28 Ақпан, 2015

Қостанайда азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде жиын өтті

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_0531ҚОСТАНАЙ. 28 ақпан. БҰҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымы («Food Aqriculture Orqanization of  the united nations») Қостанай қаласында «Қазақстан Республикасында генетикалық ресурсты тұрақты басқару және сақтау» тақырыбына семинар өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Семинарға ғалымдар мен осы саладағы шаруашылық басшылары қатысты. Басқосудың мақсаты – адамзаттың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін  малдардың генетикалық ресурсын сақтауға және тиімді пайдалануға халықтың назарын аудару. Мал генетикасын сақтау мәселесі біздің еліміз үшін аса маңызды. Семинарға қатысқан Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Көпмағамбет Елемесов дүние жүзінде ғана емес, Қазақстанда да мал тұқымының кейбір түрлері қалмағанына, санының бұрынғыдан тым азайып кеткеніне назар аударды. Өз сөзінде ол: «Бұрын Қазақстанда қойдың саны – 35 миллион болатын. Қазір 17 миллион. 10 миллион ірі қарадан бүгінде 6 миллионға жетер-жетпес қалды. Қойдың биязы жүнді Бесқарағай тұқымы қазір мүлдем жоқ. Қаракөл тұқымы уақытында 6 миллионнан асқан болатын. Одан қазір 950 мыңдайы ғана қалды. Қостанай облысындағы К.Маркс атындағы шаруашылық секілді бірлі-жарым шаруашылықтарда жылына бір сиырдан 6 мың литр сүт сауылады. Ал Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 2250 литрден аспайды. Медицинаның талабы бойынша әр адам жылына 142 литр сүт ішуі тиіс екен, біздің халықтың санына қарағанда оны өзіміз толық қамтамасыз етуге күшіміз келеді, соған қарамастан сырттан 1 миллион литр сүт сатып алынады», – деп, мал генетикасын сақтау мен жақсартудың маңызы қаншалықты зор екенін айтты. Семинарда лімізде мал өнімін көбейту, жайылымды құнарландыру және оны тиімді пайдалану мәселелері де сөз болды. БҰҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымының жұмысына Қазақстан 2005 жылдан бастап араласып келеді. Қазір осы ұйымның Орта Азиядағы орталығын Қазақстанда ашу жұмысына дайындық жүргізілуде. Ол орталыққа Монғолия мен Қытай да келетін болады. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымның Қазақстан Республикасындағы үйлестірушісі Талғат Қарымсақов осы жөнінде айтып берді. Сондай-ақ, аталған ұйымның Қазақстандағы кеңесшісі Михаил Тамаровский «Ұлттық стратегия мен жоспардың негізгі ережелері» атты баяндама жасап, генетикалық ресурсты сақтаудың әдістемелік жақтарына тоқталды. Осы саладағы тағы басқа білікті мамандар өз ойларын ортаға салып, көтерілген мәселеге қатысты шешімдерін ұсынды. Семинар соңында тиісінше қарар қабылданды. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.