27 Маусым, 2015

Күн мен желдің қуат көзі тиімді

429 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ИндустриализацияБесжылдықтың бес күні

Шағын және орта бизнесті қолдау

«Біздің өзіне тәуекел алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновацияларды енгізуге дайын тұрған қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз келеді. Нақ осы кәсіпкерлер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады. Осыған байланысты Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Оны «Бизнестің жол картасы-2020» деп атауды ұсынамын».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

2010 жылдың 29 қаңтарындағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауынан.

Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріліп отырғаны мәлім. Саланың кең өріс алып кетуі үшін энергия қуатының керек екені бесенеден белгілі. Кеше осы мәселеге орай Орталық коммуникациялар қызметiнде Энергетика министрi Владимир Школьник баспасөз мәслихатын өткізіп, биылғы жылы электр қуатын қымбаттату жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. Демек, электр қуаты қымбаттамаса, шағын және орта бизнестің ілгерілеуіне бұл да үлкен жеңілдік болмақ. Осы жөнінде айтып өткен министр, үш жылдың iшiнде Қазақстанда пайдалы қазбалар есебi жаңа жүйеге көшетінін жеткізді. «Пайдалы қазбалар есебiнiң халықаралық жүйесiн құру, 47 қадам – бұл «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындалған. Пайдалы қазбалардың қорын есептеу үшiн қазiр қолданылатын жүйе барлық қорларды, оларды тиiмдiлiк есебiмен алу мүмкiндiгiн есепке алмайды. Сондықтан, ескi жүйенi биржалар да, халықаралық қаржы институттары да мойындамайды. Тіпті, ескi жүйе мұнай бағасының өзгеруiн де есепке алмайды. Осы орайда, алдағы үш жылдың iшiнде Қазақстанда пайдалы қазбалар есебiнiң жаңа жүйесiне көшу қолға алынғалы отыр», дедi министр. Ведомство басшысы мәслихат барысында еліміздегі кен орындарының 15 пайызға жуығы тиімділіктің шегінде тұрғанын да айтып қалды. «Бұл мәселе мұнай бағасына байланысты, сондай-ақ, әрбір кен орнының өзіндік тарихы бар. Осы орында айтқым келетіні, кейбір елдерге қарағанда, біздегі жағдай жақсы деуге болады. Менің ойымша, барреліне 60-65 доллар баға болған кезде біздің кен орындарының 15 пайызға жуығы тиімділіктің шегінде болады», деген В.Школник, бұл мәселе Қазақстанның батысында бірнеше онжылдық бойы пайдаланылып келе жатқан ескі кен орындарына байланысты екенін түсіндіріп өтті. Баспасөз мәслихатында сұйытылған газ жөнінде де әңгіме өрбіді. Тілшілер тарапынан Орал мен Ақтөбе қалаларында сұйытылған газдың тапшылығынан бірнеше күннен бері жүргізушілер кезекте тұрғандығы туралы сұрақ қойылды. «Мен осы жайында бүгінгі жаңалықтардан білдім. Біз 2,5 млн. тонна сұйытылған газ өндіреміз. Біздің елде тұтыну көлемі ең көп дегенде 650 мың тонна. Ал министрлік әрбір облыстың қажеттілігін ескере отырып, міндетті квоталарды реттейді. Ал қалғанын кәсіпкерлер экспортқа немесе басқа бағыттарда пайдалана алады. Бұл тұрғыда еркіндік берілген», деді министр. Батыс Қазақстан облысында орын алған мәселеге орай, онда қажеттілік көлемі шамамен 1 мың тонна екенін, сонымен бірге, аталған облыста квота 800 тоннаға жуық болғанын жеткізді. «Маған осы квота көбейтілгені туралы хабарлады. Мамандардың сөзіне қарағанда, аталған мәселе министрліктің өзінің бұйрығымен сұйытылған газға көтерме сауданы тоннасына 31 мың теңгеден 11 мың теңгеге дейін төмендетуі, яғни биыл үш есеге азайтуынан туындауы мүмкін. Осы орайда, адамдар да бұл газды бұдан әрі қарай экспорттау ниеті пайда болуы ықтимал. Қазіргі кезде квота көлемі артып, проблема шешіледі. Елімізде сұйытылған газ жеткілікті», деп қорытты ол өз сөзін. Бұған қоса, еліміздің жасыл эко­номикаға көшіп жатқаны жөнінде әңгімелеген спикер, шағын және орта бизнесті дамыту ісінде балама қуат көздерін өндіруді меңгеріп, жасыл энергияны пайдаланған тиімді болатынын айтты. Қазіргі кезде, Мемлекет басшысының осы тұрғыда жүктеген тапсырмасын орындаумен шұғылдану үстіндегі министрлік, бірқатар игі іс­терді жүзеге асырып жатқанын баяндады. Сөйтіп, шағын және орта кәсіппен шұғылданатындарға күннің көзі мен желден қуат көзін алатын қондырғыларды пайдалану аса тиімді екеніне тоқталды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан». завод-РЗА

