беруді де, суда балықша жүзіп, қабақтан қарғып қалықтап, жерде елес­теп жүруді де меңгеріп алды. Бірақ барлаушы тіл білмесе ештеңе барлай алмайтыны тағы белгілі. Өйткені, Қабдолда бастаған топқа, ең алдымен, жергілікті тұрғындармен тіл табысып, олардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және түкпірдегі қышлақтарда тәртіп орнату керек еді. Ал мұны тіл білмей орындау мүмкін бе? Әрине, жоқ. Сондықтан тіл білгеннің өрісі кең деп, олар бұл міндетті де игерді. Бір сөзбен айтқанда, Қабдолда жігіттерді арнайы дайындық кезінде олардың білуге, меңгеруге тиісті барлық жайларға аса мұқият та жауапты қарауын талап етті. Тіпті, ұсақ қой дейтін мәселелерге дейін еш нәрсе назардан тыс қалмады. Өйткені, соғыста кез келген елеусіз іс ажал әке­луі мүмкін. Ал топтың бір мүшесінің қатар­дан шығуы жедел тапсырманың орын­далмауына соқтыруы әбден кәдік. Ендеше, топтағы әр барлаушы өзін бөлек ретінде емес, бір дененің мүшесіндей сезіне білулері керек. Сонда ғана олар бір жұдырықтай жұмыла әрекет ете алады, дейді Қабдолда Ешенұлы. Қатерлі сәттер Сөзінің растығын дәлелдеу үшін Қабдолда жанды мысал да келтіріп берді. Мәселен, сол 1980-жылы бұлар Ғазни аймағы губернаторының өтініші бойынша жергілікті белсенділермен бірге түкпірдегі қышлаққа атанады. Тау шатқалында бұлардың колоннасын бақайшағына дейін қаруланған дұшпандар күтіп тұр екен. Оқ қардай борайды. Бірден колоннаны бастап келе жатқан көліктің жүргізушісі оққа ұшты. Тар шатқалда айналар орын жоқ. Енді, сәл кешіксе табада қуырылар балықтай оттың ортасында қалмақ. Дұшпандарға асықпай көздеп атуға қолайлы жер. Міне, осындай сәт дағдаратын уақыт емес. Адамның дайындық әрекетіне сай ойланбастан қимылдайтын кез. Сол айтқандай бронетранспортерден атып шыққан барлаушы Т.Боқажанов жаудың жаудырған оғының астында құйындай ұшып барып, тоқтап қалған бастапқы көлікке жетті. Көзді ашып, жұмғанша көлікке отырып, оны тар шатқалдан алып шықты. Ізінше қалған көліктер де барынша тез қозғалып, қауіпсіз тұсқа иек артты. Сөйтіп, қас пен көздің арасында іске асқан батылдық пен шапшаңдық арқасында бірнеше адамы бар колонна жау құрсауынан аман қалды. Алғашқыда Қабдолда қызмет еткен «Зенит» отряды Кабулдан орын тепті. Ондағы ауыр жағдай адам айтса сенгісіз еді. Жауласқан топтар бір-бірімен қырқысып, жаға жыртысып, тіпті, бірін-бірі жеп қоюға әзір тұрды. Ал КСРО МҚК басшылығы және өзі ғана білетін негізгі тапсырманы орындау үшін Қабдолда әрлі-берлі жүріп, тыным таппайтын. Оның қасындағы жолдастары да бәрі бірдей азиялық ұлттан еді. Сонда қаладағы моджахедтердің бәрі қолдарына Калашников автоматын ұстап жүретін дейді ол. Моджахедтерге, егер сәл күдіктенсе: «Дреш! – Атамын!» деп айқай салу және артынша шүріппені басып қалу түк емес көрінеді. Міне, осындай бір жағдайда Қабдолда бастаған топ қаланың сыртына шығады. Енді қалаға қайтар кезде дүние астан-кестен болып сала береді. Сөйтсе, бір әскери гарнизонда бүлік шығыпты. Бұлар қалаға кіре берісте оларды тоқтатып, тексере бастайды. Кез келген адамның құжатын тексеру деген тек бетперде: егер ол күдік тудырса, шетке алып шығады да атып тастайды. Адам жоқ болса, проблема да жоқ деген секілді, бұл мәселені тез шешудің ең қарапайым амалы болатын. Сондай бір аса қауіпті жағдайдың туғандығын Қабдолда іштей сезді. Иә, оның өзінде ешқандай құжат жоқ еді. Алайда, бұлар жүрер алдында командирдің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары В.