ФОРМАНЫҢ ПОРЫМЫ БӨЛЕК Полицияның жас қызметкерлері тәтті тоқаштан талмап қойып, қоңыр костюм-шалбар, қара туфли киіп келген егде тартқан ақ шашты кісімен сөйлесіп отыр. – Енді зейнеттің қызығын көретін болдыңыз... – Сіздің жолыңызды бізге де берсін, Рыдван аға... – Зейнетке шықтым деп бізді ұмытып жүрмеңіз, Рыдван бей... Рыдван Балкан сыптиған форма киген достарымен қоштасып, үйіне қарай келе жатып мазасыз күй кешті. Өйткені, көше бойлап келе жатқандардан ешқандай айырмашылығы қалмаған. Қоңыр костюмді көптің бірі еді... Зейнеткерлікке еті үйрене алмады. Әрі жай ғана азамат әрі зейнеткер болу қиынның қиыны еді. Рыдван Балкан бұл қиындыққа бір апта ғана төзе білді. Бір аптадан кейін тәтті тоқаш сатып алып, ұзақ жылдар бойы қызмет еткен полиция бөлімшесіне барды. Бұрынғы әріптестері Рыдван ағаларын құшақ жая қарсы алды. Тіпті, полиция қызметкерлерінің бірі соққыға жыққан күдіктіні тастай салып, ағасының мойнына асылып сәлем берді. Қуаныштары қойнына сыймай, тәтті тоқаштан дәм татып, өткен күндерін еске алып отырды. Түрік кофесін ішіп, шүйіркелесіп отырғанда Рыдванның көзі аға офицердің алдына жиналып қалған құжаттарға түсті. – Мына іс-шара құжаттар жабылған ба? – Жабылған, Рыдван аға. Ертең орталыққа жібереміз... – Жо-жоқ, оны қайтесің, – деді Рыдван. – Өздері келіп әкетуші еді ғой... Негізі орталықтан келген қағаздарды сақтау керек... Жас офицер ләм-мим демеді. «Ағашым-ау! Сен солай істеген шығарсың, менің жөнім бөлек,» – деп ойлады да күлімсірей қарап: «Дұрыс айтасыз, аға!» – деді. Дәл сол сәтте жас полиция қызметкерлері бір кісіні екі қолын бұрап бөлімшеге алып келді. Сөйтсе бұл кісі бөтен біреудің терезесінен үйдің ішіне үңіліп тұрғанда ұсталған екен. Оны естіген Рыдван бұлқан-талқан болып, айқайды салды кеп: – Ей, пәле неме! Бөтен біреудің үйінде не жұмысың бар, а! Ұсталған адам таңғалды. Аға офицер тұрғанда жай ғана киініп, дауыс көтеретіндей кім екен бұл?.. Шынтуайтында одан да бұрын аға офицердің өзі таңырқап, дыбыссыз қалды. Рыдван ағасы зейнеткерлікке шыққан кісі ғой. Бөлімшенің жұмысына араласатындай жөні бар ма?.. Бір пакет тәтті тоқаш әкелдім деп, ел-жұртты өзіме қаратып алдым дей ме?.. Зейнет демалысына шықты ма, араласпау керек еді... Аға офицер ойланып отырғанда, Рыдван қайтадан гүж етті: – Шатағың қанша! – Түсінбедім, – деді аға офицер. – Жо-жоқ, сізге емес... мына оңбағанға айтып отырмын, – деп тағы айқай салды: «Маньяксың ба, ұрысың ба, бейбастақ біреусің бе, кімсің сен?! Ол үйде не жұмысың бар еді?» Сол күні бөлімшедегі офицерлер Рыдванды ренжітпеу үшін ешқайсысы тіс жармады. Жай ғана күліп қойып, «қайтесіз» дегендей қолдарын самарқау сілтеп қойып әрі-бері өтіп жүрді... Әсілі, Рыдванды барлығы жақсы көретін, сондықтан анау-мынау сөзіне ешкім мән бермеді. Алайда, Рыдван зейнетке шыққаннан кейін қатты өзгерді. Бұдан бұрын атқарған жұмысын ұмыттырып, өзіне құрметпен қараған кісілерден алыстағысы келгендей еді. Бір аптадан кейін бөлімшеге келген Рыдванның қолы тағы бос емес еді. Бірақ бұл жолы қолындағысы тәтті тоқаш емес, үсті-басы алқам-салқам біреуді қолынан бұрап әкеліпті. – Қыздарға қырын қарайды, сұлуларға сұстана тесіледі. Мен мұндайларды жақсы білемін, қазірден алдын алмасақ түбі бір қастандық жасайды!.. Тексеріп көріңдер, кім екен бұл, қайдан келді, не істеп жүр!.. Екі полиция қызметкері әлгі сұстанып қараған кісіні ішкі бөлмеге алып кетті. Кезекші бөлмеде отырғандар түрегеліп, “Амансыз ба, Рыдван аға!” деп сәлем берді. Рыдванның даусын естіген аға офицер жай ғана аман-саулық сұрасумен шектелді... Дегенмен, Рыдван: «Рыдван аға, зейнетте жүрсеңіз де жұмысыңызды ұмытпаған екенсіз ғой,» – деген жан-жақтан мақтау естимін деп ойлаған-ды. Ертесі күні кешкісін қас қарайған шақта күтпеген жағдай болды. Рыдван ұзын бойлы, сары