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК:

«ҚазАгро» ұлттық холдингі 2015 жылдан бастап агросектордағы шағын және орта бизнесті қолдауға 91,6 миллиард теңгені бағыттады. Бұл – жалпы берілген несиелердің 93 пайызын құрайды және өткен жылдың осы мерзіміндегі деңгейден 1,4 есе көп. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 171 несие серіктестіктерін қаржыландырды. Бұл серіктестіктердің құрамында 11 мың ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші құрылымдар бар. «Алтын Асық» бағдарламасы бойынша 1,2 миллиард теңгеге 114 жоба, «Құлан» бағдарламасы бойынша 4,3 миллиард теңгеге 281 жоба қаржыландырылды. Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес субъектілеріне қаржылай қолдау көрсету жағдайы да жылдан-жылға жақсарып келеді. Осы іспен шұғылданатын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ  ұлттық қордың бірінші траншы есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі субъектілерге 100 миллиард теңгенің қаржылай қолдауын көрсетті. Қаржылай қолдау шарасы еліміздің бүкіл аумағын – 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларын қамтыды. Қаржының негізгі көзі (38,4 пайызы) тағам өнеркәсібіне жұмсалды. Ұлттық қордың екінші траншы есебінен 50 миллиард теңгенің қолдау көмегі жасалды. Шағын және орта кәсіпкерліктің 227 жобасы 40,6 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Сонымен қатар, 48,3 миллиард теңгенің 255 жобасы қаржыландыру үшін мақұлданды. Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес үшін жұмсалған қаржының 45,8 пайызы тағам өнеркәсібіне бағытталды. Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнесті қолдау үшін Ұлттық қордың үшінші траншы есебінен тағы да 50 миллиард теңге жұмсалынды. Бұл қаржының 9,3 миллиард теңгесіне шағын және орта бизнестің 92 жобасы қаржыландырылды. 32,6 миллиард теңгенің 174 жобасын қаржыландыру үшін мақұлданды. Бөлінген қаржының қомақты бөлігі металл емес минералдық өнімдер өндірісіне (бөлінген қаржының 25,5 пайызы) және тағам өнеркәсібіне (бөлінген қаржының 25,3 пайызы) жұмсалды.

Табыстар тарихы

Оңтүстік Қазақстан аяқ киім фабрикасы Түркиядан әріптестер тапты. Жуықта бұл фабрика ерлердің былғары бәтеңкесін шығара бастайтын болады. Мұнан кейін барлық маусымдарға арналған он түрлі аяқ киім шығаруды көздеп отыр. Фабрика ең алдымен жеңіл аяқ киімдер шығару ісін қолға алған еді. Ол рыноктан өз орнын тапты. Енді фабрика одан күрделірек аяқ киімдер шығару ісін қолға алды. Күніне 500 данасын шығаратын болады. Фабрикада басында 18 адам жұмыс істейтін. Енді былғары аяқ киім шығаратын жаңа өндірістік желінің іске қосылуына байланысты тағы да 40 адам жұмысқа тартылатын болады. Фабрика иесі Санжар Тегеновтің жасы бар болғаны 28-де.  Ол Мәскеудің экономика жөніндегі жоғары мектебін Лондон экономикалық мектебінің бағдарламасы бойынша аяқтаған. Бес жыл Дубай­да шағын және орта кәсіпкерлікке арналған жеке бағдарламаны басқарды. Еуропаның басқа қалала­рында да жұмыс істеп ысылды. Сөйтіп, шағын және орта бизнес саласында тәжірибе жинақтаған соң былтырғы жылы осы фабриканы ашты. Қазір мұнда жұмыстар сәтті жолға қойылып келеді. Алғашқы өнім жақсы өтіп жатыр. Сәтін салса, күзде Cott брендімен жаңа аяқ киім пайда болады. Іске сәт дейміз Санжарға.