Глотов өзінің жеке куәлі­гін оған берген болатын. Ал ол куәлікті посттағы ауған әскерилері көрер болса, мәмілеге келіп жатпайтындығы белгілі. Қабдолда бұл құжаттың өзіне не үшін қажет болуы мүмкін екенін о баста-ақ түсінбеген. Өйткені, ондағы сурет мың рет қарасаң да бұған мүлде ұқсамайды ғой. Дегенмен, қалтасына салып алған болатын. Енді постта күдігі расқа айналып, «Дреш! – Атамын!» деген тұла бойды тітіркентер әмірлі үнді естігенде жедел қимылдамаса кеш қалатынын анық сезді. Көліктен шықпастан бөтен куәлікті сарбаздың тұмсығына тақап өте се­німді түрде: «Шурави! – Кеңестікпіз!» деп қабағын түйе айқай салды. Ана сарбаз қолына құжатты алып қарамақ түгіл, қаруынан қос қолын ажырата алмай қалып, кері шегінді. Сөйтіп, бөтеннің құжатын көрсеткен қазақ барлаушысы шұғыл әрекет етуінің арқасында болуы мүмкін қауіпті жағдайдың алдын алды. Әрине, қандай қауіпке болса да алдын ала дайын жүретін көліктегі қалған сардарлар да қаруларының шүріппесіне сұқ сауса­ғын тигізіп тұрған. Әбүйір болғанда, бұл жолы келеңсіздік қантөгіске ұласпай қалды. Шабуыл Ақыры Қабдолда Ешенұлы үшін негізгі тапсырманы орындайтын да уақыт келіп жетті. Бұл енді, әрине, тапсырманың тапсырмасы болатын. Маңыздылығы да, жауаптылығы да өте жоғары еді. Ол тапсырма – ел президенті Хафизулла Әмин отырған Тәж Бек сарайына басып кіру. Бұл тапсырманы орындауға да Қабдолда жетік дайындықпен келді. Өйткені, кезінде ол да өзгелер секілді бір күндері барлаушы атанармын-ау деп ойлаған жоқ. Әкесінің жолын қуып, теміржолшы болуды ғана қалады. Бұл үміті ақталып, сонау Мәскеу қаласындағы Көлік инженерлері институтын ойдағыдай бітіріп шықты. Сөйтіп, ол сол кездегі Целиноград облысындағы Атбасар бекетіне жұмысқа орналасты. Әрі саламатты өмір салтын ұстанып, әрі ағылшын тілін жетік білетін, әрі спортпен шұғылданып, әрі қызметін ойдағыдай атқарып жүрген оған бір күні арнайы қызметтің адамдары жолықты. Сіз секілді жаны да, ары да таза адамдар қоғамға әділ қызмет етуі үшін керек деді. Сондықтан, оның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қатарына қосылуын қалады. Бірақ Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қатарына толыққанды қосылу үшін қайта оқу керек екендігі белгілі. Сондықтан, оны КСРО МҚК Мәскеудегі шет тілін білетін жедел қызметкерлерге арналған Қызылтулы жоғары мектепке екі жылдық оқуға жіберді. Расында, Қабдолданы мұндай оқуға тағдырдың өзі тартқандай еді. МҚК арнайы оқуын бітірген соң ол Целиноград облысында қызмет атқаруға кіріскен. Жоғарыда тағдырдың жазуы деп бекер айтпаған шығармыз. Егер оған тағы да бір қолқа салынбағанда осы бір қызметінде қала берер ме еді. 1978 жылдың күзінде оны Целиноград облысы бойынша МҚК басқармасына шақыртып алды. Бұл нағыз сынақтың өзі болғанын Қабдолда кейін түсінді. Оған Степногор қалалық МҚК бөліміне басшылық лауазымға баруына ұсыныс бар екені, сонымен қатар, Мәскеуден арнайы қысқа курстық оқуға лайықты сардарды жіберу туралы телеграмма бар екенін айтты. Екеуінің бірін таңдау еркі өзіне бұйырады. Қызметіне адал кіріскен әрі шынайы әділ еңбек етуге бекінген Қабдолда Степногордегі жылы креслоны таңдамай, оқуға аттан­ғысы келетіндігін білдірді. Міне, осылайша Қабдолда өміріне барлаушылық қызметті мәңгілікке қосақтап алды. Оның сол кезде барған оқуы туралы МҚК жұмыс істеп жүрген жандардың бірқатары білмейтін де еді. Бұл сол кездегі халықаралық аласапыран жағдайға байланысты құпия түрде шұғыл ашылған жасырын оқу орны болатын. Расында, оның қандай мақсатты көздейтінін ешкім білген емес. Сырттай сардарлардың білімін жетілдіру курсы деп аталғанымен, онда соғыс, қажет болса бейбіт кезеңде жау тылында арнайы тапсырмаларды орындайтын топ командирлерін дайындау жүргізілді. Өзінің мақсаты мен мәні білдіріп тұрғандай, мұнда барлаушылардың барлаушысы ғана дайындалатын еді. Сөйтіп, осы оқу ордасында сен тұр, мен атайын