Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстіктегі жұмыс сапарының екінші күнін Шымкентте жаңадан ашылған Қаратау ауданындағы «Қазына» этно-тарихи кешенінде жалғастырды. Жалпы аумағы 75 гектарға дейін созылып жатқан кешеннің «Наурыз» алаңында жиналған халықта есеп жоқ. Оңтүстікті жайлаған, Қазақстанды құт мекені санайтын сан алуан этностың өкілдері де осында. Жүздері күндей жайнаған жұрттың қай-қайсы да жүрекжарды сөзін айтқысы келеді.
Медицина ғылымдарының докторы Иманәлі Байдәулетов оның себебін былай түсіндірген: «Қазіргі жұрт бұрынғы балаң шақтан арылған, әркімнің айтағына еріп ауа жайылмайды. Көрші мемлекеттердің де күйін өз көзімен көріп отыр. Еңбекке жарайтын еркектерінің сыртта шығандап, жан бағып жүргенін біледі. Ал қазақ баласының сыртта жүргені жоқ. Өз елінде, өз жерінде бақуатты өмір сүруде. Бұл ненің арқасы. Әуелі Алла, сосын елімізде жүргізіліп келе жатқан сындарлы саясаттың арқасы». Оңтүстікте аса беделді қарияның сөзін қасындағы азаматтар да қызу қолдаған.
Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды көктем мерекесі – Наурызбен құттықтады.
– Сіздердің өңірде мерекелік шаралар негізгі мейрамға дейін тоғыз күн бұрын басталады. Әр күнге мән-маңыз беру және оны ізгі істерге арнау – жақсы бастама. Соның арқасында Наурыз нағыз ізгіліктің мерекесіне айналып келеді. Бұл – басқа өңірлерге үлгі боларлық бастама, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті мемлекеттің білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты мәселелеріне айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
– Бүгін осында көптеген жастар отыр. Біз жастарымыздың жақсы білім алуы үшін жаңа балабақшалар, мектептер, университеттер салудамыз. Облыста «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі біліммен балалардың 70 пайызы қамтылған. Сонымен қатар, ана мен бала өлімінің деңгейі 20 пайызға төмендеді. Әр облыста медицинаны дамыту мәселелеріне зор көңіл бөлудің арқасында қазақстандықтардың орташа өмір жасының ұзақтығы 70-ке жетті. Бұл біздің еліміздің зор табысы әрі дамуының көрсеткіші деп есеп теймін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі дағдарыс құбылыстарына қарамастан, Қазақстан жүйелі дамуын жалғастырып келе жатқанын, бұған өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айғақ екенін атап өтті.
– Оңтүстік Қазақстан облысында бүкіл ел халқының 17 пайызы тұрады. Өңір аумағы арқылы ірі теміржол магистралі өтеді, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі салынды. Әуежай қайта жөнделуде. Осы жылдар ішінде облыс уран өндірісінің әлемдік орталығына айналды. Бүгінде өңірдің кеніштері жаһандық уран өндірісінің 35 пайызын қамтамасыз етіп, бірінші орынды иеленіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Елбасы «Нұр Отан» партиясының таяуда өткен XVI съезінде белгіленген жаңа мақсаттар мен міндеттер туралы еске салып, барлық бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруға шақырды және жиналғандарға табыс пен бақ-береке тіледі.
Шара барысында, сондай-ақ, Ардагерлердің облыстық кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі М.Лимаренко, жастар өкілі Ж.Өсербаев сөз сөйледі.
Салтанатты шара театрландырылған көрініс пен концерттік бағдарламаға ұласты. Мереке қаланың жаңа әкімшілік орталығындағы «Ауылым – алтын бесігім» барельефтік сахнасы мен «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» архитектуралық-декоративтік композицияларын біріктірген «Наурыз» алаңында өтті.
Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» саяси құжатында: «Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді», – деген болатын.
Президенттің осы тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласының аумағы 40 мың га.-дан 117 мың га.-ға ұлғайып, жаңа Қаратау ауданы құрылды. Бүгінде қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде 1600 га. аумақта жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы қарқынды жүруде. Оның құрылысына жалпы 82,1 млрд. теңге, оның ішінде бюджеттен 18,6 млрд. теңге, жекеменшіктен 64 млрд. теңге тартылуда.
«Қазына» этнотарихи кешенінде «Бәйдібек би» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, тарихи-өлкетану мұражайы, Салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығы, А.Асқаров атындағы ипподром бар. Өз алдына сәулеттік ансамбль. «Жайлаукөлдің» жағалауы абаттандырылып, қазақ ауылы шаңырақ көтерген, ұядай болып отыр.
