Ғылым • 21 Мамыр, 2026

Алматыда түркі әлеміне арналған халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады

7 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «I Баку түркология құрылтайының мұрасы және XXI ғасырдағы түркі әлемі» тақырыбында халықаралық симпозиум басталды. Алқалы жиын түркі халықтарының ғылыми және зияткерлік дамуында айрықша орны бар, 1926 жылы өткен құрылтайдың 100 жылдығына арналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда түркі әлеміне арналған халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады

Халықаралық симпозиум Түркі академиясының бастамасымен, ТҮРКСОЙ, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Түрік тілі қоғамы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,  Баку мемлекеттік университетінің бірлесуімен ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жиын қатысушыларына құттықтауын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізді.

«Бұл – тұтас түркі халықтары үшін тарихи маңызы зор басқосу. Осыдан бір ғасыр бұрын Әзербайжан астанасында өткен алқалы жиын бауырлас елдердің біртуар тұлғалары мен ғибратты ғалымдарының басын қосты. Онда тамыры бір туыс халықтардың рухани мұрасына, тілі мен әдебиетіне қатысты келелі мәселелер кеңінен талқыланды. Құрылтайдың түпкі мәні түркі жұртының бірегейлігін сақтау және біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыру болғаны мәлім.

Дүние жүзі түбегейлі өзгерістерге бет бұрған қазіргі заманда да елдеріміздің бірлігін бекемдеп, ықпалдастығын арттыру айрықша маңызды. Бұл – бабалар аманаты, өткеннің өнегесі. Сондықтан, біз мемлекеттеріміздің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығатуға баса мән беріп келеміз. Бүгінгі симпозиум – соның айқын дәлелі. Жиында түркітанудың аясын кеңейте түсетін мазмұнды пікірлер, салмақты ойлар айтылады деп сенемін.

Қазіргі таңда Қазақстанда түркологияға қатысты барлық мәселеге баса назар аударылып жатыр. Атап айтқанда, түркі елдеріне аса қасиетті жерде – Түркістан қаласында Түркі өркениеті орталығы салынады. Мен бұл өте маңызды шешім туралы жақында осы қалада өткен Түркі мемлекеттерінің ең жоғары деңгейдегі басқосуында мәлімдеме жасап, игі жоспарымызды кеңінен жарияладым. Түркі мемлекеттері басшыларымен бірге осы бірегей нысанның іргетасын қалау рәсімін өткіздік. Барлық түркі елдерінің үкіметтері мен қоғамдық ұйымдарын осы аса қажетті жобаға өз үлесін қосуға және белсене қатысуға шақырамын. Бұл іс-қимыл Түркі қауымдастығының шынайы ынтымақтастығының нышаны болмақ», делінген құттықтауда.

Симпозиум жұмысын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев жүргізіп, ХХ ғасырдың басында өткен Баку түркологиялық құрылтайы түркі әлемінің ғылыми ой-пікірін жаңа деңгейге көтерген ұлы тарихи оқиға болғандығын атап өтті.

«Құрылтайда ортақ ғылыми-рухани кеңістігіміздің негізі қаланды, сондай-ақ түркі халықтарының тілі, жазуы, мәдениеті мен ортақ болашағының іргелі мәселесі көтерілді. Түркітану – тек өткен тарихты шежірелеу емес, ортақ болашағымыздың іргетасы. Ғасырлық тарихы бар бұл форум – күллі түркі әлемінің ортақ жадын жаңғыртып, мәдени-рухани тұтастығымызды бекемдейтін бірегей басқосу. Сондықтан бүгінгі симпозиумның күн тәртібіне қойылған мәселелер – бірыңғай әліпби мен тіл саясатынан бастап цифрлық гуманитаристикаға және жасанды интеллекті енгізуге дейін – бүкіл түркі әлемінің болашағы үшін стратегиялық маңызға ие», деді ректор.

Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Түркология құрылтайының тек ғылыми жиын ғана емес, сонымен қатар түркі әлемі зиялыларын ортақ мәдени мұра, ортақ болашақ және бірегейлікті нығайту идеясы төңірегінде біріктірген маңызды тарихи алаң болғанын атап өтті.

«Бүгінде түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде. Түркі әлемінің ортақ ғылыми, мәдени және гуманитарлық кеңістігін нығайтуға ықпал ететін түркология ғылымының рөлі айрықша. Бүгін күллі түркі әлемінің, зиялылары мен ғалымдарының ең үлкен міндеті – құрылтай қатысушыларының мұрасын жаңғыртып, түркі елдерінің дамуы, бірлігі және тұтастығы үшін қызмет ету» деді академия басшысы.

Жиында Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раев баяндама жасап, түркі халықтарының тілі, тарихы, әдебиеті мен мәдениетін жүйелі зерттеу, түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын қорғау, насихаттау және болашақ ұрпаққа жеткізу миссиясына тоқталды.

Құрылтайдың түркі халықтарының тілі, тарихы, әдебиеті мен мәдениетін жүйелі зерттеудің ғылыми негізін қалыптастырып, түркология ғылымының институционалдық дамуына серпін бергендігін Президент жанындағы ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев атап өтіп, «Түркология құрылтайы түркі дүниесінің ғылыми ой-санасында ерекше тарихи кезеңнің басталуына жол ашты. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Түркі өркениеті – адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігі әрі Еуразия кеңістігіндегі тарихи дамудың маңызды тіректерінің бірі». Сондықтан түркі мемлекеттері академиялары арасында ортақ ғылыми консорциумдар құрып, Алтын Орда, Ұлы Жібек жолы және түркі өркениетінің ортақ мұрасын зерттеуге бағытталған пәнаралық жобаларды жүзеге асыру қажет», деді.

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова: «Көне де қастерлі рухани орталықтардың бірі – Баку қаласында өткен  құрылтайдың түркі халықтарының мәдени-ғылыми ықпалдастығын нығайтқан тағдырлы кезең болды», деп атап өтті. Осы ретте Түркі мәдениеті және мұрасы қоры халықаралық беделі жоғары ұйымдармен ынтымақтастығына тоқталып, соңғы екі жылда материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау, зерттеу және халықаралық деңгейде насихаттау бағытында 140-тан астам жобаның жүзеге асқанын жеткізді. Айтуынша, бұл бастамалар барлығы түркі өркениетінің бай мұрасын әлемдік мәдени кеңістікте лайықты танытуға бағытталған маңызды қадамдар.

Халықаралық жиынға Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген белгілі ғалымдар мен халықаралық ұйым басшылары, Түркі мемлекеттері ұйымы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әмреев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, тағы басқа ғалымдар қатысып, бірінші түркология құрылтайының тарихи маңызына қатысты мәселелерді талқылады.  

Алқалы жиында архивтік материалдарға негізделген орыс және түрік тілдерінде жарық көрген «1926 жылғы Баку түркология құрылтайының архивтік құжаттары» таныстырылып, арнайы көрме ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар