Елбасының 2015 жылдың 25 ақпанындағы «Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Ақмола облысы әкімінің өкімімен сайлаушылар тізімін қалыптастыру бойынша облыстық жұмыс тобы құрылды.
Облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Николай Политкин жетекшілік ететін жұмыс тобының алғашқы отырысында сайлауды ұйымшылдықпен өткізуге қатысты маңызды мәселелер қарастырылды. Осы орайда, 2014 жылдан бастап облыста «Мекенжайлық тіркелім», «Жеке тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасымен интегралданған жаңа «Интегро» ақпараттық жүйесі енгізілгенін атап өткіміз келеді. Бұл жүйе сайлаушылар мен сайлау учаскелері бойынша енгізілген ақпараттың 100 пайыздық дәлдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ақмола облыстық әкімдігі мүдделі органдармен бірлесіп (көші-қон полициясы, халыққа қызмет көрсету орталығы, статистика және т.б.), сайлаушылар тізіміне күн сайын нақтылаулар жүргізуде. Бұл шаралар ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін жүргізілетін болады, одан кейін Сайлаушылар тізімінің күнтізбелік жоспарына сәйкес, 5 сәуірге дейін әкімдер тиісті сайлау комиссияларына акт бойынша тізімдерді ұсынатын болады.
Ақмола облысы әкімінің ақпараттық порталында алдағы сайлауға арналған бөлім ашылды, онда сайлаушыларға қатысты барлық ақпараттар берілген және кез келген сайлаушы өзінің тізімде бар-жоғы туралы немесе өз сайлау учаскелерінің орналасқан орны туралы мәліметтер ала алады.
Облыстық БАҚ-тарда сайлауға қатысу, сайлаушылар тізімін тексеру және 828 сайлау учаскесінің шекаралары мен орналасқан орындары туралы Орталық сайлау комиссиясының сайлаушыларға арнаған үндеуі жарияланды.
Сондай-ақ, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов қалалық және аудандық сайлау комиссияларының жетекшілерімен семинар-кеңес өткізді.
Кездесуде облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Геннадий Глухов, комиссия мүшесі Ольга Добычина, облыс әкімдігінің бөлім басшысы Айжан Сақтағанова науқанды ұйымдастыру, сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары, Әкімшілік кодекстегі өзгерістер жөнінде түсінік беріп, сұрақтарға жауап қайтарды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.