шашты келіншекпен айтысып-тартысып жүріп бөлімшеге кірді. – Бұларды түп-тамырымен жою керек... Қараңдар, әйелдің киімін киіп алып анау дүкеннің алдында клиенттерін күтіп тұрған жерінен ұстап алдым!.. Сары келіншек жыламсырап: – Мен мына алжыған шалды сотқа беремін... Маған ер адамсың дейді. Мен екі баланың анасымын. Театрға бару үшін анау дүкеннің алдында күйеуімді күтіп тұрғам... – деді. Полиция қызметкерлері сары келіншекті арыз жазба деп әрең көндірді. Өткендегі алпамсадай жігіт те сотқа беремін деп еді, оны да әрең көндіріп жіберген. Ақыр аяғы аға офицердің шыдамы таусылды білем: – Бері қараңыз, Рыдван аға! – деп сөз бастады. – Сіз зейнеттесіз, оның бейнетін көргенше қызығын көрмейсіз бе! Бұрын жақсы жұмыс істедіңіз, оған сөз жоқ. Бірақ енді біздің жұмысымызға араласпаңыз... Бұдан кейін сіз демалыңыз, біз жұмыс істейміз, жарай ма? Рыдван үндемей қалды да, содан ақырын ғана түрегеліп: – Білемін, – деді. – Зейнеткер екенімді өзім де білем. Бірақ мынау форма бар емес пе, сенің киген формаң, сол ғой... – Формаға не болды, көкем-ау? – Шіркін... – деді Рыдван. – Басқа түспесе қайдан білесің! Ондаған жыл киіп жүріп, бір-ақ күнде шешіп тастаудың не екенін білсең ғой... Формасыз жүру сұмдық қой, сұмдық! Қоңыр костюмінің жағасынан ұстап: – Мына киіммен жалаңаш жүргендеймін. Жай азаматтық формамен жүре алмаймын, – деді Рыдван. – Әлі күнге дейін полиция формасымен жүрген сияқтымын. Зейнеткер екенімді ұмытып, әрі-бері өткенде жай ғана жүрсем мейлі ғой, тексеріп, бақылап, аңдып, індетіп жүремін... Еріксізден-еріксіз полиция қызметкері болып, ұстаймын, қол бұраймын, сес көрсетем... Шамамнан тыс... Көзін төмен тастап, үнсіз қалған Рыдванға бұрынғы әріптестерінің жандары ашыды. Аға офицер Рыдванның иығына қолын салып: – Кеттім деп қапаланбаңыз, Рыдван аға! – деп жұбатты. – Сандалып жүрген біреуді ұстап әкелсеңіз де мәселеңізді шешеміз ғой... Күні кешеге дейін форма киіп жүрген офицер едіңіз... Рыдванның қуанғаннан көзі жайнап кетті. – Әлбетте, – деді. – Зейнетке шықтым деп өзімді күйдіріп жүргеніме қарашы... Сонша не болып қалды маған, а?.. – Әрине, – деді аға офицер. Содан кейін иығынан қағып қойып: – Уайымдамаңыз, аға! – деп, бөлмесіне қарай беттей беріп: “Жай жүрген біреу болса оңдырмас едім, бірақ форманың орны бөлек қой...” – деп сыбырлады. Түрік тілінен тәржімелеген Мәлік ОТАРБАЕВ.
«Қазақша үйренейік, ақша бер...» «Қазақпыз ғой, қазақшаға тақырмыз, Орысшаны орағытып жатырмыз. Бізге келген шетелдіктер күледі, Ана тілі аяқасты – пақырмыз. Жылдар өтті, қазақшамыз шамалы, – Көп емес пе үйренудің амалы... – Қыз-келіншек тыңдай қалды бірауық, Деп отырған бір ұлтжанды ағаны. «Болса егер де азды-көпті ақшалы, Үйренбейміз қазақ тілден басқаны. Ақыл айтып қырықтағы қыздарға, Бұл ағаның қалайша бір сасқаны...» – Деді бір қыз орысшасы аспандап, Арасында қазақшасы «ақсаңдап». Санасызға сан айтсаң да болмайды, Аға қалды көкірегін «тас қармап». «Порошок» сүт, «колбаса» Малды ауылды бұл күнде, Көріп жүр ғой кім-кім де. Сиыры мен қойы бар, Көргенде көзің тойынар. Түйесі бар, биесі бар, Қыз-келіншек иесі бар. Бірақ енді осылар, Мінез тапты «шошынар» – Малды саумайтын болды, Күн жаумай жаурайтын болды. «Порошок» сүт, «колбаса» деген Дастарқаннан аумайтын болды. Ірімшік, құрт, айран, шұбат, Іздеп табамыз қайдан сұрап?! Кітап «қолжетімді» емес Бұл күнде кітаптың удай бағасы, Жете алмайтын болып тұр, Кез келгеннің шамасы. Кітап дүкен сөресін де, Мәз-мейрам боп көресің де, Мұқабасы жарқырап тұр. Ал бағасы бес мың теңге, Арыстандай арқырап тұр! Алайын десең «қаны қашып» Қалтаң тайыз қалтырап тұр! Алмайын десең алдыңда, Сәулесін төгіп шамшырақ тұр. Оқырман байғұс «отқа түсіп», Санасында сан сұрақ тұр. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ. Маңғыстау облысы.
