Фото: Ашық дереккөз
The Boston Globe басылымының мәліметінше, апат 7 мамырда жергілікті уақытпен сағат 15:30 шамасында болған. Bearhawk LSA-8X ұшағы Кейп-Код Гейтвей әуежайына қону кезінде жолаққа тиіп, аударылып кеткен. АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы бұл ақпаратты ресми түрде растады.
Апат кезінде бортта тек ұшқыш болған. Хайаннис өрт сөндіру күзеті лейтенантының айтуынша, құтқарушылар жеткенше ұшқыш ұшақтан өзі шығып үлгерген. Оған оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді, алайда алған жарақаттарының жеңіл болуына байланысты ауруханаға жатқызу қажет болмаған.
Оқиға салдарынан әуежай жұмысы 45 минутқа тоқтатылған. Хайаннис құтқарушылары мен Барнстейбл полициясы жанармайдың ағуын жедел тоқтатып, өрт қаупінің алдын алды. Әуежай әкімшілігі нысанға айтарлықтай материалдық шығын келмегенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта АҚШ-тың Көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық басқармасы апаттың нақты себептерін анықтау үшін тергеу жұмыстарын бастап кетті.
Асылжан ҚҰРМАНҒАЛИ