дейтін сайдың тасындай іріктелген жігіттерден құралған алғашқы «Зенит» атты атақты арнайы бөлімше жасақталды. Оның міндетіне, жоғарыда айтқаны­мыздай, Ауғанстан президенті сарайын басып алу жүктелді. Бұл арнайы операция «Шторм-333» деп аталды. Оған негізінен сардарлардың білімін жетілдіру курсының офицерлері қатысты. Олардың барлығы да ауған киімдерін киіп, әуе десанты әскерінің 9-ротасы және арнайы мақсаттағы батальон жауынгерлерімен бірге күш біріктірді. Ал Әмин сарайын оған шын берілген деп саналған екі мыңға жуық адам қорғап тұрды. Сарайға барар жолдар сауытты әскери техникалармен қоршалып, айнала алақанға салғандай анық көрінгендіктен ұшқан құс, жыбырлаған аң өте алмайтын. Солардың арасынан сарайға бір тар жол ғана апаратын. Оның өзі оқтын-оқтын оқтың астына алынып тұратын. Сондықтан, ол жерге көзге түспей бару, тіпті, жақындау мүмкін емес еді. Сонда да болса Әмин ешкімге сенбеген көрінеді. Өзінің әскеріне сенбеуінің салдарынан өзін тақтан тайдыруды мақсат еткен Кеңес Одағынан да көмек сұрапты. Осыны ұтымды пайдалана білген барлаушылар көмек көрсетеміз деген сыңаймен ресми түрде сарайға еніп, өздеріне не керектің бәрін біліп алған. Осының арқасында Қабдолда жолдастарына қалай, қайтіп шабуыл жасау қажеттігін әбден үтір, нүктесіне дейін ежіктеп елеп, екшеп алды. Ақыры сарайға шабуыл жасайтын уақыттың соңғы секунды соғылды. Сол-ақ екен, үш БТР бірден ышқына алға ұмтылды. Жалғыз тар жолға шыққан бірінші БТР бірден жалынға оранды. Екінші БТР кіреберіске тура тартты. Сарайдағылар да салғаннан барынша қарсыласып бақты. Олар да оңай жаңғақ емес екендіктерін көрсетті. Сонда, шыны керек, алғашқыда жоспарланған шабуыл үзіліп қалардай көрінді. Бірақ тап осы кезде «Зенит» сардарлары мен мұсылман батальоны лап қойғанда ұрыстың беті өзгеріп сала берді. Нәтижесінде, Әмин сарайын алу бар-жоғы 42 минутке ғана созылды. Сөйтіп, тамаша ұйымдастырылған шабуыл әскери ғылым тарихына енді. Кармальды күзету Бұдан кейін «Зенит» тобы жаңадан қайта жасақталуына байланысты өзгер­тілді. Қабдолда Целиноград облы­сындағы МҚК басқармасындағы бұрын­ғы қызметіне оралды. Осымен тар жол, тайғақ кешу тоқтаған шығар деп алаңсыз жұмысын істеуге енді бет бұрғанда 1980 жылы оны қайтадан Мәскеуге шақыртты. Оны тағы да Ауғанстан күтіп тұр екен. Бұл жолы кезінде өзі жолдастарымен қарулы шабуыл жасап, тақтан тайдырған Әминнің орнына келген президент Бабрак Кармальдың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек болды. Қаншалықты қауіпті қызмет болса да, Қабдолда мұны да ойдағыдай орындайтынына күмән келтірмеді. Баяғы «Зенит» тобындағы отыз шақты адам ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, президент Бабрак Кармальды күзетуге кірісті. Олардың бәрі сарайда тұрды. Ал сарайдың ішкі бейнесі, бөлмелердің кеңдігі, өрілген әсемдігі, қойылған түрлі заттардың мазмұны шығыстың ғажайып құндылығымен астасып жанға жайлылық туғызады. Атшаптырым бөлмелер, жағалай көз сүрінетін түгі құлпыра жайнаған кілемдер, тып-тыныш тыныштық, не керек, тамаша еді дейді. Ал тыста айналада қанды қырғын жүріп, әртүрлі жікке бөлінген адамдар бірін-бірі кескілеп, соғысып жатты. Президент резиденциясы сыртында кеңестік десантшылар, одан кейін ауғандық топ, олардың сыртында ауған милициясы – царандо болды. Міне, Бабрак Кармальды осылайша төрт шеңбер құрған қарулы жандар күні-түні күзетіп тұрды. Сондықтан, сарайдағы ішкі жағдай мүлде басқаша болатын. Қабдолдалар екі ай бойына далаға да шықпаған. Тамаққа таңертең – палау мен «фанта», түсте – тағы палау мен «фанта» және кешкі асқа да палау мен «фанта» сусыны берілген. Осы палаудың дәмі әлі күнге аузымда тұр, дейді екен