27 Маусым, 2015

Ауылдың еңсесін тіктейтін жоба

385 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасының тікелей тапсырмасымен ел Үкіметі ауыл шаруашылығы саласын қолдау ісіне үлкен мән беруде. Мұндағы негізгі мақсат – ауылдың еңсе тіктеуіне жәрдем көрсету, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өтімділігін арттыру арқылы ауыл халқының жағдайын түзеу. Жалпы, ауыл шаруашылығына қолдау көрсетудің мәні зор, мағынасы терең. Өйткені, нақ осы мәселені шешу арқылы бүкіл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Демек, ауыл шаруашылығын қолдау дегеніміз – бір есептен алғанда, «бір оқпен екі қоянды ату» деген сөз. Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін елімізде «ҚазАгро» ұлттық холдингі құрылған. Холдинг қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы саласында маңызы зор көптеген жобаларды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде еліміздің өңірлерінде шетелдерден асыл тұқымды малдар сатып алынды. Мал бордақылау алаңдары, мал өнімдерін өңдейтін өңдеу кәсіпорындары құрылды. Жы­лыжай шаруашылықтары ұйым­дастырылды. Шағын несие­лер беру арқылы үйде отырған әйелдер мен қолы бос адамдар ең­бекке тартылды. Елімізде инфля­цияның туындауының алдын алатын азық-түлік қорлары қалып­тастырылды. Дихандар жаңа техни­калармен қамтамасыз етілді. Басқа да көптеген шаруалар жүзеге асты. Қазіргі күні еліміздің ауыл шаруашылығы саласында Статис­тика жөніндегі агенттіктің дерек­тері бойынша 175 мыңнан астам шаруа және фермер шаруа­шы­лықтары жұмыс істейді. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде мемлекет қолдауына ие болды деп айта аламыз. Мәселен, «ҚазАгро» аясында жұмыс істейтін «Аграрлық несие корпорациясы» үстіміздегі жылдың өзінде 171 несие серік­тес­тіктерін қаржыландырып үлгерді. Ал осы серіктестіктердің құрамында 11 мың ауыл шаруа­шылығы құрылымы бар екен. Мұның өзі еліміздің көптеген шаруа және фермер шаруашылықтары мемлекет қолдауына сүйеніп отырғандығын білдіреді. Мұның сыртында 2007 жыл­дан бастап ауылдағы инфра­құрылымдарды дамыту мақса­тында ауылда тұрғанымен ауыл шаруашылығына жатпай­тын кәсіпкерлік түрлеріне де қолдау көрсетіле бастады. Үстіміздегі жылдың басынан бері осы жөніндегі бағдарлама бойынша 79 миллион теңгенің 10 жобасы қаржыландырылды. Бұл қаржы негізінен алғанда, ауылдағы қонақүйлер мен туристік бизнес­пен шұғылданушыларға, жол бойындағы сервистік қызмет көрсетушілерге, ауылдардағы қоғамдық тамақтандыру орындары мен сауда нүктелеріне бағытталды. Ауыл шаруашылығына «ҚазАгро» холдингінің құра­мын­дағы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың қолдауымен биылғы жылдың өзінде 2117 ауыл шаруашылығы машиналары мен олардың құрал-жабдықтары сатып әперілмек. Мәселен, 100 комбайн, 847 трактор, 767 арнаулы техника, 37 технологиялық және өңдеу құрал-жабдықтары және басқалар сатып алынбақ. Мұндай көмек түрі де жыл өткен сайын артуда. «ҚазАгро» холдингінің ен­ші­лес акционерлік қоғамдары ар­­қылы ауыл шаруашылығы тауар­­ларын өндірушілерге олар өндірген өнімді сатып алу жөні­нен де көмек­тер көрсетіледі. Мәсе­лен, «Қаз­АгроӨнім» АҚ мал өсіру­ші­л­ерден үстіміздегі жылы 1,8 мил­лиард теңгенің мал өнімдерін сатып алса, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ астық өсіру­­шілердің 50 миллион теңгенің өні­мін мем­лекеттік қорларға сатып алды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге  көктемгі далалық және күзгі жиын-терін кезінде жылма-жыл қаржылай қолдау көрсетіліп отырады. Осы мәселеге арнап, холдинг биылғы жыл үшін 60 миллиард теңгенің несие қаржысын бөлді. Осы қаржыға жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер және басқа да қажеттіліктер сатып алынады. Холдингтің еншілес компаниялары көктемгі далалық және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін өз қаржыларының есебінен басқа да көмектер көрсетуді ұйғарып отыр. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы техникаларының лизингін қосып алғанда, аталған мақсатқа 97 миллиард теңгенің қаржысы бағытталды. Шағын және орта бизнеске тек «ҚазАгро» холдингі ғана емес, сонымен қатар, мемлекет арқылы құрылған басқа құры­лым­дарда қаржылай қолдау көмегін көрсетеді. Соның бірі – құрыл­ғанына 18 жыл толып отырған «Даму» шағын және орта бизнесті қолдау қоры. Бұл қор өз бағдарламасының аясында 13,7 мың кәсіпкерлік субъектісіне 875 миллиард теңгенің қолдау көмегін көрсетті. Қор Елбасының тапсырмасы негізінде соңғы жылдары өңдеу ісімен айналысатын кәсіпкерлерді қолдауды негізгі назарына алды. Биылғы жылдың өзінде осы мақсатқа 157 миллиард теңгенің қаржысы бөлініп, 825 жобаға қолдау білдірілді. Елімізде соңғы жылдары ша­ғын және орта кәсіпкерлікті қолдау мәселесі жан-жақты өрістеп келеді. Бұл іске, яғни кәсіпкерлікпен шұғыл­дануға халықтың қалың бөлігі тартылуда. Өз ісін енді бастаған адамдарға кәсіп­кер­лікті жүргізу туралы сауатын ашу, түрлі консалтингтік көмек­тер көрсету бағытында да көп­теген жұмыстар тындырылуда. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының бас­­та­­­машылдығымен кез келген адам шұғылдануға болатын 100 кәсіп­тің түрі анықталып, ол кә­сіп­пен қалай шұғылдануға бола­тындығын үйрететін арнайы анық­тамалық та шығарылды. Өткен жылы «Егемен Қазақстан» газеті де осы анықтамалыққа үлкен кө­ңіл бөліп, оны жүйелі түрде түсі­нікті етіп жариялап отырды. Осы­ған байланысты халық ішінен көп­­теген жағымды пікірлерге ие бол­ға­­нымызды айта кетсек артық болмас. Қысқасын айтқанда, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы – бар­шаға қатысты мәселе. Осы істе аза­маттарымыз белсенді болған сайын еліміз де дамып, алға баса бермек.