28 Наурыз, 2015

100 мың халық қатысты

217 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Биылғы аса жайма-шуақ ауа райы алматы­лықтарға Наурыз мерекесін тамаша атап өтуге қолайлы жағдай туғызды. Айтқандай, басында жыл басын бұрынғыдай Тәуелсіздік алаңында тойлауды тарихи Орталық мәдениет және демалыс саябағына ауыстыру туралы қала әкімдігінің шешіміне кейбір тұрғындар тарапынан түсініспеушілік туындағандай болған-ды. Алайда, Наурыз мейрамын тойлауға арналған мерекелік шараларды Орталық саябаққа ауыс­тыру оңды шешім болғанына мегаполис тұрғындарының көздері жетті. Сонымен, алматылықтар мен шаһар қонақ­тарына Наурыз мейрамының тарихы, дәстүрі мен наным-сенімдері жайлы театрландырылған қойылымдар көрсетілді. Мерекелік шараны кем дегенде 100 мыңнан астам халық тамашалады, деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Ал мерекені қалыптасқан дәстүр бойынша қала басшысы ашып беріп, Наурыз бен наурыз арасында елімізге тыныштық пен татулық, бастаған істердің баянды болуын тілеп: – Наурыз – қашанда халқымыздың бай салт-дәстүрін ұлықтап, өзара ынтымағымыз бен берекелі бірлігімізді нығайта түсетін, ертеден жеткен қасиетті мейрам. Наурыз біздің нағыз жаңа жылымыз болуы керек деп Елбасы атап өткендей, тәуелсіздік алған соң, Наурыз мейрамы қайта жаңғырып, еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп келеді. Бүгінде жалпы, халықтық мерекеге айналған Ұлыстың ұлы күніне біз ел іргесінің тыныштығы мен ілгері дамуының арқасында жеттік. Елдегі тұрақтылық пен тұтастықтың арқасында экономикамыз жыл сайын көтеріліп, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Халықты әлеуметтік қолдау мен инфрақұрылымды дамыту дамылдаған емес. Бұл жұмыстар тұрақты жалғасын табады, – деді Ахметжан Есімов. Алматы қаласының әкімі Наурыз мейрамын тойлауда мемлекеттік меншікке қайтарылған Орталық мәдениет және демалыс саябағы басты алаң атанғанын тілге тиек етті. – Бүгін біз Наурызды алматылықтар үшін айрықша орын алатын саябақта тойлаудамыз. Өткен жылы Орталық мәдениет және демалыс саябағында қайта жөндеу және көріктендіру жұмыстарын жүргіздік. 2 мыңнан астам жасыл желек пен гүлдер отырғыздық. Сондай-ақ, 350 орынға арналған ыңғайлы көлік тұрағын салдық. Саябақты жаңғырту жұмыстары әлі де жал­ғасын табады, – деп атап өтті шаһар басшысы. Мерекелік концертте елге танымал әртістер, түрлі шығармашылық топтар өнер көрсетті. Саябақ аумағында 30-дан астам киіз үй тігіліп, наурыз-көже, бауырсақ және тағы басқа ұлттық тағамдар дайындалып, көне аспаптар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Өнер көрсеткен әртістер еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық биін сахналады. Мерекелік тойлау Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Спартак» стадионында жалғасын тауып, 21.00-де «Көк-Төбе» саябағындағы отшашумен аяқталады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.