Қабдолда Ешенұлы. «Алтайдың» аты озды Екі айдан кейін елге қайтып орал­ған Қабдолда «Каскад» атты арнайы мақсаттағы бөлімше негізінде қазақстандық «Алтай» тобын жасақтауға тапсырма алды. От пен оқтың ортасында болып, талайды көрген Қабдолда бұл топқа нағыз мықтыларды ғана іріктейді. Іріктеу өте қатаң жүргізілгені сонша 700 әскери қызметшілер арасынан бар болғаны 43 адам ғана таңдап алынған. Және осы адамдардың басым көпшілігі қауіпсіздік органдары қызметінің кадр­лары болған екен. Отряд Қабдолданың жетекшілігімен тағы да жедел арнайы дайындықтан өткізіледі. Сосын сәтті сағат туғанда жасырын түрде Алматы – Ферғана – Кабул бағыты бойынша ұшақпен жіберілді. Одан әрі Кабул – Кандагар арқылы елдің оңтүстік шығысындағы Ғазни аймағына жетті. Жаңа топтың мақсаты да, бұрынғыша, яғни жаңа билікке жаңа қоғам орнатуда көмектесу, банда ұйымдарымен күрес, әскери шабуылдарға қатысу және басқа міндеттер болды. «Алтай» Ғазни аймағына жете бергенде жаудың орасан шабуылына ұшырады. Қабдолда мұндайдың талайын көрді ғой, біледі. Тек ұрыс даласына жаңадан жеткен жауынгерлерді ажал тісін ақситып, қанды тырнағын батыра қарсы алғанда олар дайындықтарының қандай екенін дәлелдер шақ туғанын сонда ғана түсінді. Сөйтіп, осылайша өмір мен өлім арпалысқан шақта аман қалудың амалын қарастыратын құнды тәжірибе де біртіндеп жиналды. Тек сол тәжірибенің адам шығынынсыз келмейтіндігі өкінішті-ақ дейді. Алайда, мұның бәрі ұзақ жылдар бойы аса құпия мәліметтер қатарында жасырын қалды. Мелқұмов кім? Иә, 22 мың қазақстандық қатысқан Ауған соғысы он жылға созылды. Мыңға жуық адам опат болып, 21 адам ұшты-күйлі жоғалды. Әскери борыштарын өтеу кезінде батылдық пен ерлік көрсеткен мыңдаған қазақстандық мемлекеттік наградаларға ұсынылып, оның бесеуі Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Міне, осы жылдары «Зенит», «Алтай», «Вымпел» секілді арнайы мақсаттағы әскери бөлімшелерде аса маңызды құпия тапсырмаларды орындаған чекистердің үлесі зор болды. Ұзақ уақытқа дейін бұл тақырып «мүлде құпия» белгісімен ашылмай жатты. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, бұл арнайы мақсаттағы әскери бөлімше жауынгерлері Ауған жеріне әскер кіргізілгенге дейін о жаққа жіберілген болатын. Олардың кім екенін о жақтағы адамдар да білген жоқ. Себебі, бүркеншік есім жамылып, жасырын қызмет етті. Солай жүріп мемлекеттік қауіпсіздік комитеті алға қойған тапсырмаларды орындай білді. Солардың қатарында Қабдолданың да сіңірген еңбегі аз емес екен. Алайда, оны бәрі Мелқұмов деп таныды. Қалтасында басқа құжат та болмады. Егер кенеттен жау қолына түсіп қалса немесе кім біледі, ажалы жетсе, расында, оның кім екенін ешкім білмеуі керек-тұғын. Әсіресе, кеңестік тыңшы екенін ешкім сезбегені дұрыс. Мелқұмовтың анкетасында экономикалық өкілдік құрамындағы «инженер-механик» деген мамандығы ғана жазылды. Осылайша, Мелқұмовтың аса маңызды әрі ең басты міндетті жүзеге асыруға атсалысқаны қаттала берді. Қабдолда Мелқұмов дегеннің нақты кім екені отыз жылдан кейін белгілі болды. Осы жайлардың бәрін ашық мәлімдейтін «Өмір – күрес» атты деректі кітап шыққан соң барлаушы полковник Қабдолда Бекжановтың ерекше ерліктері де паш етілді. Сөйтіп, Қабдолда Ешенұлы Бекжанов «Мелқұмов» деген бүркеншік атты жамылып жасаған аса астыртын да ерлік пен батылдыққа толы қызметі үшін КСРО МҚК мен қазақстандық талай наградаларға ие болды. Бүгінде Мелқұмовты ешкім іздемесе де, полковник Қабдолда Бекжановты ел ұмытар емес. Оған хаттар да жазылады, марапаттар да берілуде. Өйткені, жоғарыдағы ерлік істерді кім жасағанын халық енді біледі. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».