28 Наурыз, 2015

Еуропалық тәжірибе енгізілмек

246 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
СанитарАлматы қаласының емханаларында медициналық көмек көрсетудің жаңа түрі қолданылмақшы Алматы қаласында ағымдағы жылдан бастап патронажды қызметті қайта құру мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметін жетілдіру жөніндегі алғашқы жобаны жүзеге асыру жолға қойылмақ. Ол 2015-2017 жылдарға жоспарланған. Бұл жоба Денсаулық сақтау және әлеу­мет­тік даму министрлігі мен ҚР денсаулық сақтау саласына дипломнан кейінгі тәжірибелі мамандарды дайындаудағы үйлестіруші – Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің (ҚазМҮББУ) бас­тамасы. Сондай-ақ, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқар­масы бұл жобаға белсенді қаты­сушылардың бірегейі болып та­былады. Жобаның мақсаты – тіркелген тұрғындарға үздік еуропалық тәжірибе трансфері жолымен алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек көрсету қызметін жетілдіру және патронажды (үйіне барып) жәрдем беру жүйесін тиімді ұйымдастыру. Бүгінде ҚазМҮББУ-і Алматы қаласы денсаулық сақтау бас­қармасымен біріге отырып, №17 және №5 қалалық емханаларда бұл жоба жұмыстарын бастап жіберді. Ынтымақтастық аясында ең алдымен емханалардың кадрлық ресурстарына сараптама жасалады. Сонымен қатар, тіркелген тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көр­сету және патронажды жәрдем берудің жағдайы, қолданыстағы регламенттеуші құжаттардың еуропалық стандартқа сәйкестігі зерттеледі. Бұл жұмысқа ЮНИСЕФ және JAMK университетінен (Финляндия), Данди униве­р­ситетінен (Ұлыбритания), патронажды медбикелер институтынан (Ұлыбритания) шақырылған шетел кеңесшілері көп көмек көрсетуде. Алматы қаласы денсау­лық сақтау басқармасының, Қа­зақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің және шет­елдің беделді медициналық уни­верситеттерінің жетекші мамандарынан құралған сарапшылар тобы үш жыл уақыт ішінде алып шаһардың емханаларында жұмыс жасайды. Мұнда басты көңіл жалпы прак­тикалық дәрігерлер, медбикелер жұмысына, сонымен қатар, пат­ронажды қызметті қайта құру­ға бөлінеді. Еуропа елдерінің тә­жірибесі тұрғындарға тиімді меди­ци­налық көмек көрсетуде негізгі жұмысты атқаратын жалпы практика дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды басты назарда ұстауды көрсетеді. Терапевтік медицина – ол сырқаттың диагностикасы мен дұрыс емделуі ғана емес, сондай-ақ, науқасқа профилактика өлшемдерін үйрету, оларға саламатты өмір салтын ұстануға қатысты тиісті ақпараттарды беру болып табылады. Мұндай алғашқы жоба шең­берінде қалалық емханалардың медицина қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби дамуына арнайы оқу бағдарламалары және дәрігерлер мен медбикелерге жаңа қызметтік нұсқаулық жасалады, бақылау мен мониторинг үшін олардың жұмыстарының сапа индикаторы анықталады. Сонымен бірге, жоба аясында жалпы практикалық дәрігерлер мен медбикелер жұмыс орындарында және ірі шетелдік орталықтар базасында да білімдерін жетілдіре алады. Қорытындысында білімін жетілдірген жалпы прак­тикалық дәрігерлер заманауи талаптарға сай бәсекеге қабілетті, әрі сұранысқа ие маман болып шығады. Ал жетілдірілген ал­ғаш­қы медициналық-санитарлық көмек моделі еліміздің басқа да амбулаторлық-емханалық меке­мелерінде де пайдаланылады. Яғни, жақын уақыттарда елі­міздегі қала­лық емханалар мен аудандық амбулаторияларда үздік еуропалық тәжірибеге сай медициналық қызмет көрсетілетін болады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».