28 Ақпан, 2015

Қоғамдық қабылдау қарымы

227 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
100-590Елбасы Нұр­сұлтан На­зар­баев «Нұр Отан» билеуші пар­тия ретінде әрқа­шанда ха­лық­тың мұң-мұқтажын біліп, жақындығын көр­сетуі керек деп ұдайы айтып келеді. Сондықтан ел Президентінің өткен жылғы Жолдауында айрықша ай­тылған тапсырмасы бойынша мүмкіндіктері шектеулі жандарға қолдау көрсету үшін тақырыптық қабыл­дау ұйымдастырылған болатын. «Нұр Отан» партиясының 16 жыл­дығы қарсаңында қоғамдық қабыл­даулардың жұмысын күшейту мәсе­лелеріне арналған селекторлық отырыс­та партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай деді және «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсыр­масына сәйкес партияның ел тұр­ғындарының түйткілдерін шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті. «241 қоғамдық қабылдау қызметінің арқасында бүкіл ел аумағында халықпен өзара байланыс желісі жолға қойылып, бұл, тіптен, ауылға дейінгі аралықтағы мәселелерді шұғыл шешуге мүмкіндік беруде», — деп айрықша атады ол. A26J5290 Сонымен қатар, Б.Байбек 2014 жылы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен депутаттардың жеке қабылдауларының көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 есе көбейгенін, сөйтіп, 26 мыңға жуықтағанын атап көрсетті. Республикалық қабылдаудағы әрбір 4-ші қабылдау министрлер мен агенттік төрағаларының қатысуымен ұйымдастырылған. Барлық деңгейдегі әкімдер 3 мыңға жуық қабылдау өткізген. «Жалпылай алғанда, былтырғы жылы азаматтардың 85 мың өтінімі қаралды», – деді Б.Байбек. Оның айтуынша, өтініштердің талдама барысы қабылдау барысында көтерілген мәселелердің дені әлеуметтік сипатта екенін көрсеткен. Яғни, адамдар тұрғын үй мен жер телімін бөлу, жұмысқа орналастыру мен жалақының төленбеуі, ипотекалық проблемалар мен шағын бизнестің мәселелері, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының жұмысына арыз-шағымды көп айтатыны белгілі болып отыр. Сонымен бірге, қабылдауға көп жағдайда жасы келгендер, зейнеткерлер, ардагерлер келетіндігі көлденең тартылды. Осы орайда үлкендерге аса ықыласпен көмек көрсетілуі керек екендігін жеткізген партия Төрағасының бірінші орынбасары ең жақсы жобаның бірі «Ардагерлерді ардақтайық»  екендігін назарға салды. «Бір ай бұрын үлкен жиналыс өткізген болатынбыз. Өткен жылы 6000 ардагер мен тың еңбеккерлері есепте болған болса, қазіргі уақытта олардың саны 5000 шамасында ғана қалды. Яғни, біз күн сайын бір майдангерімізді жоғалтудамыз. Сол себепті, біз оларға, олардың туған-туыстарына жоғары деңгейде қолдау көрсетуге міндеттіміз», – деп атап көрсетті Б.Байбек. Бұл тұрғыда ол Ресейде ардагерлерге арналған көптеген сайттардың бар екендігін айта отырып, бізде «Қаһарман.кз» деп аталатын жаңа сайттың ашылып жатқанын, жауынгерлеріміз жөнінде толықтай ақпаратты аталған сайттан алуға болатынын жеткізді. Отырыс барысында «Электронды партия» жобасының іске асырылуының нәтижесінде орталық және жергілікті жерлердегі органдардың бірінші басшыларына халықтың қолжетімділігі артып келе жатқаны да атап көрсетілді. Жеке қабылдаулар бейнеконференциялық байланыс арқылы ұйымдастырылып, қабылдауларға телефон немесе е-партия арқылы  жазылуға болатындығы жөнінде мәлімет берілді. «Аталған функцияның арқасында қашықтағы ауылдардың тұрғындары орталық мемлекеттік органдар басшылары мен Парламент депутаттарынан өз сұрақтарына тұщымды жа­уаптар ала алады. 50 пошта бөлімшесінде электрондық қоғамдық қабылдау пункттері ашылған», – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Бұдан бөлек, партияның дамуы және тұрғындармен жұмыс тиімділігін арттыру үшін ішкі бақылау мен азаматтар өтінімдеріне дер кезінде назар аударту талабы күшейтілгендігі айтылған басқосуда үстіміздегі жылы азаматтарды ең көкейкесті мәселелері бойынша қабылдау тоқсандық негізде жүргізілетіндігі жария етілді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».