Этносаябақта жаяу жүргіншілер аллеясы бойына өңіріміздегі 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштердің макеттері қойылған. Саябақтың ортасына диаметрі 21 метрлік түрлі-түсті субұрқақ салынып, оны айнала ротондалар орналасқан. «Жайлаукөлдің» айналасындағы демалыс аймағының көлемі 15 гектарды алып жатыр. Көл жағалауына 4 ротонда, қайық стансасы, автокөлік тұрағы салынып, киіз үйлерден тұратын қазақы ауыл орын алған. Жақында этнотарихи кешен аумағында тағы бір монументальды ескерткіш бой көтерді. Бұл туынды Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. Биіктігі 15 метрлік осы монумент қазақ ою-өрнектерімен безендірілген айқасқан қос арканы бедерлейді. Монумент ортасына биіктігі 10 метрлік, ені 8 метрлік пирамида түріндегі композиция қойылған. Пирамиданың қырларына Қазақ хандығының барельефті композициясы, «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Қазақ хандығының 550 жылдығы – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Н.Ә.Назарбаев», «550-летие казахского ханства – это возвеличивание национальной истории и достойная оценка сегодняшних славных высот. Н.А.Назарбаев» деген жазулар бедерленген.
Бұдан кейін Елбасы Шымкент қаласындағы ұлттық теннис орталығында болды. Аумағы 6 гектарды құрайтын нысанда 12 ашық, 4 жабық корт орналасқан. 2009-2012 жылдары 1,3 млрд. теңге қаржыға салынған орталықта 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орталық пайдалануға берілгелі мұнда 14 халықаралық, 4 республикалық турнир өткен. Сондай-ақ, 300-ден астам жасөспірімнің тенниспен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасалған.
Елбасы осында облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев бастаған оңтүстікқазақстандық спортшылармен жүздесті. Кездесу барысында бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов пен ескек есуден Азия ойындарының жеңімпазы Наталья Сергеева спортшылар үшін елімізде жасалып жатқан мемлекеттік қолдауға алғыстарын білдірді.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! 2005 жылдан бері бокстан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғап жүрмін. Осы уақыт аралығында қаншама Азия чемпионаттары, Азия ойындары, әлем чемпионаттары мен жазғы Олимпия ойындары сынды халықаралық деңгейдегі әрбір жарыстарда әрдайым мемлекет қолдауын сезініп жүреміз. Бүгінде қазақстандық спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Өз атымнан және бүкіл оңтүстікқазақстандық спортшылар қауымы атынан біз ел сенімін ақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз дегім келеді, – деді Б.Жақыпов.
Қазақстан Президенті журналистермен жүздесуде халық саны жөнінен алдыңғы қатардағы өңірдің бірі саналатын Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына мемлекеттің зор көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
– Біз Шымкенттің миллионнан асатын тұрғыны бар қалаға айналуы үшін қажетті күш-жігер жұмсап жатырмыз. Қала өсіп, мұнда жаңа орталық салынуда. Өңірдің инфрақұрылымы жақсарып келеді. Облыс арқылы автомобиль жолдары мен теміржол магистральдары, газ құбырлары өтіп жатыр. Бұл жайт бизнестің өркендеуіне, жалпы, бүкіл халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы кешенін басым дамыту ісіне назар аударды.
– Облыстың көкөніс пен жеміс-жидек өндіретін нағыз «фабрикаға» айналуға барлық мүмкіндігі бар. Бұған айтарлықтай қаражат бөлініп жатыр, қазірдің өзінде оның нәтижесі көрінуде. Біз заманауи технологиялар енгізіліп жатқанын көріп отырмыз, соның есебінен өндіріс ұлғаюда. Мәселен, бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару мөлшері 2,5 есе өсті, соның нәтижесінде оның бір бөлігін облыс экспортқа жібере бастады. Бұдан бөлек, мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Осы жұмыстың барлығы жалғасатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биыл еліміз халық бірлігінің, өзара түсіністігі мен толеранттылығының нығаюына септігін тигізетін бірқатар маңызды тарихи оқиғаларды атап өтетініне тоқталды.
Елбасы бұрнағы жылдары шуақты өлкеге жасаған жұмыс сапары барысында: «Оңтүстік – қазақтың қаймағы бұзылмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы, еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Сіздерге әр келген сайын оңтүстікқазақстандықтардың өз өлкесін гүлдендірумен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсумен қатар, өздерінің негізгі түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып жатқанын көремін», – деген еді.
Таңертең алашұбарланып, қорғасын қабағын қарс түйіп тұрған аспан Елбасы «Наурыз» алаңына келгенде шайдай ашылды. Халық мұны да жақсылықтың жоралғысына балаған.
Оңтүстікте облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Наурыз мейрамы үшінші жыл қатарынан тоғыз күн бойы атап өтіліп келеді. Биыл да Ұлыстың ұлы күні мерекесі 14-22 наурыз аралығында «Алас», «Береке», «Жайнау», «Мейірім», «Құрмет», «Шаттық», «Тағзым», «Үйлесім» және «Ұлыс» күндері өз атында айтып тұрғандай ұлттық сипатта өткізілді.
Қазақтың заңғар ұлдарының бірі Қалтай Мұхамеджанов айтқандай, ұлыстың ұйытқысы бола білген Оңтүстік өзінде ештеңе жоқтай өзге елдердің ұлттық мерекесіне, қаңсығына таңсық болып жармасатындарға осылайша өнеге көрсетіп келеді.
Кеше Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл облысына аттанып кетті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.