Бәкене бозбаланың бойы өз құрбыларынан аласа болғандықтан ол үнемі күніне екі рет үш сағаттан турникке асылып тұруды дағдыға айналдырып алған болатын. Содан алты ай өтсе де оның бойы өспеді, бірақ одан кейін Бәкене иілмей-ақ тікесінен тік тұрып-ақ тізесін қаси береті қалыпқа жетті... Әріптес жігіттер кездесіп қалады: – Өй, құлағыңа не болған? – Киім үтіктеп жатқанда телефон шырылдай қалып, оның орнына шатасып үтікті құлағыма тақай қалғаным бар емес пе? – Екінші құлағыңа не болды? – «Жедел жәрдемге» телефон соғу керек болды емес пе?.. Құрбылар үйде альбом көріп отыр: – Мына суреттің астына «Қара теңіз жағалауында» деп жазып қойыпсың. – Е-е, өткенде Қапшағайға барғанда түскенбіз... Бір еркек полиция бөлімшесіне келіп шағым айтады: – Мені әйелім уландырғалы жүрген сияқты. – Неге олай деп ойлайсыз? – Кеше ол «Зиянкестерден қалай құтылуға болады?» деген кітап сатып алды...
ҰЯЛУ Бірде өзіміздің Бохаң адамдарға лық толы «Газельде» келе жатса керек. Келесі аялдамадан мінген жасы үлкен әйелге қатар отырған жас жігіт орын бергісі келмей: – Апа, қолыңдағы заттарыңды маған бер, мен алып отырайын. Бір жағынан ұялып та отырмын, – депті. Сонда Бохаң әлгі жігітке: – Апаңа тұрып орын берсейші. Сенің отырып, апаңның түрегеліп тұрғанына сен емес, мен ұялып отырмын, – депті. БАСУ АЙТУ Бохаңның бір тұрмыстағы балдызы күйеуімен ұрысып, жараспай қалып, атасының үйіне келіп шағымданыпты. Артынан «жаздым-жаңылдым» деп, кешірім сұрап келген күйеуіне кемпірі екеуі ақыл-кеңесін айта отырып Бохаң былай дейтін көрінеді: – Қарақтарым, бір-біріңе кешірімшіл болыңдар. «Жақсы әйелдің ашуы шайы орамал кепкенше, жақсы еркектің ашуы балғадан уын сепкенше» деген бар. Мына біз қырық жылға жуық отасып ұрысқан кезде, бір-бірімізге біреуміз балта алып, біреуміз пышақ алып ұмтылғанымыз болмаса, артық ештеңеге бармаймыз, – деп басу айтыпты. ТҮЙЕ ДЕГЕНІҢ ТАЙЛАҚ БОЛДЫ Ақын-сазгер Аманбай Өтебаевтың мерейтойына бір ағасы түйе атапты. Күндердің күнінде оны алуға келген оған тайлақ беріпті. Ет аспаса да, қаймақ қосқан шәй беріпті. Кетерінде ақын: – Ет дегендерің қаймақ болды, Түйе дегендерің тайлақ болды. Қуанғаннан асып-сасып, Батамыз айбақ-сайбақ болды. Әумин! – деген екен. Көрген БІЛГЕНОВ. Астана.
Екі баланың әңгімесінен: – Осы, адамның бір саусағын кесіп тастаса не болады? – Онға дейін санай алмай қалады. * * * – Атың кім? – Болат. – Өскенде кім болғың келеді? – Бәке. – Ондай мамандық жоқ қой?! – Соны да білмейсіз бе, Бәке деген – бастық деген сөз ғой. * * * Кішкентай баласы анасына: – Қарным ашса – тамақ пісіресің, үйді шашсам – жинайсың, киімдерім былғанса – жуасың, сабағыма да көмектесесің... Әй, анашым, мен болмасам, сіз тіпті жалқау болып кетер едіңіз... * * * Қаладан келген кішкене немересін жетектеп атасы қоражайды аралатып жүріп: – Міне, мынау жылқы, мынау сиыр, қой, ешкі, мінеки тауық, ал сенің әкеңнің үйінде не бар? – дегенде, немересі ойланып тұрып: – Біздің үйде ванна мен балкон бар, – депті. Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР