28 Наурыз, 2015

Кішкене мәселеге қатысты үлкен проблема

362 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жуырда редакциямызға арнайы келген Жанәділ Иманбекұлы өзінің көкейде жүрген біраз ойларымен бөліскен еді. Тәп-тәуір ұсыныс. Нағыз бүгінгі күннің мәселесі деуге болады. Кейіпкеріміздің жеке басының күйін күйттеп емес, халықтың, болашақтың қамын ойлап келіп тұрғаны бізді қуантты. Ағамыздың келелі кеңесіне біз де құлақ түріп, оқырмандарға жеткізуді жөн деп таптық. Жолау­шылар тасымалдау саласына 35 жыл өмірін арнаған жігіт ағасының жүрегі қазақ деп соғып тұр. Тарих, география, әдебиет тақырыбында әжептәуір тұшымды әңгімелер айта біледі. Көңіл көзі ашық, көкірегі ояу. Қоғамда орын алып жатқан  кейбір келеңсіз жәйттерге бейжай қарамайды. Ондай әттеген-айлар жөнделсе, түзелсе дейді. – Автобуста келе жатқанмын. Әдеттегіше, Рахымжан Қошқар­баев аялдамасы хабарланды. Орын­дықта отырған қазақ келін­шектен  жанындағы қызы  орысшалап: «Қошқарбаев деген кім ол?» деп сұрады. Сонда анасы: «Білмеймін, бәлкім қойшы болар», – деді селқос қана. Бұл не деген сұмдық?! Ұлы Отан соғысында алғашқылардың бірі болып, Бер­линде Рейхстаг қабырғасына ту тіккен қандасымыздың кім екенін білмегені ме сонда? Әттең, жетесіне жеткізіп-ақ айтар едім, салон іші тар болмағанда...», – деп күйінеді кейіпкеріміз. Тарихтан белгілі, қаншама боздақтарымыз, алаш ардақ­ты­лары, Отан, ел үшін қасық қанын, шыбын жанын пида етті. Қаншама жалынды жауынгер-батырларымыз, арыстарымыз осы бейбіт күнді, білімді ұрпақ болуымызды аңсады. Сол жолда бар ғұмырын тәрк етті, жан аямай күресті. Әсіресе, Жанәділ ағамыз­дың: «Елордамыздағы қоғам­дық көліктерде динамик хабар­лағыштан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әр көше тарихы туралы  1-2 минуттан мағлұмат берілсе жақсы болар еді, деген сөзі көкейге қонымды. Бір аялдамадан келесі аялдамаға дейін автобус 7-8 минут жүреді ғой. Сонда оны тыңдаған жүргіншілер саналарына тоқып алатыны анық. Өйткені, жолаушылардың дені – жастар. Соның ішінде студенттер, мектеп, колледж оқушылары. Келешек ұрпаққа үлгі-өнеге деген осы.  Кейде автобус кептелісте ұзақ тұрып қалатын жағдайлар болады. Ондай сәттерде жүргізуші информатор динамикті қайта қо­сып, жүргіншілерді  қосымша мәліметтермен ақпараттандырып жатса, қане. Сабын, иіссу сату жайлы  жарнамаларды көліктегі жүгіртпе жолдардан естіп те, көріп те жүрміз. Оның орнына, рухымызды көтерер пайдалы нәрсе болғаны дұрыс емес пе? Және бұл әдіс Қазақстанның басқа да қалаларында жүзеге асса...», – дейді еңбек ардагері. Ескерте кетейік, 2017 жылы Астанаға ЭКСПО қонақтары келеді. Олар бірнеше миллион адам деп айтылуда. Көрмеміз  3-4  айға жалғасады. Сонда келген саяхатшылар алдында біз өзіміздің кім екенімізді білдіруіміз керек қой. Оның бір жолы жоғарыдағыдай әдіс. Хабарлама сөз келген автобуста үш тілде айтылып тұрса, қонақтар қысқа да нұсқа мәлімет алмай ма? Шындығында, кейіпкеріміздің шырылдайтынындай жөні бар. Қазір көшеге шығып, жаяу жүр­гіншілерден аялдама атта­рының мән-мазмұнын сұрап көріңізші, қандай жауап алар екенсіз?! Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, кей адамдарға қойған сауалыңызға өзіңіз ұя­лып, ыңғайсызданып қаласыз. Сондықтан, Жанәділ Айдосовтың ұсынысын қолдап-қуаттауымыз керек. Бұл елорда тұрғындары үшін де үлкен сын болмақ. Әрі бас қала – Астананың да абыройы екенін ұмытпайық. Әңгіме түйіні: осы мақалада көтерілген мәселе бойынша Астана қалалық әкімдігі мен оның жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы нақты іс-шараларды жүзеге асырады деп сенеміз. Біздің қолымызда елордадағы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырмасы бойынша «Руханият» орталығы дайындаған «Астана көшелері» деген үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жазылған  кі­тап тұр. Мұнда  көше атау­лары, тұлғалар, жер-су аттары, тарихи оқиғалар жөнінде қыс­қаша мәліметтер ұсынылған. Айт­­пағымыз, анықтама дайын тұр. Осы кітаптан қала көше­лері мен даңғылдарға қажет мағ­лұматтарды алып пайдалануға әбден болады. Өйткені, адам аттарымен қойылған аялдамалар тіптен көп. Міне, осыларды автобусты жүргізушілер 3 тілде саң­қылдатып тұрып информатор арқылы хабарлап отыруды әдетке айналдырса болды. Астана – Қазақстанның жүрегі. Ол барлық аймақтарға ажар беріп, үлгі болуға тиіс. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,  журналист. АСТАНА.