Толғандырған мәселелерді шешу бойынша бірлескен жоспарлар құрылды. Кездесуге Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары, салалық қауымдастықтар мен энергетикалық компаниялардың басшылары қатысты. Партияның өңірлік филиалдары бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды. Бүгінде ел аумағында энергетика саласында шамамен 100 мың адам еңбек етеді.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов энергетика саласы мемлекеттің орнықты дамуында стратегиялық маңызға ие екенін мәлімдеді. Ол Мемлекет басшысы саланың салдарымен күресуден – жүйелі жаңғырту жұмысына көшу міндетін қойғанын ерекше атап өтті. Осы бағытта кешенді жаңғыртуға, жауапкершілікті күшейтуге және ұзақмерзімді жоспарлауға бетбұрыс жасалды. Соның нәтижесінде бүгінде мемлекет тарапынан саланы реттеу жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп, қордаланған мәселелер шешімін табуда. Бұл іске «AMANAT» партиясы да айрықша атсалысуда.
«Бүгін біз осы салада сіздерді толғандырған негізгі мәселелерді қарастырдық. Энергетика министрі атап өткендей, жағдайды реттеу мақсатында Үкімет тарапынан жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Біз саяси партия ретінде және сіздер кәсіби қауымдастық ретінде бірлесіп, тиімді тепе-теңдік табуымыз керек. Салаға инвестиция тарту, болжамды ережелер қалыптастыру және қаржы қайтарымын қамтамасыз ету үшін түсінікті жағдай жасау қажет. Алайда азаматтардың мүддесі, тариф саясатының әділдігі, әлеуметтік тұрақтылық және жүктеменің артуы ауыртпашылық ететін азаматтарға атаулы қолдау көрсету мәселелері де аса маңызды. Сондықтан сіздердің тараптарыңыздан көтеріліп отырған мәселелердің шешім табуы енді партиямыздың назарында болады», деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Спикері бүгінде энергетика саласына қатысты мемлекеттік саясат жүйелі кезеңге көшкеніне назар аударды. Алғаш рет «Жылу энергетикасы туралы» Заң қабылданды, энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға, сондай-ақ көмір генерациясын дамытуға бағытталған Ұлттық жобалар жүзеге асырылуда. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылды. Тарифтік және инвестициялық саясат қайта қаралды. Нысандардың техникалық жай-күйін қадағалау жұмысы күшейтіліп, жаңа қуат көздері іске қосылып, желілік инфрақұрылым дамуда. Нәтижесінде технологиялық ақаулар саны азайып, қызыл аймақтағы ЖЭО саны қысқарды.
Ерлан Қошанов «AMANAT» фракциясы депутаттары энергетика саласын дамыту ісіне заңнамалық қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыс атқарғанын айрықша атап өтті. Олар энергетика саласындағы жалақыны өңірдегі орташа салалық деңгеймен байланыстыруға заң жүзінде бастамашылық етті. Соның нәтижесінде кейінгі екі жылда сала қызметкерлерінің жалақысы 40%-ға өсті. Бүгінде инвестициялық жобаларға қатысты рәсімдерді жеңілдету және экологиялық келісім алу мерзімдерін оңтайландыру бойынша түзетулер әзірленді. Тұлғалар тобына кіретін компаниялар үшін негізгі жабдықтарға инвестициялық келісімдер жасау мүмкіндігін енгізу ұсынылуда. Сондай-ақ энергиямен жабдықтаушы компаниялардың қызметін лицензиялауды енгізу жоспарланып отыр. Бұл түзетулер кәсіби қауымдастықтың сұранысына жауап ретінде әзірленді. Оларды осы сессия аяқталғанға дейін қабылдау жоспарлануда.
Кездесу барысында қатысушылар саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, ұзақмерзімді әрі болжамды тарифтік саясатты енгізу, қуат көздері мен желілердің әбден ескіруі, ірі жүйеқұраушы энергетикалық жобалар үшін әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері назарға алынды. Сондай-ақ көміртегі квоталарының Ұлттық жоспарын мемлекеттік бағдарламалар аясында іске қосылатын энергетикалық қуаттар көлемімен үйлестіру, кадр мәселесі және өзге де тақырыптар талқыланды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өз баяндамасында дәстүрлі және жаңартылатын энергетиканы қатар дамыта отырып, энергия көздерін арттыру бағытындағы жүйелі шараларға тоқталды. Бүгінде еліміздің энергожүйесінде 245 қуат көзі бар. Оның 166-сы – жасыл энергетика нысандары. 2035 жылға дейінгі энергетика саласын дамыту Жоспары аясында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соған сәйкес, қуатты 26 ГВт-тан асыру көзделіп отыр. Қазіргі жобаларды жүйелі жүзеге асыру қадамы алдағы жылдары экономиканың электр энергиясына деген сұранысын толық өтеуге және тұрақты профицитті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ іс-шара барысында «ОАЭК» АҚ акционері Сергей Кан, «ҚКЖ» ЖШС акционері Дінмұхаммед Ыдырысов, «Қаражыра» АҚ Басқарма Төрағасы Ильяр Низамов, МАЭК БПҰ жетекшісі Анатолий Жданов, Екібастұз МАЭС-1 БПҰ төрағасы Серік Серьянов, Қазақстан Электроэнергетикалық Қауымдастығының Басқарма Төрағасы Талғат Темірханов және өзге де азаматтар сөз сөйледі.
Кездесу соңында энергетикалық компаниялардың бірқатар өкілі «AMANAT» партиясына қосылды. Олардың қатарында «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов, «Шардара СЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Рашид Есхожин, «ГРЭС-2» АҚ Басқарма Төрағасының жалпы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гаухар Нұғманова және өзге де азаматтар бар.
Сонымен қатар энергетика саласының бір топ өкілі саланы және ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін партияның «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды.